Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұралаң жол

Бұралаң жол

Жұмыс бабымен облыс орталығына барып, ауылға қайтуға жиналғанбыз. Пойызға мініп, купемізге жайғастық. Көпшілік орын болғасын, әркім әрқалай. Жас­тар жағы өздерімен-өздері. Бірі газет парағын ашып тастап, кроссворд шешуге кіріскен. Енді біреулері жан-жақтан сөз қашыра әзілдесіп мәре-сәре. Жолымыз болғанда, біз мінген вагонда жолаушылар тығыз емес екен.
Купенің төменгі полкасына жайғастық. Вокзалдан ұзай бере жолсеріктер билет тексере бастады. Жақын бекеттерге баратын жолаушылар оларға тиын-тебендерін төлеп жатса, кейбірі билеттерін көрсетті. Вагон ішіндегі абыр-сабыр басылған тұста жанымдағы орта бойлы жетпісті алқымдаған ақсақал мені сөзге тартып, жөн сұрасты.
– Інішек, газетте қызмет атқарады екенсің. Қарап отырғанша жол қысқарсын, саған жүрек түкпірінде жүрген бір сырды айтайын. Мүмкін күндердің күнінде кәдеңе жарап қалар, – деді маған назарын бұрып.
– Жарайды, тыңдай отырайық, – деп елең етіп, жасы үлкен ағамызға зейін қойған сыңай таныттым.
– Бұл хикаят желісі жаңағы көз алдымыздан көлбеңдеп өткен жолсеріктерге байланысты, – деп сәл қабағына кірбің ұялаған бейтаныс сапарласым айтар ойын жеткізуге асықты.
...Жарқынбек ағамыз бір әкеден үш ағайынды екен. Үйдің сүт кенжесі – өзі болса, алдында Ақылбек ағасы мен Ажаркүл апасы бар. Бәрі де үйлі-баранды, ел қатарлы ұл-қыз өсіріп тәрбиелеген. Келін түсіріп, қыз ұзатқан.
Апасы – Ажаркүл екеуі Қызылорда қаласына қоныс тепсе, ағасы – Ақылбек ауылдың ауасын жұтып, қара шаңырақтың түтінін түтетуде. Кезінде ауыл шаруашылығы мамандарының қатарында абыройлы еңбек еткен. Бұл күндері көп жылғы еңбегінің зейнетіне бөленген ардақты азаматтардың бірі.
Осы кісінің бір баласы ауыл асып, Алматыға аттанды. Таныс жолдастарының қолдауымен жолсеріктік жұмысқа орналасады. Оның бұл талабына ата-анасы, келіншегі тілекші болып ықылас білдірісті.
Үнемі жол үстінде болып, көпшілікпен араласа жүріп, жұмыс істейтін жолсерік кәсібі оңай емес. Оған екінің бірі шыдай бермейтіні де шындық. Бір жақсысы, айлығы бір отбасын асырауға жетерліктей.
Десе де, отбасылы адамның «Өз үйім – өлең төсегім» дегендей, бала-шағасының жанынан өріп тұрғанындай болмайды ғой. Ауылдағы жұмыссыздық амалсыздан осындай жағдайға итермеледі.
Досан «Алматы – Мәскеу» жүрдек пойызында жолсеріктік қызметін тым тәуір атқарып жүрді. Кезекті жолсапардан кейін келіп, оралып, бала-шағасының жанында болып, аунап-қунап қайтады. Келген сайын балалары мен келіншегіне қоржын толы сыйлықтарын арқалай жетеді.
Арада жыл өте бере отбасындағы мамыражай жылылық пен пәк көңілден шыққан сыйластық бұзыла бастады. Ауылға сағына жететін жігітіміз кейінгі сәттері сапардан оралуды сиретті.
«Ел құлағы – елу» деген. Уақыт өте келе «Досан Алматыдағы бір келіншекпен әуейі болып жүр екен» деген сыпсың сөздер жетті.
Ашуға мінген Ақылбек ақсақал Алатаудың етегіндегі Алматыға жолға шықты. Сұрастыра жүріп, Досанның жұмыс орнын іздеп тапты. Баласымен жолығысып, тілдесті. «Балам, жастықтың желігіне еріп, ақымақ болма. Өзің сүйіп қосылған жан-жарыңа, бауыр етің – үш балаңның ортасына оралсайшы», – деп әкелік ақылын айтты.
«Тыңдалмаса сөз жетім» дегендейін, әке өтініші желге ұшқан қаңбақтың кейпін кешті. Ұнжырғасы түсіп, салы суға кеткен ақсақал ауылға көңілсіз оралды. Әшейінде жүзі жарқын, еңсесі биік жүретін Ақылбек көп күн бойы үйден шықпай, жатып алды. Кемпірі – Күләйдің сүтін молдау қатқан күрең шайына да құлқы болмай қалды. Шаттыққа бөленіп, берекесі тасыған отбасының басына күн тұтылғандай жағымсыз күй кешті.
Ауыл орталығындағы ауруханада мейіркеш болып істейтін келіні – Айна амалсыздан үш айдан кейін аудан орталығында тұратын әке-шешесінің қолына кетті.
Досан болса, ешнәрсе болмағандай Алматыда тұрып жатыр. Уыздай ұйыған шаңырақтың шырқын бұзған жеңіл жүрісті келіншек жолсеріктердің үстінен қарайтын мекемеде беделді есепшінің бірі көрінеді. Досан әлгіге үйленгелі бері ауылға, ата-анасына із салуды мүлде ұмытыпты.
– Ақылбек аға «Қандас бауырың ғой. Сен де барып алдынан өтші. Мүмкін айтқан сөзіңді тыңдап, алжасқанын түсінер» деп қиналды.
«Ағайын – бір өліде, бір тіріде» дегендейін, аға өтінішін жерге тастауды әбес көріп, інімнің артынан баруға тура келді. «Алжаспайтын адам, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Досан бауырым, бала күннен қосылған келіншегің мен алтын сақадай бүлдіршіндеріңнің жүрегін жараламай, өз ортаңа қайтқаның жөн», – деген тілегімді білдірдім.
Досанның қабағынан қар жауып:
– Жоқ. Бара алмаймын. Розаны қимаймын. Маған ренжімеңіз, – деп кесімді жауа­бын айтты.
– Інім, атаң қазақта: «Семіздікті қой көтереді» деген аталы сөз бар. Сол айтқандайын, осы күнгі кейбір жастарымыз қалтасына ақша түсе бастаса, көзінің еті өсіп кететін болды. Жаңағы мен айтып отырған туысымыз да сондайлардың қатарындағы желөкпе жан болып шықты. Сүйген жарын жесір, балаларын тірілей жетім етті. Мұнымыз адамгершілік қасиет деуге тұрмайды, – деп әңгімесін аяқтаған ағам «Шылым шегіп келейін» деп орнынан тұрды...
Мен алға жүйткіген пойыз терезесінен сыртқа көз салдым. Ақшағыл төбелі маңғаз дала дөңгеленіп қалып барады. Жолсерік бола жүріп, бұралаң жолға түскен жас жігіттің жеңіл қылығы жүрегіме аяздай батты.
Сахи ҚАПАР
06 қараша 2018 ж. 1 092 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 61

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930