Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қаз, қаз, балам

Қаз, қаз, балам


Қаз-қаз, балам, қаз балам,
Қадам бассаң, мәз болам.
Қаз-қаз, балам, қаз балам,
Тақымыңды жаз балам.
... Қаз-қаз, балам, жүре ғой,
Балтырыңды түре ғой.
Тай-құлын боп шаба ғой,
Озып бәйге ала ғой.
Қаз баса ғой қарағым.
Осындай сарында өрбитін «Тұсаукесер жыры» қай заман ұрпағының да құлағына жақсы таныс. Атам заманнан бері ұмыт қалмай, жүздеген жылдар бойы жаңғырумен келе жатқан қазаққа ғана тән бұл дәстүр түрі әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан емес.
Бала бесіктен белі шығып, еңбектенуден өткен соң, аяғын қаз-қаз баса бастайды. Өз аяғымен туған жерінің топырағын басып, із түсіріп, өз көзімен алдына қарап, таң-тамаша болады. Бұл кішкентай бөбектің ең алғашқы талпынысы, өзі жасаған тіршілігі. Осындайда дана қазақ баланың келешегіне ақ жол тілеп, «балам тез жүріп кетсін» деген ниетпен «тұсаукесер» тойын жасайды. Ел аузында тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады деген де тәмсіл бар.
Тұсаукесер рәсімі кезінде көптеген ырымдар жасалады. Бір қызығы, бүлдіршіннің аяғына шақтап байланатын жіңішке арқан да үлкен ниетпен таңдалады екен. Мәселен, ақ пен қара жіптен өріліп жасалатын арқанша «біреудің ала жібін аттамасын» деген ырымнан шыққан. «Бай-бақуатты болсын» деген тілекпен тұсаукесер жібін жасыл шөптерді өру арқылы жасайды-мыс. Ал, кішкентайыңыздың үнемі тоқшылықта жүргенін қаласаңыз, балаңыздың тұсауын малдың тоқішегімен кескеніңіз абзал.
Өмірге алғаш қадам басқалы тұрған бөбектің тұсауын кесу де кез келген адамға бұйыра бермейді. Бұл ғұрыпты атқаратын әйелді баланың әке-шешесі таңдайды. Кімнің жасы үлкен, қимылы ширақ, беделі биік, абыр¬ойлы және ошағының түтіні түзеу болса сол адамға мархабат айтылады. Айтпақшы, бүлдіршіннің аяғына байланатын арқаншаны дайындап әкелу де тұсау кесуге бекітілген адамға жүктеледі. Сонымен бірге шамасына қарай бағалы сыйлығы да болуы тиіс. Ертеректе, бала тәй-тәй басқанында ат пен ер тоқым сыйланса, қазір заман ырғағына сай ойыншық пен киім-кешек тарту етеді.
Қазір, ел арасында тұсаукесер салтында орындалатын наным-сенімдердің көптүрлілігі талқыға салынуда. Біреу тұсаукесер жібі тек ала түстен болады десе, бірі оның қайшымен кесілуіне түбегейлі қарсы. Осы мәселелер жөнінде атақты батыр атамыз Бауыржан Момышұлының келіні, қазақ салт-дәстүрін насихаттаушы әрі жазушы Зейнеп Ахметованың өз айтары бар екен.
«Қазір тұсау кесу дәстүрін барлығы дерлік атқарып жүргенімен, оның мән мағынасына терең бойлай білмейді. Сыртқы көрінісін ғана тамашалаудан аса алмайды. Мысалы, «ала жіпті» таңдауды біреудің затына қол сұқпасын, ала жібін аттамасын деген ниетпен ұштастырады. Бұл көрген көз түсінетін жеңіл мағынасы. Ал, шын мәнінде ала жіп тіршіліктің символы іспеттес, яғни өмірдің ақ пен қарасы. Дүниеде Құдай жалғыз, қалғаны жұбымен жаратылған. Негізінде, дүниеде жақсылық тапса асып-тасып кетпесін, қиындыққа кезіксе басылып қалмасын деген ниетпен шыққан», – дейді әжеміз.
Батыр Бәукеңнің тәрбиесін алған апамыздың айтуынша, қазақ халқы баланың тұсауын ешқашан қайшымен қимаған. Қайшыда екі жүз болатындықтан баланың тағдыры қайшыланып қалатын көрінеді. Сондықтан, дұрысы, пышақпен кесу екенін айтады.
Тұсау кесілген соң «Тұсаукесер жыры» айтылып, балақай кілемше үстімен тәй-тәйлеп, қадам басады. Кілемшенің бір шетіне кітап, ақша, қаламсап сияқты заттар қойылады. Бүлдіршін кітап таңдаса – оқымысты, ақшаны таңдаса – бақуатты, ал қаламсапқа көңілі ауса жазушы болады деп ырымдаған.
Міне, осылай шынашақтай қазақтың аяғының ізі жер бетін шимайлайды. Қиындығы мен қызығы мол өмір жолында сапар шегеді. Баланың келешекте дүниенің бір кетігіне кірпіш болып қалануы үшін тұсауын кесіп, ақ жол тілеген туған-туыстың ниет-тілегі өз септігін тигізеді деп топшыланады.
Жер бетіндегі барлық ұлттан ерек тек қазаққа ғана тән салт-дәстүріміз бен руханиятымыздың келешегі лайым кемелді болсын, әлеумет! Өткенімізді қайта өмірге әкеліп, болашақты нақты бағдарлай білейік.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
27 желтоқсан 2017 ж. 7 803 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 71

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 66

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930