Балық – береке бастауы, молшылық кепілі
Қазақ халқында “Өзен жағалағанның өзегі талмайды” деген даналық тәмсіл бар. Бүгіндері бұл кәсіп көзін дөңгелеткендер арасында өзен-көлдерді жағалап, балық аулаумен айналысатын қазалылықтар да баршылық.
Аудан бойынша жергілікті маңыздағы 19 балық өсіруге арналған су айдыны және учаскесі бар. Балық өнімдерін ұқсататын 2 зауыт жұмыс істейді. Аталған сала мамандарының айтуынша, су маржанын сүзуге сәуір мен маусым аралығы және қыркүйек пен қазан айының бірінші жартысы ыңғайлы. Балықтың уылдырық шашар кезі су жылыған маусым-шілде айларына тұспа-тұс келеді. Өзендер арнасынан асқан жағдайда жайылма суларға да ұрық тастайды. Бұл кезде балық ауланбайды. Осы өндірістің өзегін арнайы зерттеушілердің деректері бойынша 1930 жылдары Аралда көктем мен күзде құрма, тоспа аулар арқылы бекіре мен аққайран, сазан, торта, шортан, көксерке, ақмарқа, жайын ауланған. Қаяз бен бекіреге ақан аулар қолданылған. Сүзгі аулармен өзен суларынан ұсақ қаяз, тісті және ақмарқа ұсталынған. Мұны кәнігі балықшы Жақсылық Ділжанов та қоштап отыр. Оның осы кәсіппен айналысқанына 42 жыл болыпты. Ол бала кезден әкесінің ізіне еріп, су маржанын ұстаудың әдіс-тәсілдерін көкейіне түйіп өскен. Бұл күндері Жәкеңнің ұлдары атадан жалғасқан кәсіпті тым тәуір меңгеріп алған. Иеліктеріндегі 3 моторлы қайықты қыстай теңізге ау құруға пайдаланады.
– Қайықтарды Ресейден әкелеміз. Негізінен балық аулауға көбіне жылым саламыз. Сосын Қытайдан тапсырыспен әкелінген капрон жіпті тор ауды қолданамыз. Қазір ауға бұрын жойылып кеткен қылыш балығы да түседі. Сонымен бірге жайын, сазан, торта, табан, көксерке, ақмарқа аулаймыз.
“Балықшы күнде арманда” дегендей таң атқанда жайған торымызға балық түспей қалатын күндер кездеседі. Кейде мол несібеге кенелеміз. Дауыл болар алдында бір күн бұрын құрал-жабдықтарымызды теңізге құрып кетеміз. Өйткені су ішіндегі балықтар жел тұрған күні ыққа қарай жаппай қозғала бастайды. Осылайша ертеңіне тыпырлаған су маржандарын сүзіп аламыз. Сосын мұз кетіп жатқанда көп түсім болады, – дейді “СПК Қызылорда балық” серіктестігінде еңбек ететін Жақсылық Ділжанов.
Ауданда «Игіліков Т» шаруа қожалығы 2006 жылдан бастап балық шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Олар осы күнге дейін жеткізілген балықты қатырып, мұздатылған күйде саудалап, кәсібін ілгерілеткен еді. Қазіргі таңда цех ғимараты кеңейтіліп, заманауи құрал-жабдықтар алғаннан кейін өнімді өңдей бастады. Жоғары сұранысқа ие зауыттың басшысы Төребек Игіліков алдағы уақытта мемлекеттік грант арқылы шабақ өсіріп, оны көбейтумен айналысуды жоспарлап отыр. Оның пайымдауынша, шабақтар 1,5-2 жылда халық кәдесіне асады, олардың құны базардағыдан тым қымбат та болмауы мүмкін. Бұл игілікті кәсіптің алға өрлеуіне біраз септігін тигізеді.
Бекарыстан би ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Нұрболат Еңсебалиев те бұл істің берекесін көрген жандардың бірі. Нұрболат 2005 жылдан бері ауылдан 7 шақырым қашықтықта орналасқан “Қотанкөлді” жалға алған. Шаруаны жолға қою үшін қазір қарамағында тұрақты балықшылар болмағанымен маусымдық уақытта 15-20 адамды жұмысқа тартады екен. Отбасылық кәсіпті негізінен 4 жұмысшы атқаруда. Әрқайсысы жүктелген міндет бойынша көлдің тазалығы мен ластанбауын қадағалап, браконьерлердің заңсыз әрекет жасамауын бақылайды.
“Бірнеше күн ау мен қармақ салуға рұқсат сұрағандарға келісімімді беремін. Заңдылыққа сәйкес мамыр айынан маусым айына дейін жаппай уылдырық шаша бастауына байланысты балық аулауға тыйым салынады. “Қотанкөлде” балықтың жиырмаға жуық түрі кездеседі. Жыл сайын көлден алынатын өнім мөлшері аз деп айта алмаймын. Мезгілінде адам бойындай ірі жайын ұстағанбыз. Тек соңғы кездері су түбін қалың шалаң басып барады. Сол балық аулауға кедергі келтіреді. Оның жолдарын іздестіріп жатырмыз, алайда нақты шешімі табылар емес”, – дейді Нұрболат.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА