Елордада шетелде тұратын қазақстандық суретшілердің көрмесі өтеді
Астана бір ай бойы қазіргі заманғы өнер орталығына айналады. 15 қыркүйек пен 28 қазан күндері бас қалада «Astana Art Show» көрмесі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Астана Конвеншн бюросының ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
«Astana Art Show» - Қазақстандағы қазіргі заманғы бейнелеу өнерінің халықаралық Биеннале іспеттес негізгі шарасы. Көрмеге жұмыстары сәтті деп табылған және шетелде танымал болған қазақстандық жас суретшілер қатысады. Биеннале аясында жас суретшілер байқауы, танымал суретшілердің ашық дәрістері мен шеберлік-сабақтары өтеді. Сонымен қатар, халықаралық ірі көрмелерге қатысқан 20-дан астам қатысушы өз жұмыстары мен арнайы құрылған шоу бағдарламаларын ұсынады. Одан бөлек, келушілер «TSE Art Destination» галереясында суреттер мен инсталляцияларды тамашалай алады. Көрмеге қатысушылар арасында танымал замануи өнер шебері, белгілі «Мен Обломов» автопортретінің авторы, жапондық фотограф Икуру Куваджима бар. Сондай-ақ, Лондонда танымал болған қазақстандық суретші Аза Шаденова елорданың көркемөнер әуесқойларының назарына өз жұмысын ұсынатын болады. Ал жас суретші Әділ Әубәкіров Астана тұрғындары мен қонақтарын қала ғимараттарының бірінің қасбетінде салынатын авторлық жаңа арт-нысанымен қуантатын болады. «Astana Art Show» көрмесінің салтанатты ашылуына арнайы қонақ ретінде әлемдік деңгейдегі белгілі аустриялық музыкант Бенджамин Скеппер қатысады. Айта кетейік, Биеннале - екі жылда бір өтетін көркемөнер көрмесі, фестивалі не болмаса шығармашылық байқау.
inform.kz