Жемқорлықпен күрес – ел дамуына үлес
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абзал Мұхимов жуырда арнайы іссапармен Қазалы ауданында болған еді. Онда аудандағы арнайы мониторингтік топтың өкілдерімен кездесіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары төңірегінде әңгіме өрбітті.
Қазіргі қоғамның дерті саналатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін агенттіктің бастамасымен облыстарда арнайы мониторингтік топтар құрылған болатын. Мұндай топ Қазалы ауданында да бар. Құрамы азаматтық ұйым өкілдері, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жеке кәсіпкерлер, блогерлерден құралған топтардың жұмысы жеңіл емес, атқарар жұмысы қыруар. Олар мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы шараларының есептерін тыңдап, жұмысын талдайды және бағалайды. Сонымен қатар, арнайы топтарға мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсету, күрмеуі қиын мәселелерді көтеру, жемқорлыққа қарсы іске қоғамды жұмылдыру міндеті жүктелген болатын.
Күні бүгінге дейін облыстық арнайы мониторингтік топ 7 отырыс өткізді. Отырыстарда шешім қабылданып, 21 ұсыныс берілді. Оның 18-і орындалған, қалған үшеуінің орындалуы бақылауға алынған.
Абзал Сансызбайұлының айтуынша, қазіргі уақытта облыстық деңгейде арнайы мониторингтік топтың қызметі жолға қойылып, белсенді қызмет жүргізіп жатыр. Алайда, аудандарда құрылған арнайы мониторингтік топтардың қызметі әлі де жандандыруды қажет етеді.
«Шынын айту керек, жергілікті жерде қоғамдық бақылаудың қозғаушы күші болуы тиіс аудандық мониторингтік топтардың нәтижелі жұмысы көрінбей келеді. Мониторингтік топтар «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы аясында жұмыс істемейді. Топтардың жемқорлыққа қарсы іс-шаралары мен бастамалары жоқ. Сондай-ақ, өздеріңізге белгілі, осы жылдың қаңтар айынан бастап 4 деңгейлік бюджет енгізіліп, ауылдық елді мекендердің дербес бюджеттері жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта осы бағытта халық саны екі мыңнан асатын 65 ауылдық елді мекеннің дербес өз бюджеттері қалыптастырылды. Біздің облыста ауылдық елді мекендердің бюджеті 10 млрд 590,9 млн теңгені құрап отыр, соның ішінде Қазалы ауданы бойынша ауылдық елді мекендердің бюджеті 1,4 млрд (1 млрд 403 млн 904 мың) теңгеге жетті. Бұл бюджет ауылдық елді мекендердің көгалдандыру мен тазалық жұмыстары, ауылішілік жол құрылысы, жарық, ауыз сумен қамтамасыз етуге және басқа да бірінші қажеттіліктегі шығыстарға бағытталуда. Сондықтан арнайы мони¬торингтік топтардың басты міндеттерінің бірі болып, осы ауылдық елді мекендерде құрылған дербес бюджет қаржысының тиімді және мақсатты жұмсалуына бақылау орнатуы қажет», – деді департамент басшысы.
А.Мұхимов осы мақсатта департаменттің «What’s app» (8 778 478 70 97) және «Telegram» (8 778 478 70 97) мессенджерлері мен «BКонтакте», «Facebook» және «lnstagram» әлеуметтік желілерде аккаунттары, сонымен қатар call-орталық 70-50-55 жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Ал мониторингтік топтар проблемалық мәселелер бойынша аталған байланыс құралдарына кез келген уақытта шығып, хабарласа алады. Алайда, осы жоба іске асырылған уақыттан бастап аудандық мониторигтік топтар әлеуметтік нысандар құрылысының сапасы, жол құрылысы және өзге де мәселелер бойынша проблемалық мәселелерді көтермей келеді. Сондықтан, департамент басшысы топтың өкілдерін жоба аясында жергілікті жердегі өзекті мәселелерді күн тәртібіне қоюды, жалпы алғанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға белсенділік танытып, жұмыс істеуге шақырды.
Бұдан бөлек, Абзал Сансызбайұлы аудандық мониторингтік топ басшыларының қатысуымен өткен кездесудің барысы туралы айтып берді.
«2018 жылдың мамыр-маусым айларында облыстағы оқу орындарының студенттік жатақханаларына барлық арнайы мониторингтік топтардың қатысуымен рейдтік бақылау жүргізілген болатын. Нәтижесінде оқу орындарында өзге оқу орындары студенттерінің заңсыз жатқаны анықталды. Олар ақы төлеген, бірақ қаржыны қайда төлегені беймәлім. Сондай-ақ, колледж жатақханасының заңға қайшы жұмыс істегені белгілі болды. Ешбір рұқсат құжаты жоқ, теңгерімде жоқ, жиналып жатқан қаражаттың қайда кеткені де белгісіз. Сондықтан, мониторингтік топтар осындай профилактикалық іс-шараларға басты назар аударулары қажет. Топтардың қызметін жандандыру үшін халықпен және түрлі қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, әлеуметтік желілерден арнайы парақшалар ашып, жоба тақырыбы бойынша проблемалық мәселелерді көтергені жөн. Екінші жағынан, топтардың атқарған қызметі мен көтерілген проблемалық мәселелері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғам назарына ашық, әрі кеңінен айтылуы тиіс», – деп сөзін түйіндеді департамент басшысы Абзал Мұхимов.
Сонымен қатар, отырыста Қазалы ауданы бойынша арнайы мониторингтік топтың жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш күн тәртібіндегі мәселеге қатысты хабарлама жасап, алдағы уақытта мониторингтік топтың жұмысына қан жүгіртуге атсалысатындықтарын жеткізді.
Нұғыман ЖАКУДАЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет
істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы.