Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлу жылы – ұлы бастама (ностальгия)

Ұлу жылы – ұлы бастама (ностальгия)

Жылы төсектен әрең басыңды шығарып терезеге көз тастасаң, түнімен ақ ұлпасын төккен қар жер бетін толық жапқан. Екі құлағыңнан гуілдеген дыбыс, сірә теледидардан шықса керек. Бірінен соң бірі үздіксіз көрсетіліп жатқан «Ну, погоди!» мультфильмі. Қай бөлімін көрсетсе де қараған бойы ілесе кетесің. Езуіңе жиырылған күлкіні анаңның таң ата пісірген бауырсағының иісі тіпті елітіп әкетеді.
Сүйретіле тұрып, асханаға барасың. Дастарқанда не жоқ десеңізші. Сәндеп ыдысқа салынған «Барбарис», «Ирис» кәмпиттер. Жұмыртқаға илеп пісірген «хворост». Домалақтап қуырылған қытырлақ нанның қақ ортасын біріктіріп тұрған сіріңкесі де майға күйіп, ерекше сән беріп тұр. Шөліңді басар «юпиді» суға ерітіп, шырын ыдысына құйып қойыпты. Түнімен күйе ошаққа пісіріп алған картошка, сәбіз, жұмыртқаның да иісі мұрынды жарып барады. Айтпаса да түсінікті ғой, кешкі дастарқанға – «мясной салат». Ағаш жәшіктен енді ғана алып, вазаға қойылған мандариннің түсі де, өзі де сондай сүйкімді. Бір данасын ұрлана алып, қабығын аша жөнелесің. Пытырлай шашыраған тамшы сөлі басыңнан тебеді. Дәмін алып болған соң бауырсақ қуырып жатқан анаңның етегіне жармасып, «бүгін жаңа жыл ма?» деп қайта-қайта сұрай бересің. Артық сөзсіз қабағымен, көзімен бір атқан анаңнан сескеніп далаға қарай беттейсің.
Далада қар. Аққала жасап, қаптап алып қойған үйдегі сәбізден біреуін, сарайда тұрған қара көмірден шағын екеуін алып әлгі аққаланың басына қадайсың. Тіпті керексіз деген тесік шелекті басына кигізіп қойып мәз боласың. Осы сәттерде көше бойы балалардың «пистон бомба» атып, үркіткеніне шыдай алмай үйге кіресің. Қолғап су, екі бет алмадай қызыл, ауық-ауық мұрныңды тартып қоясың. «Ауырасың ғой» деген анаң қолғабыңды пешке жайып, етігіңді мойнаққа қойып бәйек болып жүр. «Мама, бүгін жаңа жыл ма?» дейсің тағы. Бұл жолы жай ғана жауап беріп, асымызды алдымызға қояды. «Түнгі 12-ні кім күтеді дейсің? Кешкі асымызды ішіп алайық, әкелеріңнің қарны ашады» дейді арасында. «Мантоваркада» піспеген мантының тұрғанын іштей сезесің. Ол отқа кешкі 23.00-де қойылады. Оған дейін әлгі «мясной салатты» бауырсақтың арасына салып жеп аласың. 21.00 болғанда көрші-көлем, туыс, дос, сыныптастар болып орталық алаңға аттанасың. Күн суық. Бірақ сол концерт әйтеуір қызық. Аспанға атылған отшашуды тамашалағың-ақ келеді. Алайда сағат 23.00-ден бастап хабарласқан анаң қалтафонның ар жағынан «12 болды ғой, қайтыңдар енді, жаңа жылды бірге қарсы алуымыз керек» дейді. Амалсыз үйге қайтамыз. Дастарқан азандағыдан да жайнап кеткен. Қаз-қатар жайғаса кетесің. Иә, санаулы уақыт қалды. Кенет арналардан ел басшысы жаңа жылмен қазақ елін құттықтайды.
Басынан-аяқ үзбей көріп, рақмет айтысамыз. 3, 2, 1 деген секундтар тықылдап көк жәшіктен көлбей өтеді. Міне, жаңа жыл келді деген барлығымыз далаға «салют» атуға шығамыз. Жан-жақтан атылған отшашулар. Кейде ішіңнен «Мә, мына көрші Серіктің отшашуы қымбат екен, дауысы қатты шықты» дейсің. Солай үйге кіріп, ештеңе болмағандай ұйқыға кетесің. Ал ертеңі азанда теледидардан «Один дома» көркем фильмі қосылып тұрады. Көзіңді тырмап ашып көк жәшік алдына жайғасасың. Қолыңда мандарин. Дастарқанға көз тастасаң, кешегі ас, кешегі салат түрлері құдды қуаныш сыйлап тұрғандай. Жарығы өшпеген шыршаның айналасында жіпке тізген мақта, қағазбен қолдан өрнектеген шынжыр, терезеге жабыстырылған қағаз оюлар да әлі тұр.
Жаңа жылдық көңіл күй аяқталған соң келер жылды да дәл осылай қарсы аласың. Маңызды жаңа жылдық кешке алдын ала дайындалып, шашты жылтырақ «прелестьпен» қатырып, ол болмаса қантпен кекіл қайыратын кездер тіпті бөлек еді ғой. Әр жылдың атауы барын естіп алып «мына жыл менікі, осы жыл тышқан жылы, келер жыл менің жылым» дейтін мақтаныш та көп еді. Зымыраған уақыт өз ағынын тоқтатар емес. Дөңгеленген дүние айналып 2024 жыл – Ұлу жылына әкелді. Бұл жыл туралы әртүрлі жорамал бар. Түркі жұрты оның ішінде қазақтар да ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған. Соған қарағанда бұл халық үшін жайлы, жұмсақ жылдар қатарынан орын алса керек.
Ендеше, ұлу жылы – ұлы бастамаларға толы болсын!

Айнұр ӘЛИ

30 желтоқсан 2023 ж. 342 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 77

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930