ҚР медиацияны насихаттау: қоғамдағы дауларды өркениетті шешудің жолы
Бүгінгі жаһандану дәуірінде қоғам дамуының басты талаптарының бірі – даулы мәселелерді өткір қақтығысқа жеткізбей, мәмілеге келу мәдениетін қалыптастыру. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасында медиация институтының маңызы жыл сайын артып келеді. Медиация – тараптардың өзара келісімге келуіне, түсіністік пен сенімді қайта орнатуына бағытталған баламалы дау шешу әдісі. Ол сот жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, қоғамда бейбітшілік пен құқықтық мәдениетті нығайтады.Медиацияда басты тұлға – медиатор. Ол тараптардың мүдделерін ескеріп, келісімге келуіне жол көрсетеді.
Қандай да бір дау — ол тек құқықтық мәселе емес, адамдық қарым-қатынасқа тікелей әсер ететін психологиялық құбылыс. Сондықтан медиация жанжалдан кейінгі сенім мен түсіністі сақтаудың тиімді құралы ретінде қарастырылады.
Қазақстанда медиация 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» Заң негізінде дамып келеді. Заң медиацияның қағидаларын, медиатордың құқықтары мен міндеттерін айқындап, оның қолданылу салаларын нақтылаған. Бүгінде медиация қылмыстық, азаматтық, отбасы және еңбек дауларында белсенді қолданылып келеді.
Халықты ақпараттандыру науқандары жүргізілуде;
Медиация орталықтары мен кабинет саны артып келеді;
Медиаторларды кәсіби оқыту және сертификаттау жүйесі енгізілген;
Сот-медиация институты кеңейіп, міндетті түрде медиациялық рәсімнен өту ұсынылуда.
Бұл шаралар медиация мәдениетін қоғамда орнықтыруға ықпал етеді.
Қоғамда медиация туралы түсінік әлі де толық қалыптаса қойған жоқ. Көпшілік дауларды тек сот арқылы шешу тиімді деген көзқарасты ұстанады. Осыған орай медиацияны насихаттау – құқықтық мәдениет пен азаматтық сананы көтерудің маңызды бағыты.
Медиация – қоғамдағы тұрақтылық пен келісім мәдениетін қалыптастыратын маңызды механизм. Қазақстанда бұл институттың әлеуеті зор, тек оны кеңінен насихаттап, халықтың құқықтық сауатын арттыру қажет. Дауды күшпен емес, ақылмен, түсіністікпен шешу – өркениетті қоғамның белгісі.
Қазақстан үшін медиацияны дамыту – болашаққа бағытталған бейбіт қадам.
Қазалы аудандық сотының баспасөз қызметі














