Егін бітік өссе – ел берекесі
Былтыр Қазалы ауданы бойынша ауыл шарушылығы дақылдары 17355 гектар жерге егілді. Жер-ананы идірген дихандар қауымы басты дақыл-күріштің әр гектарынан 45 центнерден өнім жинауды қамтамасыз етті.
Жыл-жылдың жүгі басқа. Күн жылт етісімен дала еңбеккерлерін қарбалас күйге бөлейтін көктемгі егіс маусымына дайындық барысы қалай? Алда тұрған ауқымды межелер мен мақсаттар қандай? Осы сауалдарға байланысты жауапты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өміртай Өтеп-Әліден алған едік.
2018 жылғы ауыл шаруашылығына арналған егістік жердің жалпы көлемі 17 790 гектар болады деп межеленіп отыр. Соның ішінде дәнді дақылдар 7630, мал азығындық дақылдар 7480, картоп, көкөніс, бақша 2250, майлы дақылдар 430 гектарға жеткізіледі. Ал сыр маржаны күріш алқабы 6950 гектарға орналастырылып, күтімге алынады.
Қайбір істе болса да қамданғанның қапы қалмайтыны белгілі. Осы ретте сала маман-дары мен еңбеккерлері алдағы атқарылар шаруаларын құнттап, маңызды кезеңге әзірлік жұмыстарын тастүйін жүргізуге күш-мүмкіндіктерін жұмылдырып отыр. Атап айтсақ, қазірге дейін 2672 тонна күріш, 137 тонна жаздық бидай, 40 тонна жоңышқа және 15 тонна мақсары дақылына қажетті тұқым дайындалды. «Казагрэкс» АҚ тұқым сараптау зертханасының мәліметі бойынша бүгінгі күнге күріштен 1603, бидай тұқымының 137 тоннасы толық себу дәрежесіне жеткізілген. Барлық шаруашылықтарда күріш тұқымын тазалап, себу деңгейіне келтіру ісі қызу қолға алыну үстінде.
Жақсы жаңалық жан жадыратады. Өткен жылы 2 гектар жерге күріштің Иран елінен жеткізілген жаңа тұқымы өсіріліп, алдын ала сынақ жасалды. Осындай іс-тәжірибеден өткен «Сыр Маржаны» ЖШС биыл бағалы астықтың «Торем Хошеми» сортын 150 гектарға ұлғайтып егуді жоспарлап отыр. Осыған 50 тонна тұқым алу үшін Иран Ислам Республикасы мемлекетімен келісімшарт жасалды.
Үстіміздегі жылдың егістігіне 5200 гектар сүдігер көтеріліп, дайындалды. Сонымен бірге егіс науқаны үшін барлығы 4594 тонна минералды тыңайтқыш және күріш арамшөптеріне қарсы қолданатын 8970 литр гербицид қажет. Аталған минералдық тыңайтқыштар қорын мерзімінде жасау мақсатында Ресей Федерациясы, Өзбекстан мемлекеттерімен және отандық тыңайтқышқа Тараз қаласындағы фосфор зауытымен екі жақты шарт бекітіліп, шаруашылықтар қаржыларын аударуда.
Көктемгі дала жұмыстарының мерзімінде, жедел атқарылуында техниканың алар орны бөлек. Сондықтан техника мен жанар-жағар май мәселесін естен шығаруға болмайды. Молшылық негізін қалауға қатыстырылатын 122 трактор, 55 соқа, 22 дән сепкіш, 23 жүк көлігі, 55 трактор тіркемесін жөндеуден өткізу қарқынды жүргізіліп, мұқият аяқтап шығу бақылауда ұсталып келеді. Жоғарыдағыдай ауыл шаруашылығы құралдарының жүріп-тұруына 1405 тонна дизель отыны лимиті бөлінген. Оның нақты бағасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітіліп, келеді деп күтілуде.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын вегетациялық кезеңде тұрақты сумен қамтамасыз етуге 418 млн және экологиялық қажеттілікке 270 млн барлығы 688 млн текше метр суармалы су лимитіне келісім алынды. Ішкі шаруашылық каналдарындағы 5 000 метр су жолдары қамыстан тазартылып, су реттегіш пен су сору қондырғылары жөндеуден өткізілді.
Тағы атап өтерлік жайт, егіншілік саласындағы барлық субсидиялау бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, алдағы уақытта субсидия алушылардың өтінімдерін электронды түрде жүргізу қолға алынуда. Осы «пилоттық жоба» іске асқан жағдайда, басым дақылдар, гербицидтердің және су жеткізіп беру қызметтерінің құнын субсидиялау электронды нұсқада қабылданатын болады.
Жақында бұған байланысты құрамында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егіншілік бөлімінің бас маманы Жандос Мұстаяпов, облыстық ақпараттық есептеулер орталығы АҚ-ның жетекші маманы Елена Онищенко бар, жұмысшы топ ауданымызда болып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бірлік түбі – береке. Қашанда ұйымшылдықпен, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жасаған істің табыс әкелетіні анық. Олай болса аудан дихан-механизаторларының ел игілігін тасыту жолындағы талаптарына сәттілік тілеп, еңбектері жемісті болсын дейміз.
Сахи ҚАПАР