Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Прогрессивті қоғамның үш тұғыры бар

Прогрессивті қоғамның үш тұғыры бар

Салмақты саясат қағидаттары
Мемлекет басшысы 5 қараша күні «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл – тарихи маңызы бар құжат. Себебі бұрын-соңды елімізде ішкі саясаттың идеологиялық бағыты мен ұйымдастырушылық аясын анықтайтын жүйелі, біртұтас акт болған емес.

Тарихи тұжырымдама
Тұжырымдамалық құжаттың қажет екені біраз уақыттан бері айтылып келді. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында да сарапшылар мен қаты­су­шы­лар осы мәселеге айрықша назар аудар­ды. Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Гүлмира Илеуова, Андрей Чеботарев, Данияр Әшім­баев, Марат Шибұтов және басқалар құжатты әзірлеу уақыт талабы екенін тілге тиек етті.

Мемлекет басшысы бастаманы қолдап, Президент Әкімшілігіне аталған мәселені жан-жақты зерттеп-зерделеуді тапсырды.
Ішкі саясат – мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының басты тірегі. Тәуелсіздік алғалы елімізде әр кезеңде ішкі саясаттың басымдықтарына орай түрлі құжаттар, бағдарламалар қабылданды. Бірақ бұл құжаттарда саланың қағидаттары мен құндылықтары, мақсаттары мен бағыттары біртұтас жүйе ретінде көрсетілмеген еді. Керісінше кейде бір-біріне қайшы келетін нормалар кездесетін. Енді, міне, мемлекеттік деңгейде алғаш рет ішкі саясат ұғымы, оның мақсаттары мен міндеттері, бағыттары жүйелі түрде нақты айқындалып, бекітіліп отыр.
Белгілі сарапшылар мен Ұлттық құрылтай мүшелері, ғылыми қауымдас­тық өкілдері тұжырымдамалық құжат­ты жарты жылдан аса уақыт әзір­леді. Әсіресе Еркін Әбіл, Ерлан Саиров, Айгүл Сәдуақасова, Берік Әбдіғалиұлы, Талғат Қалиев, Қарлығаш Жаманқұлова, Рауан Кенжеханұлы, Нұрбек Матжани, Александр Данилов, Ғазиза Әбішева бастаған азаматтар үлкен еңбек сіңірді.
Бірлескен жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік қағидаттардың, жалпыұлт­тық құндылықтардың, ішкі саясаттың бас­ты бағыттары жүйеленді. Тұжырымдама жүргізіліп отырған қазіргі саясатты біртұтас дүниеге айналдырды. Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланған материалдар оның қоғамда оң қабылданғанын көрсетіп отыр.
Кейінгі жылдары елімізде ауқымды сая­си реформалар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде мемлекеттік ап­па­ратқа жаңа адамдар келе бастады. Мәсе­лен, ауылдық округтердің әкімдері сайлануда. «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы іске қосылды. Жүйеде буын ал­масу үдерісі үздіксіз жүріп жатыр. Сон­дық­тан ішкі саясат тұжырымдамасы мем­лекеттік қызмет жүйесіне өзге салалардан келген басшылардың жаңа буынына көмекші құрал ретінде пайдалы болмақ.
Айрықша атап өтерлігі, құжатта еліміздің жалпыұлттық нышандары бекітілген. Мәселен, шаңырақ – ұлт­тық бірліктің, домбыра – ұлттық музы­калық аспаптың, Абайдың «Қара сөз­дері» ұлттық кітаптың нышаны болып айқындалды. Бұл нышандар елімізге тән ерекшеліктерді тануға, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға ықпал етеді.
Сыншылардың кейбірі «бұл құжатта жаңа идеология неге жоқ?» деген сыңайда пікір айтып жатты. Алайда тұжырымдама әу бастан мұндай мақсатты көздеген жоқ. Оның үстіне біздегі саяси плюрализм, пікір алуандығы жағдайында бұл мүмкін емес. Құжаттың мәні – азаматтарымыз ұстанатын жалпыға ортақ қарапайым нормалар мен құндылықтарды бекіту. Яғни қоғамдық құрылым күрделенген сайын әртүрлі көзқарастағы, әртүрлі ұстанымдағы адамдарды біріктіретін ортақ құндылықтарды айқындау.
Әдетте мұндай құжаттар қабылдан­ған­да ауқымды іс-шаралар жоспары мен бюджеті қомақты арнайы жобалар бірге бекітілетін. Бірақ қазіргі ұста­ным – басқа. Тұжырымдаманы дайын­дауда және бағдарламаны жүзеге асыруда қаржы талап ететін жобалар мен пиар-кампаниялар ұйымдастыру мақ­саты белгіленген жоқ. Құжат ең алдымен, тұжырымдамалық негіз қызметін ат­қарады. Ішкі саясатты жүйелі бас­қаруда анық бағдар, айқын жол сілтеуге бағытталған. Тағы да қайталап айтсақ, мақсат – саладағы жұмысты ортақ негізге жүйелеу. Сондықтан қазір қоғамдық наградалар, мектептегі тәрбие, еңбекқорлық, білім және жасампаздық құндылық­тарын біріздендіру басталып кетті. Бұл жұмыстың барлығы артық шығынсыз әрі формализмсіз атқарылып келеді. Ең алдымен, оның институционалдық негізіне басымдық берілді.

Жаңа құндылықтар жүйесі
Қоғамда жаңа этика мен құндылық­тар жүйесін орнықтыру – бір күнде атқары­латын шаруа емес, бұл кезең-кезеңі­мен жүзеге асырылатын жұмыс. Оған құрғақ ұран, жылтырақ идеологиямен қол жеткізу – бос әурешілік. Бұл жерде жалаң үгіт-насихат тиімсіз. Тіпті кері әсер етуі – ықтимал. Бұл біздің жолымыз емес. Біз жұмыстың өз ырғағымен, өз арнасымен жүргенін қалаймыз. Саяси пікір алуандығы және сөз бостандығы жағдайында ең дұрыс қадам да осы болмақ. Біз жүйелі мемлекеттік саясат арқылы адамдар арасында қоғамдық әдеп мәдениетін дамытуды көздеп отырмыз. Кейінгі уақытта жүргізіліп жатқан жұмысымыздың барлығы осыған саяды.
Айталық, жаңа саясаттың негізгі элементінің бірі ретінде «Заң және тәртіп» қағидаты айқындалды. Бұл – жеке адам мен қоғамдық қауіпсіздіктің ір­гетасы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Заң және тәртіп» мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты болып қала береді. Әлбетте, заңдылықты сақтау – мемлекеттің бірден-бір басты мін­деті. Бірақ қоғамның қолдауынсыз бұл істе нақты нәтижеге қол жеткізу қиын. Сол үшін қоғамда қандай да бір құқық бұзушылыққа, агрессия мен зор­лық-зомбылыққа қарсы иммунитет қалып­тастыру маңызды. Әрине, бұл бір күнде нәтиже бермейді. Дегенмен мемлекетіміз ұстанған «Заң және тәртіп» қағидаты қазірдің өзінде қоғамдағы оң өзгерістерге ықпал етіп отыр. Кейінгі бес жылда қылмыстық құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі 80 пайызға қысқарды. Заңға бағыну мәдениетін орнықтыру қоғамды жаңа сапалық деңгейге көтереді.
Жаңа қоғамдық этиканы қалып­тас­тыруда «Таза Қазақстан» жобасының маңызы зор. Бірден айтайық, бұл – бір сәттік экологиялық акция емес. Оның мәні – қоғамда тазалық мәде­ние­тін қалыптастыру, табиғатқа жан­ашыр­лықпен қарау, вандализмге қарсы күрес, жауапкершілікті арттыру. Тәртіп табалдырықтан басталады. Әркім үйде де, аула мен көшеде де тазалық сақта­са, тәртіп орнайды. Тәртіпті сақтау, тазалықты ұстану саналы түрде жасалатын дағдыға ұласқаны абзал. «Таза Қазақстан» жобасының ел азаматтары тара­пынан үлкен қолдауға ие болуы жұ­мыстың дұрыс арнада жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Кез келген институционалдық реформа, қоғамдық өзгеріс алдымен адам­дарға бағытталады. Адамдардың санасы өзгермей, бірде-бір реформа жемісін бермек емес. Ал санаға сәуле түсіретін ортаның бірі – мектеп. Сондықтан құжатта өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше назар аударылған. Орта білім жүйесіне енгізілген «Адал азамат» бағдарламасы да қоғамдық құндылықтарды орнықтыруды көздейді. Бағдарлама «мемлекет – мектеп – ата-ана» үш тағанын ортақ мақсат жолында ұштастырады. Мұндай қадам нашақорлықтың, лудоманияның, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алады әрі жасампаз құндылықтарды орнықтыруға негіз болады. Қазіргі уақыт­та бағдарламаның тиімділігіне сараптама жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта оны балабақшалар мен колледждерге де енгізу ісі қолға алынады.
Мемлекет басшысы бір сөзінде «Адал еңбек пен жауапкершілік – жаңа қоғамдық этиканың өзегі» деген болатын. Аталған құндылықтарды ілгерілету мақсатында 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан инженерлерге, құрылысшыларға, ғалымдарға, шахтерлерге және басқа да мамандық иелеріне арналған тоғыз атақ қосылды. Елімізде 74 кәсіби мереке аталып өтіледі. Соның ішінде Еңбек күнінің орны бөлек. Жыл сайын еңбек озаттары мен еңбек әулеттерінің өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталады. Бұл қадамның бәрі қоғамда еңбекқорлықты дәріптеуге, оны жаңа құндылық ретінде орнықтыруға бағытталған.
Жалпыхалықтық құндылықтарды қорғау да – маңызды бағыттың бірі. Өйт­кені қоғамда шетелдің мәдени модельдері мен мінез-құлық нормаларын орнықтыру әрекеттеріне қатысты алаңдаушылық бар. Мемлекет бұған бейжай қарай алмайды. Сондықтан дәстүрлі құндылықтарды қорғау шараларын күшейтуге ниетті.
Республика күні мен Тәуелсіздік күнін, Наурыз бен Жаңа жылды, Ораза айт пен Құрбан айтты, Рождество мен Пасханы, Қазақстан халқының бірлігі күнін, Халық­аралық әйелдер күнін кеңінен мерекелеу құндылықтарды қадірлеудің жарқын мысалы бола алады. Кейінгі жылдары Ұлттық рәміздер күнін, Отбасы күнін, Ұлттық кітап күнін, Ұлттық домбыра күнін мерекелеу жалпыхалықтық сипат ала бастады.
Болашақта бұлардың қатары көбеюі мүмкін. Айталық, көптеген мемлекетте Көршілер күнін атап өту дәстүрі кең та­ралған. Ал көршілермен тату-тәтті, бір­лік пен берекеде ғұмыр кешу – біздің қоғамға ерекше тән қасиет. Хал­қы­мыздың, өмір салтымыздың айнымас қағидасы десек қателеспейміз. Мұн­дай қадамдар қоғамдағы ынтымақты, достықты, тұтастықты одан әрі нығайта түсері анық.
Президентіміз айтқандай, «прогрес­сив­ті қоғамның үш тұғыры бар, олар – білім, ғылым және мәдениет». Жаңа құндылықтар жүйесін орнықтыру осы үш тұғырға арқа сүйеуі керек.
27 қараша 2025 ж. 113 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930