Жөндеу күтіп жол жатыр
Сонау жылдары Жанқожа батыр атындағы көшенің жағдайы нашар болғаны сонша, сәл берірікте жатқан жолдардың ойлы-қырлылығын айтуды әбес көретін едік. Жақсының жақсылығын айтайық, Ергешбаев аудан әкімі болып тұрғанда шұңқырлар бітелді. Бақылау мен талаптың күштілігі шығар, Қ.Сәтбаев, Р.Бағланова секілді көшелерге төселген асфальтті көріп, көпшіліктің таңғалысқаны есте. Одан бері 3-4 жылдай уақыт зымарап өте шықты.
Шынында да, уақыт кез келген дүниенің тозығын жеткізеді. Дегенмен қаржы қалтаға түскеннен кейін кәсіпкерлердің сапаға жүрдім-бардым қарай салатын әдетінің оянуы талай көліктің «аяғын сындырғанын» елемеуге болмайды. Осындай көшенің көшін қазір Әйтеке би даңғылы бастап тұр. Көрген-білгендер сырттан әкім-қаралар келер болса, жергілікті атқамінерлер меймандарды Жанқожа батыр көшесімен ғана жүргізетінін талай байқағанын айтады. Шенділер жүрмесе де, аудан орталығының бетбейнесі іспеттес көшенің бүгінгі келбеті әрбір қазалылықты қымсындыратыны сөзсіз.
Әңгіменің ауанын негізгі тақырыпқа бұрайық. Бүгінде «арғы бет» пен «бергі бетті» қосатын үш жол бар. Біріншісі Р.Бағланова көшесінің соңында болса, шеткісі – Қорқыт ата айналма жолы. Бұлар өткен жылдары күрделі жөндеу көріп, ел игілігіне берілді. Дегенмен жергілікті тұрғындар уақыт үнемдеу мен ыңғайлылық үшін О. Жанәділов, көпшіл атауы «железнодорожный» көшесімен көбірек қатынайды. Ал жүргізушілер көлік дөңгелегі шұңқырға қадам сайын кіріп-шығатынын айтып, шағымданып отыр.
– 5 кварталда тұрамын. Жұмысым осы жақта болғандықтан күніне 4 рет осы көшеден өтемін. Бас-аяғы 500 метрдің айналасындағы жол біткенше көне көлігімнің сай-сүйегі «сырқырайды». Күтімін жасайтын мекеме болуы керек шығар. Неше жылдан бері ең болмағанда жамап берсе де жарар еді, – дейді кент тұрғыны Ғабит Шынберген.
Бұдан бөлек №70, №266 мектепке апаратын Желтоқсан көшесінің О.Жанәділовке дейінгі бөлігінің хәлі мүшкіл. Жаяу жүргіншілер жолы қарастырылмағаны өз алдына, көліктер шұңқырдан қашамыз деп бүлдіршіндерді ысырып кете жаздағанын талай көз көрді. Ал Біржан салдың «железнодорожныйдан» әрі қарайғы бөлігі өткен жылдары дұрысталғанымен, көп ұзамай смоласы ағып кетті. В.Счастновтың жай-күйі жайында толғау жазса да жарасады. Әрі-беріден соң кенттің негізгі көшелеріне жатады емес пе?!
Өткен жылы осы маңдағы Нұртуған ақын көшесін жақсарту жергілікті атқарушы органның жұмыс жоспарына енгені туралы сүйінші хабар естіген едік. Алайда тұрғындар әлі күнге дейін жауынды күні орта ғасырға бір-ақ аттанады. Сабақтан қайтқан балалардың тізеден шылқыта су кешіп келе жатқанын көріп, көңіл алабұртады. Бұдан кейінгі М.Әуезов, Әбжанов тұрғындары да «үй алдында тегіс жол жатса» деп армандап қоятыны бар.
Жалпы «Шанхай» мөлтекауданында бірнеше мың адам тұрады. Бұрыннан осында тұрақтаған. Әкімдік мемлекет тарапынан бір рет берілетін тегін жерге алдымен инфрақұрылым жүргізілуі керек деп, сылтауратушы еді. Осында отыз жыл уақыттың ішінде үй салып, өмір сүріп келе жатқан көшеге әлі күнге дейін жол салынбағаны еске түссе, әлі жер алмаған азаматтарға аяныш сезімің оянады екен. Бірақ кім біледі? Мүмкін әкімдіктегі шенеуніктер көңілі биыл «Шанхайға» ауатын шығар. Осындай үмітпен мөлтекаудан тұрғындарының көздері әлі қанша жыл мөлтілдейтіні бізге беймәлім.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ