Егінді қорғау ескертілді
Биылғы жаздың ауа-райы егін үшін қолайсыз болғаны белгілі. Күннің күрт салқындауы мен Сырдария суының төмендеп кетуі диқаншыларға зиянын тигізбей қоймады. Егінге орақ салу да кешегі жылға қарағанда кештеу түсейін деп тұр. Мұнымен қоса жайылымдағы малдар егін алаңына түсіп, иелерін біраз әбігерге салуда. Осыған байланысты бейсенбі күні аудандық мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Совет Бабанаевтың қатысуымен егінді қорғау және оны жинау науқанына дайындық шаралары пысықталды.
Жиын барысында аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Өміртай Жалғасұлы егін шаруашылығында атқарылған жұмыстар мен күтілетін нәтиже жайында баяндама жасады.
– Қазіргі таңда 549 гектар жаздық бидай, 103 гектар арпа және 531 гектар басқа өнімдер түгелдей жиналып алынды. Егін түсіру науқаны 17-18 қыркүйек күндері Аранды ауылдық округінде басталғалы отыр. Бұл жұмыстар үшін 34 комбайн, 31 жаткы, 40 трактор, 54 жүк көлігі мен трактор тіркемелері жөндеуден өтіп, дайын тұр. Жанар-жағармай мәселесі де шешілген. Бірақ, егін алаңына малдың кіріп кетуі бізді алаңдатуда. Мұндай жағдайлар Жалаңтөс батыр, Қазалы қаласы, Қарашеңгел, Құмжиек, Басықара, Сарыкөл, Өркендеу, Бозкөл, Ақтан батыр, Аранды және Арықбалық ауылдық округтерінде орын алып, бізге тіркелген. Осы мәселеге аса мән берулеріңізді сұраймын, – деді Өміртай Өтеп-Әлі. Сонымен қатар, биылғы жыл егін шаруашылығы үшін ауыр болғанына қарамастан аудан диқаншылары қажырлы еңбек еткенін атап өтті. Баяндама соңында бөлім басшысы аудан әкімінің орынбасары С.Бабанаевқа күріш дақылы жиналып алынғанша ауылдық округ әкімдеріне мал күзетін ұйымдастыруды, егін қауіпсіздігін қадағалауды тапсыруды ұсынды.
Сәйкесінше Әйтеке би кенті, ауылдық округ әкімдері мен тиісті мекеме басшылары орын алған жайттар бойынша мәселенің мән-жайын түсіндірді. Әрқайсысы зиянкес мал иелеріне ескерту жұмыстарын жүргізіп жүргендерін, алдағы уақытта жөндеп қолға алатындықтарын жеткізді. Жиынға қатысуға келген шаруашылық өкілдері де ұсыныс-талаптарымен бөлісті.
Егінді қорғау мақсатында өткен жиналыста жергілікті полиция басшысы Мырзабек Жеңісбекұлы орын алған жағдайларға байланысты жауапкершілікке тартуға болатындығын айтты. “Шаруашылық иелерінің назарына, егер бөтеннің малы егін алқабына кіріп, өнімге зиян келтіретін болса малды қамап, учаскелік полицияны шақыруларыңызға болады. Мал иесіне, тіпті ауылдық округ әкіміне бұл үшін заңда көрсетілген баптар арқылы айыппұл салуға болады. Қазір мұндай құзірет учаскелік полицияның да қолында бар. Бұл тиісінше мәселенің шешілуін жеңілдетеді”, – деді ол.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары С.Бабанаев барлығына бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Ауыл әкімдері, ветеринария қызметкерлері мен жергілікті полиция бірлесіп, егінге төнетін қауіптің алдын-алуды қатаң тапсырды. “Халық та, мал да, егін де бөтендікі емес, біздікі. Егілген егінді даусыз, өзара түсіністікпен жинап алайық. Ал абырой бәрімізге керек”, – деп жиынды аяқтады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ