Қызылорда облысында «Жылдың үздік соттары» анықталды
Қызылорда облыстық сотында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі облыстық сотқа сілтеме жасап.
Салтанатты жиында облыстық сот төрағасы Қамбар Нұрышев қатысушыларды ел тарихындағы мерейлі мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, тәуелсіздік жылдары Елбасының бастамасымен елімізде орын алған жетістіктерге тоқталды. Қ.Нұрышев өз сөзінде: «Елбасы Қазақстанның бірлік-ынтымағын, тәуелсіз мемлекеттің негізін салушы, сындарлы шақта бірлік пен елдікті, татулық пен достықты ту етіп, тәуелсіздікті баянды, егемендікті еңселі ете білген бүгінгі заманның көрнекті саясаткері»,- деп атап өтті.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы Лаура Кәрібаева мерекелік баяндама жасады. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың егеменді Қазақстанның қалыптасуындағы, республикадағы қуатты сот билігін құрудағы айырықша рөлін атап өтті.
Іс-шара барысында жыл сайын өткізілетін «Жылдың үздік аудандық соты» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқау қорытындысы бойынша соттардың жұмысын үздік ұйымдастыруда ерекшелік танытқан, Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 1-орынды, ал 2-орынға Арал аудандық соты лайық деп табылды. 3-орынды Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты иеленді.
Салтанатты іс-шарада жиналғандар үшін «Елбасы жолы» фильмінен көрініс көрсетілді. Сонымен қатар, облыс соттары мамандары ұйымдастырған мерекелік концерт пен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған деректі фильмді тамашалаумен жалғасты.
http://www.http.inform.kz