Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ибалылық – имандылық белгісі

Ибалылық – имандылық белгісі

Құла дүзде құландай еркін жортып, салт-дәстүрін қастерлеген қазақ әдепке қалай қырын қарамағаны әмбеге аян. «Ағаң келсе – ардақтап атын байлағандай, қонағың келсе – құрметтеп, көңілін жайлағандай» дейтін ибалылықтың астарында сол әдептің әсері жатыр. Атадан өсиет, анадан қасиет сіңірген дана халқымыз тағы да «Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені, шын достықтың белгісі – көп кешікпей келгені. Әдептілік ар-ұят – адамдықтың белгісі, тұрпайы мінез, тағы жат – надандықтың белгісі» дегенді де айтқан.

Бала күнімізде аталардың қисса-дастанын көп естуші едік. Сондағы өнеге өрімі жадымда сақталыпты.
Бір жігіт әйелі құлақ етін жей бергеннен кейін әкесін қапқа салып, алыс тауға апарып тастайды. Әкесіне: “Кешір, жағдай осындай болып қалды. Сені үйдегілер жақтырмай жатыр. Ал мен балаларымды қайтіп тастаймын” – дейді. Әкесі оның халін түсініп: “Ешнәрсе етпейді, балам, бара ғой, тек мына қапты ала кет” – деп қапты ұсынады. Баласы: “Ой, жарықтық, мұның маған керегі не?” – дейді. Әкесі: “Е, ұлым, сен қартайып, балаларыңа керегің болмай қалғанда осы қаппен сені де осында жеткізеді” – деген екен.
Міне, бақсақ әдептің өзі тәрбие. Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді. Рас дүние. Шындық сөз. Ақиқат айтылмаса адам адасады.
«Тегінде адам баласы адам баласынан, ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген ұлы Абайдың сөзі бүгінде өте өзекті. Жер-дүниеде жаһандану жаңғырып тұрған уақытта қазақ баласының көштен қалмай, білім биігіне көтеріліп, ғылым кәусәрінен қанып ішіп, жеті жұрттың тілін біліп, төске өрлеуі өте маңызды.
Би-шешенінің әділдігі қара қылды қақ жарған, қойын-қонышы қасиетке, төбе-қыраты өсиетке толы Қазалы халқының қонақжайлылығы көпке мәлім. Қырмызы қызы ибалы, қырандай ұлы иманды екендігі тағы рас. Қуанарлығы, сол үлгілі үрдіс бүгінгі таңда да өз жалғасын тауып келеді. Оны зор сеніммен айтуға толық негіз бар. Иә, ер азамат мойнына жауапкершілік жүктеген соң оны адал атқаруға тиіс. Жүректе жаны, бойында қаны бар әрбір мемлекеттік қызметкер ел-жұрттың үмітін ақтауға, мемлекет мүддесін қорғауға міндетті.
Бұған дейін халықтың қордаланған мәселесіне нүкте қояр тұс сот болса, бұл күндері жергілікті жерлердегі әдеп жөніндегі уәкілге жүгінетіндер көбейе түскені көңіл қуантады.
Осының айғағындай, бүгінгі күнге дейін өзекті мәселелер бойынша 30 жеке тұлғамен түрлі сұрақтар бойынша қабылдау өткізіліп, оның 15-і қанағаттандырылды. Ал, 16 азаматқа заңнамаларға сәйкес түсіндірме жүргізілді. Оның ішінде, 5 азаматты қабылдаудағы өтініш-тілек елді мекендерге жұмыс сапары барысында орын алды.
«Қайрат етер кезіңде жүк көтерер нардай бол» депті Бауыржан Момышұлы. Жігерді жанып, жауһар ойды жағып, бойға рух сыйлаған асыл сөзді батыр бекер айтпағаны анық. Ел сеніп тапсырған ардақты міндетіміз халықтың кәдесіне жараса, біздің бармақтай бағымыздың жанғаны, аяулы арманымыздың орындалғаны емес пе?!
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қазыналы Қазалы топырағында әдеп жөніндегі уәкіл ретінде қызмет жасағаныма біршама уақыт болды. Осынау аралықта алдымызға дауласып, ағайын басы араздасып, басшысына қырғи қабақ болып келген қызметкерлердің некен-саяқ екендігін көңілге тоқ санаймыз.
Жалпы, «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деген сөздің жаны бар. Осы орайда, қызметке енді орналасқан, халықпен жұмыс жасауда тәжірибесі жоқ қызметкерлерге әрдайым сыпайы, ізетті болуын айту басты міндетіме айналған. Бөлтірік шешеннің «Не сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең сара сөзің шала болады, арты жала болады» деген ұлағатты сөзін оларға ұқтырып келеміз.
Қоғамның өзегіне түскен дерттің үлкені – сыбайлас жемқорлық болып тұрғаны жасырын емес. Таланттың жолына тұсау салып, білімдінің берекетін кетірген жемқорлықтың алдын алу бағытында Қазалы ауданында түрлі шаралар, дөңгелек үстелдер өткізіліп келеді. Құзырлы орынның тұтқасын ұстаған әрбір басшыға, мемлекеттік қызметкерлерге жемқорлықтың түбі жақсылыққа соқпайтынын, «әр асқанға – бір тосқанның» болатынын ескертудеміз. Ел алдында кінә, Тәңір алдында күнә екенін, күндердің күнінде жасаған істің барлығының таразыға тартылатынын, түптің түбінде судың да сұрауы болатынын жағымыз талмай, жетер жеріне жеткізіп айтудамыз.
Бүгінгі күнге дейін Әдеп кодексі және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларында Қазақстан Республикасының заңнамаларын сақтау бойынша 13 мәрте түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Оның ішінде, 7 дәріс және семинар өткі­зілсе, бұқаралық ақпарат құралдарында 3, интернет-ресурстарда 3 мақала жарияланды.
Баспа және электронды ақпарат құрал­дарында қызметшілерге қатысты сыни немесе жағымсыз материалдардың жариялан­бауы мемлекеттік қызметшілермен атқарылған шаралардың нәтижесі деп білемін.
Сонымен бірге жыл ішінде өткізілетін шаралар мен ақпараттық-насихаттық жұмыс­тардың саны мен сапасын арттырып, жел­тоқсан айына қызметтік әдеп норма­ларының жағдайы туралы аудандық конференция өткізу көзделуде.
Алдымызға қойылған міндеттер мен ұзақ мерзімді жоспарларымыз арқылы мем­лекеттік қызметшілердің халыққа сапалы қызмет жасауына және мемлекеттік саясат­тың жемісті болуына қол жеткізетін боламыз.
Ұзақ мерзімді жоспарлауда жарты­жылдық сайын мемлекеттік қызметшілерден алынатын сауалнама қорытындысымен мем­лекеттік қызметшілер тарапынан берілген ұсыныс-пікірлер ескеріліп, мемлекеттік органдардағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне сараптама жасалып келеді.
Атап айтқанда, 2017 жылы 2 мәрте, 2018 жылы 1 рет сауалнама жүргізілді.
Сауалнамаға қатысқан «Б» корпусының 196 мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жауаптарын талдау нәтижесінде қызмет­шілердің 98 процент ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жоғары дең­гейде екендігін, өздерінің басшыларына сенетіндігін және олардың жаңадан қабылданған қызметшілерге қолдау білідіріп, өздеріне жәрдем көрсететіндігін атап өткен.
Елбасының «Бұл заман білекке сене­тін емес, білімге сенетін заман» деген сөзін тәрбиелі әрі тағылымды тәмсіл деп есептеймін. Өмірдегі көрген-түйгенін ұрпа­ғына өсиет қылып қалдырған қазекеңнің «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген тамаша даналығы бар. Ортақ мүддеге, игі іске көп болып жұмылсақ алынбайтын асу, бағындармайтын белесіміз болмайтыны мәлім. Олай болса, ынтымақ-бірлігімізге, әдеп-ибамызға сызат түспесе екен. Әдеп бар жерде әдемілік те, әсерлілік те, әрекет те бар. Ең бастысы, әдепті ұстанған әлем боямасыз, күйесіз келеді. Біздің бағдарымыз ел сенімін ақтап, мемлекет мүддесін қорғап, қызметші арына дақ түсірмеу екенін дәйім ескере жүрейік.
Әлімжан ЖАРЫЛҚАҒАНОВ,
Қазалы ауданы әкімінің орынбасары,
Әдеп жөніндегі уәкіл

02 ақпан 2019 ж. 1 357 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031