Білектей арқасында өрген бұрым...
Бұрымды қыз қашан да әсемділік пен биязылықтың белгісі. Қос бұрымы иығына төгілген қыздардың ерекше көзге түсетіні белігілі. Сондай қыздардың бірі қазалылық Үміт Әшім десек болады. Ол жуырда ғана өткен облыстық «Бұрымды ару – 2021» телевизиялық байқауының ІІ орын иегері. Үміт қазіргі таңда Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде программист мамандығы бойынша білім алуда.
Білімі мен өнерін қатар ұштастырған бойжеткеннің жетістіктері де айтарлықтай. Айтуынша, ол алғаш колледжішілік, кейін аудандық сайысқа өтініш беріп, онда «Бұрымды ару – 2020» атанып, бас жүлдені қанжылаған. Осы жеңісі облыстық байқауға қатысуға тікелей жолдама алып беріп отыр. Студент қыз колледж қабырғасында пәндік олимпиадаларға қатысып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Сонымен қатар жастарды қолдау мақсатында елбасының «Ел үміті» бастамасы жариялаған «жеті бағыт» жобасы аясында «Елбасы медалі» иегері атанды. Сабақтан тыс уақытта аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту орталығында домбыра, би, вокал үйірмесіне қатысады. Қазіргі таңда «Айнұр-шоу» би ансамблінің құрамында өнер көрсетеді.
– Мен шашымды кішкентайымнан өсіруіме анам себепкер болды. Шашымның ұшын айына бір рет тегістеп, қысқартып тұрамын. Қазіргі таңда ұзындығы 100 сантиметрден асады. Қалың әрі ұзын болуы үшін арнайы маска мен жақпа майларды қолданамын. Көбіне шашымды өріп жүремін, – дейді бойжеткен.
Қызылорда қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Қазақстан – Қызылорда телеарнасы бірлесіп ұйымдастырған бұл байқауға облыстың әр аймағынан 18-27 жас аралығындағы 10 қыз қатысқан. Жарыс таныстыру, өз өнері, шаш өрімі және сұрақ-жауап сынды 4 кезең бойынша өткен. «Мен үшін сайыстың ең маңызды бөлігі өз өнерін көрсету болды. Себебі, бұл кезеңде біздің пір тұтатын Бегім ананың рөлін сомдап, монолог оқыдым. Қасиетті тұлғаның образын халыққа жеткізуде қателік жіберемін бе деген үлкен қорқыныш болды. Дегенмен халықтың ықыласы мен қошеметін көргенде өз рөлімді толықтай алып шыққанымды ұқтым. Мұның бәрі жүйелі дайындықтың арқасында келгенін айта кеткім келеді. Осы байқауға қатысуыма себепші болған жандар мен қолдаушыларыма, жетекшім Мөлдір Малдыбаеваға ерекше алғыс білдіргім келеді», – дейді ол.
– Үміт колледж белсендісі, білім шаңырағында ұйымдастырылып жатқан қоғамдық-мәдени іс шаралардың барлығына араласады. Ол топ басшысы. Сабақ үлгерімі өте жақсы. Сабақтан бөлек, дизайнерлік саласына да қызығушылық танытады. Өзінің еңбеқорлығымен, қайтпас мінезімен өзі қатысқан сайыстарда топ жарып, колледж ұжымы мен жақындарын қуанышқа бөлеп жүр. Болашақта әлі де талай белестерді бағындырады деп сенемін, – дейді кураторы Ләззат Түктібаева.
«Өмірде қыз болу бар да, Қазақ қызы болу мүлдем бөлек» – деп жырлаған белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерееваның өлең жолдарында үлкен мән жатыр. Расымен, қазақы болмысымызды сақтап, иығында қос бұрымы төгіліп, иманы мен инабаты келіскен Үміт сынды арулар көп болса, ұлттың келешегі кемел болатыны сөзсіз.
Арайлым ЖҮСІПОВА