Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қағаздан бейне жасаушы

Қағаздан бейне жасаушы

Қазалыда дарынымен, ерекше өнерімен дүйім жұртты өзіне елітіп алатын қасиетті жандар көптеп кездеседі. Соның бірі Ақниет Оңғарұлы десек артық айтқанымыз емес. Ол Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде небәрі үшінші сыныпта оқиды. Дегенмен «болар бала жасынан» деп бекер айтылмаса керек. Зерек шәкірт келешекте ғалым болуға ниеті бар екенін жеткізді.

Анасының айтуы бойынша, Ақниет сәби кезден шығармашылыққа жақындығын байқатып, екі жасынан сурет салуға құмар болған. Кейін үлкейе келе тартымды бейнелер сала бастапты. Сабақ үлгерімі өте жақсы, үздіктер қатарында екен. Соңғы уақыттары оригами құрастыруды сүйікті хоббиіне айналдырған. Жапонша оның мағынасы “бүктелген қағаз” дегенді білдіреді-мыс. Ежелден келе жатқан қағаздан әр түрлі пішіндер жасау өнері. Ешқандай көмекші құралдарсыз бір қағазды неше түрлі пішінде жинауды Ақниет тұңғыш рет алты жасында ағасы Беріктен үйренген болатын. Одан соң әкесі де қағаздан жасалған бейнелер арқылы ертегі айтып, оның қызығушылығын арттыра түскен. Алғашында дарынды бала жұмбақ жасырылған бүктемелі кітапша дайындауға ден қойса, кейіннен ғаламтор арқылы қилы дүниелер жасап шығаруды әдетке айналдырған. Бүгінде өз ойынан құрастырылған мультфильмдегі кейіпкерлер бөлмесінде жинаулы тұр. Оның қатарында «Ну, погоди!» мультфильміндегі қасқыр мен қоян, Том мен Джери, Спайк, тағы басқа да шығармашылық бейнелеріне бала қиялымен жан бітірген.

«Әрбір ата-ана баланың ой-қиялы, шығармашылық белсенділігі және эстетикалық талғамының артуы үшін жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл тұжырымды жұбайым Оңғар Бақытжанұлымен отбасында мықтап ұстануға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Балаларды жастайынан еңбекке баулуға тырысамыз. Ол үшін ең әуелі өзіміз үлгі болып, үй шаруасына бірге араласамыз. Негізгі мамандығым бастауыш сынып мұғалімі. Сондықтан жұмысымда да, үйде де балалардың еркіндігін шектемеймін. Қайта олардың ашылып, қабілеттерінің дамуына демеу беремін» – дейді анасы Лəззат.

Ақжарқын мінезді Ақниет бір-жар сағаттың ішінде бойында бірнеше өнердің тұнып тұрғанын көрсетті. Көз ілеспес шапшаң қимылдайтын сүйріктей саусақтарымен А4 форматындағы түрлі-түсті қағаздан көңілің қалаған құс-жануарды құрастырып үлгереді. Барлық дайындаған туындыларын жеке-жеке таныстырып шықты. Өлең де шығаратын көрінеді. Тәтесіне, әншілерге арнаған өлең шумақтарын нақышына келтіріп оқып берді. Ән айтып, домбыра тартуға да қызығушылығы бар екенін жасырмады. Бар-жоғы он минуттың ішінде суретімді де салды. Ғалым болумен қатар, сурет салу, сәулетшілік, зергерлік өнердің қыр-сырына қаныққысы келеді екен. Анасының сабақ жүргізу кестесіне орай көрнекілік бейнелер жасап қолғабыс береді. Өзіне арналған бөлмені шеберхана ретінде тұтынатынын жеткізді. Сабағына дайындалып болған соң тапжылмай түрлі-түсті қағаздардан ойындағы сүйікті бейнелерін жасап алып-ұшқан көңілін басады. Кейбірін ғаламтордан қарап дайындаса, енді бірін өз үлгісі бойынша жасайды. Мектепішілік қоғамдық жұмыстар мен жарыстарға белсене қатысады. М.Әлімбаевқа арнаған жыр кешінде мәнерлеп оқудан бірінші орын алған. Көрмеге қатысып, қолдан жасаған оригами бейнелерін көпшілік назарына ұсынады. Сыныптастарының арасында көшбасшылық қасиетке ие. Кішкентай Ақниеттің өнерінің барынша дамуына ата-анасы, ағасы мен тәтесі жан-жақты қолдау көрсетеді. Оның өзін еркін ұстауына, қысылмай ойын ашық жеткізу қасиеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

09 қаңтар 2019 ж. 2 739 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930