Алаяқтар торынан қалай шығасыз?
Қазіргі таңда алаяқтықтың басым бөлігі – әлеуметтік желі арқылы еркін жасалуда. Десе де, бүгінде қала көлеміндегі қалыптасқан қылмыстық ахуал тұрақты деп бағалануда. Жалпы, жыл басынан бері алаяқтық қылмысы бойынша 83 іс өндірісте қаралып жатыр. Алайда, аталмыш қылмысқа қатысты көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 21,6 пайызға төмендеген. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында салаға жауаптылар интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысын айтты.-Интернет алаяқтыққа қатысты қылмыстардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, алаяқтар өз әрекеттері арқылы халықтың сеніміне кіріп алады. Мысалы, тауарға байланысты өз есеп-шотына ақша аударуын талап етсе, кейбірі азаматтардың жақындарына қатысты жалған дерек айтып тығырыққа тіреуі мүмкін. Бұл ретте азаматтар дереу құзырлы органның қызметіне жүгінгені абзал. Сондай-ақ, алаяқтар өздерін банк қызметкерімін деп таныстырып, жеке есеп-шотқа шабуыл жасалғаны туралы жалған сөздер айтады. Осылайша, халыққа онлайн несие рәсімдетіп, телефонға келген код арқылы басқа есепшотқа ақша аударып алады. Кейбір алаяқтар «AnyDeck» қосымшасын жүктеуді сұрап, қашықтықтан қалта телефонды басқарады. Яғни, олар банк қосымшаларынан онлайн несие рәсімдейді. Сондықтан, бөтен нөмірден қоңырау шалған жағдайда немесе қандай да бір адамға ақша аударар кезде сақ болуларыңызды сұраймын, - деді Қызылорда қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімі бастығының орынбасары Айдос Усманалиұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі













