Facebook қолданушылары отандық телеарналардың рейтингін анықтады
Құрамында 419 000 астам қолданушысы ба «Online Qazaqstan» Facebook-тобы сауалнама жүргізіп, отандық телеарналардың рейтингін түзді. Бұл туралы аталған Facebook-топтың әкімшілері жариялады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Сауалнама бір апта көлемінде, 4-11 қыркүйек аралығында жүргізілген. Айта кету керек, қыркүйек айынан бастап барлық отандық телеарналарда жаңа маусым басталды. Телеарна эфирінен жаңа жобалар мен жаңа жүргізушілер шыға бастады.
"Қай отандық телеарнаны қарап жүрсіз? Сіздер үшін жаңа маусымға барынша дайындалыпты?" деген сауалға топтағы 1400 адам жауап берген.
Бір аптаға созылған онлайн сауалнама көрсеткендей желі қолданушыларының көбі (576 дауыс) теледидарды мүлдем қарамайтын болып шықты. Қалған телеарна рейтингі төмендегідей.
Рейтинг көшбасшысы болып 396 дауыс жинаған 31 телеарна танылды. Одан кейінгі орында - 277 дауыс жинаған «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы. Үшінші орында - 57 дауыс жинаған «Астана» телеарнасы. Бұл телеарнадан небәрі алты дауыс аз жинаған КТК телеарнасы (52 дауыс) төртінші орынды иеленіпті. НТК телеарнасы бір аптада 22 дауыс жинап, бесінші орынға тұрақтаған. 6-орында - 9 дауыс жинаған «Ел арна» телеарнасы. 7 орында - 7 дауыстан жинаған Gakku музыкалды телеарнасы мен Хабар-24 тәуліктік телеарнасы. Рейтингтің соңында 6 дауыс жинаған Хабар телеарнасы мен небәрі 3 дауыс жинаған СТВ телеарнасы орналасты.
Сауалнама 130 жауаптардан бөлек 130-ға жуық «лайк» пен 200-дей пікір жинаған. Желі қолданушыларының көбі отандық телеарнада жарнаманың көптігін айтқан.
Айта кету керек, Facebook әлеуметтік желісінің тәртібі бойынша сауалнаманы жариялаған адам оның мәтінін және қорытындысын еш өзгерте алмайды және әрбір қолданушы тек бір ғана дауыс беруге мүмкіндігі бар.