Асқақтай бер – айбынды Тәуелсіз Қазақстан!
"Нұр Отан" партиясы Қазалы аудандық филиалының мәжіліс залында Қазақстан Ресупбликасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай "Асқақатай бер – айбынды Тәуелсіз Қазақстан" атты мерекелік жиын болып өтті. Тәуелсіздік мерекесіне арналған жиынға аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәмбетжан Қасқырбек Өмірзақұлы, партия белсенділері мен жастар және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынның алғы сөзін аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Өмірзақұлы ашып, сөйлеп, партия мүшелерін мерейлі мерекемен құттықтады. "Еліміздің тәуелсіздік күні баршаңызға құтты болсын! Бабалардың арманы, аналардың тілегі болған бақыт-тәуелсіздік жиырмасыншы ғасырдың аяқталар тұсында біздің маңдайымызға дарып, алақанымызға қонды. Азаттық деген осынау қасиетті ұғымды жақындату үшін талай ерлердің жаны қиылды! Мемлекеттік тәуелсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің және қазақстандықтардың рухани әл-ауқатының, өз күшіне, еркіне, қуатына сеніп, бар мақсаттарын жүзеге асыруының, Қазақстандағы ұлттық келісім мен тыныштықтың кепілі.Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 26 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз"-деді. Сондай-ақ жиын барысында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай 2005-2006 жылы туылған жасөспірім қыз балалар арасында "Нұр Отан" партиясы Қазалы аудандық филиалының жүлдесі үшін ұйымдастырылған аудандық баскетболдан жүлделі орын иеленген жас спортшылар арнайы Дипломдармен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар партияға белсенді еңбек етіп, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді қатысып жүрген партия мүшелері "Нұр Отан" партиясы Қызылорда облыстық филиалы мен аудандық партия филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды. Еңбектері еленіп, алғыс хат алған партия белсенділері барша партия мүшелерін мерейлі мерекемен құттықтады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат.