Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қара жәшік: Өмір мен өлім

Қара жәшік: Өмір мен өлім

Жазғы каникул. Әке-шешеміз бұл жолы бізді қалаға қыдыртпады. Ақшаның ыңғайы болмады ма, әйтеуір «демалыс бітемін дегенше бірер күнге апарып қайтамыз» дегені бар. Жаз бойы үйде, ауылда болған соң тапа тал түстен қара кешке дейін ойынның соңында жүрміз. Мен тіпті кішкентаймын. Үйдегі баланың үлкендері қайда барса, соңынан қалмаймын. Бақшада өскен қызанақ пен қиярды сатып, «Қораз кәмпит» алып күнелтіп жүрген біз үлкендердің қызық ойынын көріп қалдық...
Апта сайын арыққа су келеді. Сондайда құрбақаның қаптап жүретін кезі. Арасынан томпақ, тығыршықтай біреуін ұстап алады. Пластикалық құтының басын кесіп, әлгінің көзін жәутеңдетіп үстіне төңкере салады. Ішінде ойсыз тұрған құрбақаны әбден ауасыз томпайтады да жарылғыш бомбаны тұтатып ішіне салып жібереді. Пышылдаған дауыстан соң «па-а-ақ» етеді. Айнала көк түтін. Ал құрбақа... Өзіңіз түсінген боларсыз. Жауыздық қой, әрине. Бірақ сол бізге қызық көрінетін. Бірінен соң бірін ұстап алып, ауылдың әр бұрышында пақылдатып жататын. Ол ол ма, инелік деген де көп еді. Еркін қалықтап ұшып жүргенін бақылаймыз. Бір жерге қонғанын аңдимыз. Қонады. Құйрығынан не қанатынан шап етіп ұстап аламыз. Солай далада керексіз жатқан сымдарды жинап, инеліктерді шашлық сияқты тізе бастаймыз. Алдын ала кірпіш жинап, ортасын ашып өреміз. Сексеуіл тауып, от жағамыз. Қадалған әр «шампурды» тізбектей орналастырамыз. Инеліктің бәрі тірі. Жаны қиналып жатқанын түйсініп жатқан бала жоқ. Қышырлатып қуырып алған соң, қытырлатып жеп аламыз. Сұмдық дерсіз. Ол кезде баламыз ғой. «Жәй ғана балалық ойын» деп әке-шешеміз елемегенімен, біздің ойын нағыз «жауыздықтың» белгісі еді.
Мұны не үшін айтып отыр деген боларсыз. Бұл жайында қазір түсінесіз. Тақырып айтып тұрғандай, әр адамның ішінде қара жәшік бар. Ол – жауыздық. Қанша жерден ақкөңіл, кеңпейіл, адамгершілігі мол болғанымен, әйтеуір құттай бір жауыздығы тұрады. Ешкім мойындағысы келмес. Дегенмен мұның барын бірнеше дәлелмен айтып көрейік.

Шер мен сыр

Ішімізде жатқан шер бар. Мұң мен сыр бар. Уақыты келгенде, төзім таусылғанда сол оянып, жауыздыққа айналады. Мінез өзгереді. Ашушаңдық пайда болады. Сондай сәтте ішімізде бар, туылғалы бірге өмір сүрген екінші адам өмір сүре бастайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын аймақта адам айтса нанғысыз оқиға орын алған болатын. Аудандардың бірінде тұратын тұрғын сүйіктісінің басын кесіп алды. Қалада орын алған оқиға елді есеңгіретті. Өйткені адам өлтірген жігіт жәй адам емес еді. Көпшілікке сыйлы, оқыған, мектепте белді қызметте жұмыс жасайтын. Айналасынан тек алғыс алған жігіт неге ондай қадамға барды? Қалай жауыздық жасай салды? Енді тарқатып көрейік.
Көптің айтуынша, жігіт бала күнінен тәрбиелі, үлгілі отбасында өскен. Оқуда алғыр болған. Ұстаздық етіп, талай шәкірт тәрбиелеп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Бірақ оның ішіндегі қара жәшігін ешкім білмейтін еді. Мүмкін өзі де білмесе керек. Ашуланды, дегені болмады. Солай сол жәшіктің түбінде жатқан жауыздығы оянды. Көзді байлады. Сыртқа шықты. Нәтижесі жауыздықпен кісі өліміне әкелді. Ал соны бала күнінде шығарып тастаса олай болмас па еді деген сұрақ туындайды. Мәселен, іште жатқан зұлымдықты біз ойынмен шығардық. Жәй ғана ойын емес, жауыздықпен бақа-шаяндарды өлтіру арқылы оның бәрінен құтылдық. Өсе келе оның дұрыс емесін ұқтық. Қара жәшік сол кезде ашылды. Жәндіктің жаны қалай қиналатынын, өмір мен өлім арасындағы арпалысын ұқтық. «Балаға олай істе деп жауыздыққа итермелеуге болмайды» дерсіз. Біздің кезімізде смартфон жоқ, бір ойыннан шаршаған соң сондай қадамға барған едік. Қазір есік алдында ойнап жүрген баланы байқамайсың. Оларға жәндік өлтір дей алмайсың ғой. Сол үшін кішкентайынан оларға еркіндік беру керек. Есірту емес. Аражікті ажыратқан жөн. Еркін сөйлесін. Еркін ойнасын. Еркін ойын жеткізсін. Ішінде ештеңе сақтамасын. Барлығын сыртқа шығарсын. «Сен оқымасаң адам болмайсың, сен ақымақсың ба» деп баланы қинап оқыту да дұрыс емес. Сол агрессияның барлығы баланың ішінде сақталады. Біздің бала күнімізде ондай тәрбие болмады емес, болды. Ол кезде әкелердің ішетін кезі еді. Ақша аз, біріміздің киімімізді біріміз киіп өстік. Сол дүние ішке жиналғанда, әлгінде айтқан жәндік өлтіріп шығаратын едік. Ал қазір біреуге физикалық зияндық тигізу былай тұрсын, қиянат жасауға дәтіміз бармайды.

Іштен шыққан түрлі тұлға

Денесінде 24 адам өмір сүріп жатқан Билли Миллиганды білесіз бе? 1955 жылы Майами-Бичте дүниеге келген қарапайым жігіттің ішінде 24 тұлға өмір сүріп жатыр. Дүниежүзі ғалымдары бұл мәселені осы күнге дейін талқылауда. 1970 жылдары Билли Огойо, АҚШ елдерінде сотталып, тергеу барысында психикалық ауытқу әсерінен, психиатрлық ауруханаға жатқызылады. Билли Миллиганның ішінде өмір сүріп жатқан 24 тұлғаның 10-ы ғана қоғаммен бірге өмір сүре алады, ал қалғаны адамгершілік ұғымына жат тұлғалар. Ғалымдар мен дәрігерлердің «Билли Миллиган» мемлекетінде өмір сүріп жатқан тұрғындармен танысуы қиындық туғызды.
Бірінші басты тұлға – үнемі өзін өлтіруге талпынатын 26 жастағы Билли. Бойы – 183 сантиметр, салмағы – 86 килограмм. Көзі көк, шашы талшын түстес. Мектепті жарты жолдан тастап кеткен. 16 жасында үйдің шатырынан секірмек болғанында, денесіндегі басқа тұлғалар тоқтатады. Осыдан кейін 6 жыл бойы бой көрсетпейді. Одан кейінгісі Артур 22 жаста . Білімді, салмақты, ойлау интеллектісі жоғары ағылшын азаматы. Британдық акцентпен сөйлейді. Көп уақытын кітапханада өткізеді. Медицина саласының маманы. Арабша хат танып, мүдірмей оқиды. Миллиганның денесінде жалғыз еместігін түсініп, басқаларды ығыстырып жіберуге талпынады. Отбасының өзге мүшелеріне арналған ережелерді ұйымдастырып отырады. Көзіне көзілдірік тағып жүргенді жақсы көреді. Мұнымен қатар, қай тұлғаның қай жерде көрінгені дұрыс екендігін шешіп отырады. Содан соң Рейджен Вадасконович. 23 жаста. Өзі югославакиялық жігіт. Ағылшын тілінде славяндық акцентпен сөйлейді. Салмағы – 95 килограмм. Денелі, аяқ-қолы балғадай, қара шашты, мұртты жігіт. Дальтонизмнен жапа шегетіндіктен, ақ-қара түсті суреттер салады. Карате өнерін өте жақсы меңгерген, мерген. Рейдженнің әлсіз жері – балалар мен әйел заты. Олар қиындыққа түсіп қалған жағдайда барын салып көмектеседі. (Тіпті байларды тонап, ұрлық жасауы мүмкін). Билли түрмеге түскен сайын, тізгінді Рейджен қолға алады.
Томми. 16 жаста. Қашудың шебері. Кез келген құлыпты ашып, электрлік, механикалық құрылғылармен жұмыс жасауды жақсы біледі. Бұлшық еттерін жиырып, темір бұғаудан босай алады. Саксафонда ойнап, пейзаждар салады. Ашушаң әрі көпшілікпен араласа бермейді. Шашының түсі ақшыл сары, көзінің түсі кәріптас секілді. Ал Денни 14 жаста. Адамдардан, әсіресе, ер адамдардан қатты қорқады. Тек натюрморт салғанды жақсы көреді. Бала күнінде өгей әкесі жерден көр қазып, көміп қойған екен. Осы оқиғадан кейін ері адамдардан алшақ жүреді. Шашы иығына түскен, ашық түсті, көзі көк. Дэвид болса 8 жаста. Барлық тұлғалардың ауыртпалығын бір өзі көтереді. Өте сезімтал, көңілі бос. Айналасындағылардың өзін не себепті кінәлайтынын түсінбейді. Бойы басқаларға қарағанда қысқа. Кристин болса 3 жаста. Баспа әріптерімен жаза білетін ағылшындық қыз. Бірақ дұрыс сөйлей алмайды. Көбелектер мен гүлдердің суретін салғанды жақсы көреді. «Отбасының» сүйікті қызы. Шашы ақшыл сары түсті.
Кристофері 13 жаста. Кристиннің ағасы. Британдық акцентпен сөйлейді. Бірде үлкендерді тыңдаса, енді бірде сотқар болып кетеді. Гармон аспабында жақсы ойнайды. Шашының түсі Кристинмен бірдей, тек кекілі қысқа. Ал Адалана 19 жаста. Үй шаруасын жақсы көреді. Бос уақытында өлең жазады. Адалананың шашы ұзын, қара түсті. Қоңыр түсті көзі ауруына байланысты бір орында тұрмайды.
Қалған 13 тұлғаның есімі құлаққа жағымсыз естілетіндіктен, Артур мен Рейнджер оларға жарыққа шығуға тыйым салған. «Билли Миллиган» мемлекетінде 24 тұлғаның басын біріктіріп тұрған ұстаз тұлға бар. Ол өзін афиндік орталықта емделіп жатқан кезде көрсеткен. 1991 жылы 10 жыл емделіп, Билли Миллиган ақыл-есі дұрыс деп танылып, бостандыққа шығады. Оны физика және математика саласы қызықтырады. 1999 жылы Билли қарым-қатынасты 60-тан асқан Билли балалар құқығын қорғау ұйымында жұмыс істейді. Темір тордың ар жағындағыларға білім алуға көмектесіп, жануарларды қорғау мәселесімен де айналысып жүр. Бос уақытында сурет салумен шұғылданады екен.

Қиянат қылғандар

Әлемде түрлі оқиға орын алып жатыр. Ескісі де, жаңасы да жағаны ұстатары анық. Оның ішінде қасақана, абайсызда, дайындалып не қорғанып адам өлтіргендер бар. Зерттей келе осы әдейі адам өлтірушілердің ішкі дүниесіне үңіліп көрейік. Олардың көбі бала күнінде үлкендерден зәбір көргендер. Тәрбие жоқ, көргені қорлық. Әбден ішіндегі қара жәшікті зұлымдыққа толтырады. Толған соң оны жаман жағынан пайдалана бастайды. Мәселен, 2013 жылы анасын 151 жерден пышақтап өлтірген Изабелла Гусман жайында білетіндер көп. Барлығы «сүйкімді монстр» атап кеткен 19 жасар қыз сот залында өзін біртүрлі ұстайды. Күледі, мысқылдайды. Тіпті жасаған ісіне тояттанады. Бұл қыз ауру деп ойлар көбі. Бірақ кейбір дереккөзде Изабелланың жастайынан өгей әкесінен қорлық көріп, анасы құлдыққа сатпақ болғаны жайында жазылуда. Амалы таусылған, әбден теперіш көрген қыз осылай жасауға бел буады. Демек, ішіндегі қара жәшікке жиналған ашу мен ыза, кек пен шер толады да, шегіне жетеді. Кейінгі іс санада болмайды, қол мен істе болады. Бейсаналық түрде солай жауыздық жасайды. Қызығы, анасын өлтірген Изабелланың денсаулығын тексерген дәрігерлер оның ешқандай да психикалық ауытқуы жоқ екенін анықтайды. Тек уақытылы емделсе, санасы қалыпқа келетінен жеткізген.

Түйін:
Әр адамның ішінде ашылмаған қара жәшік бар. Бұл жәшік туылғанда қоса туады. Ғылыми дәлелдей алмасақ та, іште жатқан сол бір дүниені әрбір адам өзі ғана сезіне алады. Біреуге іштей налыса, өзінен оза шапса, іштей арамдық тілейтіні бар. Қызғаныштан жан дүниесі күйіп, қолдан келер шара таппаған соң іштей қарғайтыны да бар. Ақша, мансап, атақ, марапат бар жерде осы қара жәшікті өкпе мен ызаға толтырамыз. Оны басқара алатыны қара жәшіктің есігін оңай құлыптай алады. Басқара алмайтыны, өкінішке орай зұлымдыққа жол береді...
Айнұр ӘЛИ
27 қаңтар 2024 ж. 416 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930