«Кәсіпкерлік негіздері» пәні қашаннан бастап оқытылатыны белгілі болды
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін орта мектептерде енгізу мерзімін атады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Келесі 2019-2020 оқу жылынан бастап еліміздің барлық орта мектептерінде «Кәсіпкерлік негіздері» пәні 10-11 сынып оқушыларына аптасына екі рет оқытылады. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап осы пән бойынша бағдарлама және оқулық апробациядан өтеді деп жоспарлаудамыз. Жалпы, осы күнге дейін біраз жұмыс жүргізілді. Апробацияны біз еліміздің барлық 17 өңірін қамтып, осы өңірлердің барлық мектептерінде өткізетін боламыз. Бұл мектептердің мұғалімдері тиісті курстарды аяқтап қалды. Оқулықтың бірінші нұсқасы дайын. Бір жыл бойы оқушылар осы апробацияға кіріп, оқи бастайды», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, бір жылдан кейін бағдарламаға, оқулыққа қандай өзгерістер енгізу қажеттілігі бар екені анықталады.
«Біздің министрлік үшін бұл - маңызды мәселе. Пән бағдарламасы басқа пәндерге қарағанда өте қызықты ұйымдастырылған деп айта аламыз және солай болуы керек те. Бағдарлама ерекшелігіне келер болсақ, 40% теория түрінде болса, 15% кейстерді қарастырады және 45% тәжірибелік жұмыс болады. Пән бағдарламасын дайындауға бизнес-өкілдерді, халықаралық сарапшыларды, елдегі университеттерді тарттық. Сондықтан, өз басым бағдарлама жақсы шықты деп санаймын», - деді Аймағамбетов.