Мерекедегі мерей
Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты жиын өтті. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақытжан Жарылқап көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтады.
– Тәуелсіз қазақ елінің тағдыры – Елбасы тағдыры. Екеуін еш уақытта бір-бірінен бөліп қарай алмаймыз. Бір кезеңдердегі Еділінен айырылған ел-жұрттың Есілінен де қол үзіп қалу қаупі туған еді. Елбасының бастамасымен Есілдің бойына ел қондырып, еңселі Орданы орнаттық. Арқа төсіне әсем Астана салып, әлемге Қазақстан деген тәуелсіз мемлекет ретінде танылдық.
Ел абыройының жаһандық деңгейде асқақтауы Тұңғыш Президенттің сарабдал саясаты, қоғамдық-әлеуметтік және экономикалық реформалардың нәтижесі. Тәуелсіздік жылдары орасан зор табыстарға қол жеткіздік. Қай саланы алып қарасаңыз, мейлі ол білім мен ғылым, спорт, мәдениет пен өнер, құрылыс пен ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп болсын бәрінде де қарыштап дамып келеміз.
Еліміз қол жеткізген толымды табыстарға қазалылықтар да өз үлесін қосып келеді. Жаңа оқу жылында Әйтеке би кентіндегі 300 орындық мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл 5 квартал аймағында 18 пәтерлік алты үйдің құрылысы жүргізілуде. Оған қоса Әйтеке би бабамызға ескерткіш орнату мен Рәміздер алаңының жұмыстары да жоспарлы түрде жүзеге асырылу үстінде. Сондай-ақ кент пен қала аралығындағы инфрақұрылымға байланысты көптеген істер атқарылуда.
Тағы бір жағымды жаңалық, қараша айының басында «Қазалы-Керуен» көлік және сауда-логистикалық орталығы ашылды. Қалааралық автовокзал сағатына 250 адамға қызмет көрсетеді. 1080 шаршы метр болатын автотұрақ, техникалық қызмет көрсету орны, сауда және демалыс бөлмелері салынған. Ғимарат толық іске қосылғанда 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады деп жоспарлануда, – деді ол.
Мерекелік шарада бірқатар азаматтарға құрмет көрсетіліп, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен “Қызылорда қаласына – 200 жыл” мерекелік медалі табысталды. Сондай-ақ, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып жүрген сала үздіктері облыс және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал, жаңадан мемлекеттік қызметке қабылданған аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Жасәділ Ешепетов, Әйтеке би кенті әкімдігінің есеп және шаруашылық бөлімінің жетекші мамандары Тойлыбек Талғатбеков пен Самалбек Қожахметов ант қабылдады.
Ж.СОВЕТҰЛЫ