Абайла, тұрғын, алыс жүр, Төбеңнен төніп қауіп тұр
Бүгінде Қазалы ауданының кей көшелерінде электр желілері ескіріп, жауын-шашын, дауыл тұра қалса тоқ сымы сын көтермейді. Яғни, көше тұрғындары жарықсыз қалады. Бұл аталған мәселенің бір ұшы ғана. Екінші жағынан есік аузындағы столбы бойымен жүрген үлкен вольтты тоқтар адам бойына жетердей салбырап тұр. Тұрғындар өтініші бойынша, аталған мәселені көзбен көріп, қаламмен түртпек болып бірқатар көшелерге барып қайтқан едік.
Бірнеше жылдан бері үлкен вольтты тоғы адам бойымен бойлап тұрған көшелердің бірі – Жанәділов. Мұндағы №18 үйдің тұрғыны Тұрар Айдос есік аузынан шыққан сайын иманын иіріп өтеді екен. Себебі өздеріңіз білетіндей 220-лық кернеу адамды өмірінен әп-сәтте айырады. Тұрғын бұдан бөлек, осы көшемен жүретін №266, №70 мектеп оқушылары да білместікпен қол созып, мертігіп қалама деп те уайымдайтынын айтты.
– Жанәділов көшесінің тұрғынымын. Бала күнімізден осы жерде туып, осы көшенің топырағына аунап өскенбіз. Жалпы Жанәділов кенттегі маңызды көшелер қатарына жатады. Бұған дейін жаяу жүргінші жолы жоқтығын айтып келген едік. Өткен жылдары шешімін тауып, балалар қауіпсіздігіне көліктен туған қауіп сейілді. Ендігі мәселеміз осы салбыраған токтар болып тұр. Көріп тұрғаныңыздай үй қақпасының дәл аузында. Менің ғана есігімнің алды емес, әрірек жүрсеңіздер осындай мәселені бірқатар үй алдында да кездестіресіз. Токтың бұлай тұрғанына бір емес бірнеше жыл болды. Бұны тиістілер назарына бірен-саран көршілеріміз де ұсынып келеді. Дегенмен еш нәтиже жоқ. Бұлай жалғаса беретін болса, бір күні мына ток тобықтан келетін түрі бар, – дейді көше тұрғыны.
Дәл осындай мәселені аудан орталығының негізгі көшесінің бірі – Әйтеке биден де кезіктіре аласыз. Мұнда қызу тіршілік. Адам қарасы қалың. Базарлар да, түрлі мекемелер де осы жолды жағалай орналасқан.
Жуырда осы көше бойынан өткен "газель" көлігі тоқтың аласалығы соншалық абайсызда іліп әкеткен. Базар маңында жүк көліктері көптігін ескерсек, бұл мәселені одан әрі күрделендіре түседі.
– Осы Әйтеке би-Сейфуллин көшесінің бойымен жүк көліктеріне жүру өте қиын. Себебі сол электр желісі тым төмен орналасқан. Тіпті созсаң қолы жетеді. Өткен аптада аса биік те емес, бір көлік жүріп келе жатып, сымның бірін үзіп кетті. Кейін қалпына келтірілді. Әзірге көше бойындағы талдарға ілініп, аман-сау тұр. Бірақ "Жаман айтпай, жақсы жоқ" демекші, жауаптылар қолға алмаса, біреу-міреу жарақат алып не жазым болуы мүмкін, – дейді Сейфуллин көшесінің тұрғыны Мақсат Әлімбай.
Тұрғындар базынасын тыңдап болған соң, жауапты КРЭК мекемесіне хабарласқанбыз. Өкінішке орай мамандар бұдан хабарсыз екенін айтты.
– Жалпы орталық көшелерде тоқ сымына қатысты мәселе көбіне сол маңдағы кәсіпкерлер тарапынан туындайды. Бізден келісім алғаннан соң, тұрғындарға қолайсыз, яғни сіз айтқандай төмен жүргізеді. Соның салдарынан осындай жағдайлар орын алады. Бірақ бізге көшенің электр желісіне орай тұрғындардан әзірге шағым келмеді. Аталған көшелерге мамандар жіберіп, тексеретін боламыз, – дейді мекеме басшысы.
Ауданның басқа да көшелерінде мұндай мәселе жетерлік. Мәселен, тұрғындар "Жаңа ауыл" атап кеткен аймақтағы бірнеше көше электр сымдарының қайта қаралуын талап етеді. Енді жауаптылар қозғалса, көпті толғандырған мәселе жақын арада шешімін тапса игі...
Серік АҚМЫРЗА