Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Намысты қайраған «Наурызнама»

Намысты қайраған «Наурызнама»

Қазақтың ұлттық ойындарының терең тәрбиелік, әскери-спорттық, салт-дәстүрлік, өзара қарым-қатынастық және көркем-эстетикалық сипаты бар. Ұлттық ойындар дене шынықтыру, жастардың ақыл-ой қабілетін арттыру сияқты міндеттер атқарған.
Жалпы, қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Яғни, аңға, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Олардың негізгілерінің өзі жүзден астам.
Ал әз-Наурызда ойналатын ойындарды қазақ «Наурызнама» деп атаған. Екi аптаға дейiн созылатын Наурыз тойында «Көкпар», «Арқан тартыс», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Қыз қуу», «Ақ сүйек» ойнаған. Айлы түндi саз бен әуенге бөлеп, «Алтыбақан» тепкен.
Көкпар – көкпарда «Дода және жеке тартыс» аталатын екі түрлі әдіс қазақ арасында көп қолданылады. Екеуінде де ат пен жігіт сынға түседі. Қазір көп жерде дода тартыс қана ойналып жүр.
Жеке тартыс әдісі ұмытылған не іске қосылмаған. Көкпардың бұл түрі көрерменді қызыққа бөлейді. Оның шарты бойынша қарсылыстар өз тобынан екі-екіден тартыскерлер шығарады. Сайланған төрт жігіт өздерінің қайрат-күшін елге танытады. Тартылатын серкені бір бала өңгеріп алып, алдын ала сарапшылар белгілеген бір жарым шақырымдай жерге апарып тастайды. Тартысқа шыққан жігіттер серкеге барғаннан кейін таласа-тармаса тұрып, жерден іліп алу амалын жасайды. Қайсысы бұрын іліп алса, тақымына басып, қарсыласына ырық бермеуге тырысады. Ол да жармасып, бос сирақты тақымға басып, тартыса бастайды. Серіктері жолдастарын жебейді. Қайсысы көкпарды жұлып алса, серігіне береді. Ол топқа қарай ала қашады. Қарсыласы қуалайды. Жетіп ұстаса, қайта тартысады. Сөйте-сөйте көрерменге жақындайды. Осы арада көкпарды жұлып алған жігіт тез қимылдап, қарсылас топқа апарып тастайды.
Ал аты ұшқыр, жүйрік жігіттер түптегі тартыста-ақ лақ қолына тисе, жеткізбей кетуі мүмкін. Көкпар тартуға араласа алмайтын қарттар, балалар көкпаршы жігіттердің осы ойынынан ләззат алады. Жүйрік атпен мықты жігіттің қайратына сүйсінеді. Біраздан кейін серкенің терісі жыртылып, сүйегі сөгіле бастайды да, ел жапа-тармағай тартысқа кіріседі. Бұл дода деп аталады. Мұнда да мықты жігіттермен жақсы ат көзге түседі. Мықты жігіттер жүйрік атты жігіттерге топтан көкпарды шығарып береді. Олар ала қашып, ерекше бір жақсылығы бар үйге апарып тастайды. Салт бойынша ол үй жаңа көкпар береді. Осыдан арғы көкпардың бәрі дода әдісімен өтеді.
Аударыспақ – салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш шабатын жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырған. Аударыспақ қазіргі кезде де шопандар тойында, мерекелерде спорт ойынның бір түрі ретінде көрсетіліп жүр.
Қыз қуу ойыны бір тегіс, жұмсақ топырақты жазық жерде өткізіледі. Мәренің қашықтығы 300 метрдей, ені 30-40 метрдей жер болуы шарт екен. Ойын өтетін алаңнан қарама-қарсы жағында, бұрылыста жалауша қадалған бақылау пункті болады. Қызбен жігіттен екі-екіден жұптар жасақталады. Сөре желісінде қыз жігіттен 15 метрдей алда тұрады. Төрешінің белгісі бойынша ойыншылар бір мезетте сөреден шаба жөнеледі. Шарт бойынша қыз бұрылысқа бірінші болып жетуі керек. Егер жігіт бұрылысқа дейін қызды қуып жетсе, жеңімпаз ретінде қызды құшақтап, сүюге міндетті. Ал жігіт оған үлгермей қалса, бұрылыстан қайта шапқанда қыз көрермендердің гулеп қостауы үстінде шабандоз жігітті қамшының астына алады. Екеуі де осы жарыс үстінде өздерінің тапқырлығын, сынаптай сырғыған ептілікті, шабандоздық шеберлікті таныта білулері керек. Міне, осындай ойындар арқылы көрермендер де, қатысушылар да рухани бір сергіп, демалып қалатын болған.
Этнограф – ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабалардан бізге жеткен ұлттық ойындардың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады. Ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерінен бастау алады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.

19 наурыз 2018 ж. 2 810 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031