Ауылдағы ағаш цехы
Кәсіпкерлік кең өріс алған Бекарыстан би ауылында енді ағаш және пластик бұйымдарын шығаратын цех жұмыс істейді. Онда пластик өнімінен дайындалған және ағаштан жасалған есік, терезе, тағы басқа тұрмыстық бұйымдар бар.
Негізі цех жұмысын ағаш ұстасы Мейрімхан Тілеуқұл 2010 жылы бастаған. Сол кезде ауласынан шағын цех ашып, ағаштан тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауды қолға алды. Ол қол жуғыш, шай үстелі, сандық, терезе, есік тіпті қайыққа дейін істеді.
Екінің бірінің қолынан келе бермейтін ұсталық өнер Мейірімханға әкесінен қонған көрінеді. «Бала күнімізде әкеміз бәрін істеуші еді. Жанында жүріп, үйренгеніміз көп болды. Әкем жасаған дүниелерге қызыға қараушы едім» деген Мейрімхан қазір өзі де өзгелерді таңқалдырып жүр. Келешекке құрған жоспарымен бөліскен шебер цехта түрлі ағаш бұйымдарын жасауды көздейді. Әңгімесінен сувинерлерге деген қызығушылығы артып жүргендігін аңғардық. Оның қолынан шыққан дүниелерге деген сұраныс жоғары. Сондықтан цех көлемін ұлғайтып, қосымша құрал-жабдықтар алу қажеттілігі туындайды. Сөйтіп, отбасылық кәсіптің көкжиегін кеңейту мақсатында жеке кәсіпкерлігі бар зайыбы Толғанай Манау «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз несиеге құжаттарын рәсімдеп, нәтижесінде 1 миллион теңгеге қол жеткізді. Ол қаржыға ағаш шебері Мейрімхан керекті құрал-жабдықтар әкеліп, жұмысын одан әрі жандандыруда.
Тұтынушылардың талғамынан шығып, тапсырысты дер кезінде сапалы әрі сәнді етіп орындау шебердің басты ұстанымы. Сондықтан болар тапсырыс берушілер қатары күн санап артып келеді. Цех қызметін Бекарыстан биден бөлек, көршілес Майдакөл, Түктібаев ауылдарының тұрғындары да пайданалып отыр. Күніне қанша бұйым дайындалады деген сауалымызға: «Әр кезде әр қалай тапсырыс түседі. Қазір құрылыс жүргізетін кезең болғандықтан есік-терезеге деген сұраныс жоғары. Біз талғамға сай ағаш бұйымдарын істейміз. Тұтынушының да жағдайына қараймыз. Кейде бағасын түсіріп те беріп жатамыз. Мәселен, қол жуғыш – 13 000, орындық – 1500, үстел – 2500 теңгеден. Ал, есік-терезелердің көлеміне қарай бағасы өзгереді», – деп жауап берді ағаш шебері.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА