2019 жылдан зейнетақы қорына ақша аудармағандар жауапқа тартылады ма?
Енді әрбір Қазақстан тұрғыны осы елде табыс тапқаны үшін әлеуметтік төлемдерді өз қалтасынан шығарып отыруға міндеттелген еді.
Сенат екінші оқылымда ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қабылдады.Бүгін сенаторлар жаңа құқықтық режим — бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізуді көздейтін заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, заң жобасы мемлекет басшысының өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың қызметін формализациялау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріне қатысуын қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.
Заң жобасының негізгі жаңалығы — бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап салық органдарында тіркеудің жеңілдетілген тәртібін көздейтін жаңа құқықтық режим — Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізу.
Қалған санаттағы азаматтар үшін салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеудің қолданыстағы тәртібі сақталады.
Осы заң бойынша қосымша баяндама жасаған сенатор, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Нариман Төреғалиев БЖТ-ны төлеу әркімнің өз қалауы, өз еркі екенін атап өтті.
«Жүйеге қатысу не қатыспау — жеке тұлғаның құқығы. Бірыңғай жиынтық төлемді төлемегені үшін оған қандай да бір жауапкершілікке тарту шаралары қолданылмайды. Адамдар БЖТ-ны банктер, терминалдар, мобильді операторлар және пошта бөлімшелері арқылы „Аазаматтарға арналған үкімет“ мемлекеттік корпорациясына аудара алады», — деді депутат.