Мектеп қажеттіліктеріне ақша жинаудан бас тарту Ата-ана кодексінде тіркеледі
Елордалық білім беру басқармасы басшысының айтуынша, биыл мектептер үшін Ата-ана кодексі әзірленді, қазіргі уақытта бұл Кодекс іске асырылатын болады.
Мектеп қажеттіліктеріне ақша жинаудан бас тарту Ата-ана кодексінде тіркелетін болады. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алаңында өткен білім беру саласындағы мәселелер бойынша кеңейтілген жиын барысында Астана қаласы білім беру басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Кездесу барысында республика бойынша мектептерде заңсыз ақша жинау, сонымен қатар "Астана – адалдық алаңы" жобасының осы бағытта жүргізген жұмысының қорытындылары туралы білім беру жүйесіндегі проблемалық мәселелер қарастырылды.
Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға, сондай-ақ, елорданың мемлекеттік мекемелерінде азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған "Астана – адалдық алаңы" жоба кеңсесі №54 мектеп-лицейін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізді.
Мектептің қаржылық қызметінің ішкі аудитінің қорытындысы бойынша бюджет қаражатын үнемдеу 60 млн теңгені құрады, оның ішінде 10 млн теңге қызметкерлерге үстемақы және материалдық-техникалық базаны нығайтуға 50 млн теңге бөлінген.
Аталған білім беру мекемесінде жаңа стандарттар бойынша бес жаңа кабинет, яғни "GardenHub" көпфункционалды кабинет, коворкинг алаңы, жаңа мұғалімдер бөлмесі, студенттер үшін рекреациялық аймақ, "Intellectum" бөлмесі және "STEM" зертханасы ашылды.
Елордалық білім беру басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин "Астана – адалдық алаңы" жоба кеңсесімен бірлесіп Астана қаласының білім беру ұйымдарында қаржы жинау мәселелерін жою үшін #НЕТ_ПОБОРАМ акциясын іске қосқанын атап өтті. Бүгінгі таңда ата-аналар үшін инфографика әзірленген, ол сондай-ақ, білім беру ұйымдарының барлық басшыларына жіберіледі.
"Аптаның соңына дейін бұл инфографика ұйымдардың ресми интернет-ресурстарына, сондай-ақ оқу орнының кіреберісінде орналастырылады. Биылғы жылы мектептер үшін Ата-ана кодексі әзірленді, қазіргі уақытта бұл Кодекс іске асырылатын болады", - деді Әнуар Жанғозин.
Жоба кеңсесі Астана қаласының Білім басқармасымен бірлесе отырып, оқу орындарының басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру туралы құжат әзірледі.
Жаңа құжат заңдылық, ашықтық, қолжетімділік және кәсіптік қызметтің жариялылығы принциптерін сақтау үшін бірінші басшылардың жауапкершілігін анықтауды білдіреді. Бағыныштылар үшін заңсыз әрекеттерде жеке жауапкершілік анықталады. Оқушылар мен ата-аналардан қаражат жинауды ұйымдастыруға қатаң тыйым салынады, құжат бюджеттен бөлінген қаржы ресурстарын ұтымды, ашық және заңды іске асыру үшін жауапкершілікті күшейтуді міндеттейді.
Еске сала кетейік, азаматтар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының фейсбуктегі парақшасына, жеке блогына ("Ашық диалог" интернет-порталы) және alik.shpekbayev@gmail.com электронды пошталарына шағымдар мен ұсыныстармен өтініш жасай алады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, алдағы уақытта мектептер мен балабақшалардың бюджеттерін ашық қолжетімділікте жариялау талап етіледі. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аталған білім беру мекемелерінде толық қаржы есебін міндетті түрде жариялауды ұсынды.
Оқушыларды ақылы түрде тестілеуден өткізу заңсыз болып есептеледі. Бұл туралы орта білім ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі бойынша өткен жиын барысында Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов мәлім етті. Оның сөзінше, Алматы облысында білім бөлімдерінің нұсқауы бойынша оқушыларды тестілеу тұрақты түрде өткізіліп тұрған.