Оқушыларды да бизнеске баулиды
Қызылорда облысында 35 мектепте жаңадан енгізілген «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» оқытылуда. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ерлан Молдыраимов мәлімдеді.
Қызылордада 2014 жылдан бері пилоттық режимде «Кәсіпкерлік негіздері» пәні № 9 мектеп-гимназиясында өткізіліп келеді. 5-10 сыныптарда өткізілетін жоба осы жылдар аралығында өміршеңдігін, тиімділігін көрсетті. Нәтижесінде аталмыш білім беру ұйымында «Атамекен» мектеп компаниясы құрылып, 2017 жылы Токио қаласында ұйымдастырылған «JA Asia Pacific Company» халықаралық компаниясына қатысқан жалғыз қазақстандық команда болды.
«Кәсіпкерлік негіздері» пәнінде оқушыларға кәсіпкерлік ұғымына түсінік беріліп, алғашқы капиталды жинау тәсілдері, кәсіпкерліктің алғышарттары оқытылады.
Облыс мектептерінің ұстаздарын да осы пән аясында әдістемелік даярлау мақсатында № 9 мектеп-гимназиясының базасында оқыту семинарлары, біліктілікті арттыруға арналған курстар, бизнес-идеялар жәрмеңкесі, шеберлік сағаттары өткізілуде. Нәтижесінде Қызылорда облысында бүгінде «Кәсіпкерлік негіздері» пәні 35 мектепке енгізілді.
Мұнан өзге, жобаның «алғашқы қарлығашы» № 9 мектеп-гимназиясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» атты жаңа оқу бағдарламасы сыналуда.
Қазалы ауданы бойынша Ғани Мұратбаев ауылындағы №91 мектепте де осы пән пилоттық режімде оқытылып жатыр. Ал алдағы жаңа оқу жылынан бастап кәсіпкерлік негіздері барлық мектептерге енгізілетін болды.
«Қазалы» ақпарат.