Адамның аты тағдырға таңба ма?
Адам баласы іңгәлап дүние есігін ашқаннан жақындары оған есім береді. Әлбетте, барлық ата-ана баласына әдемі, мағыналы ат қоюға айрықша назар аударады, сондай-ақ бұған асқан жауапкершілікпен қарайды. Өйткені берілетін есім сол адамның тағдырына, қала берді келешегіне әсер етеді деп топшылайды. Әйтсе де әлдебір адамдардың есімі кейде құлаққа түрпідей тиетін сәттер аз кездеспейді. Қоғам түрленіп, заманаға деген көзқарасымыз өзгерген сайын, ат қою салты да жаңаша көрініс тауып жатқаны заңдылық. Дәуір ағымымен есімдер де ескіріп, түрліше қойылуда. Біз бүгін адамға ат қоюда нені негізге алып жүрміз? Жалпы қазақ халқы балаға ат қойғанда қандай қағидаларға сүйенген? Әлем елдеріндегі ерекшелік нендей? Сауалдарға жауап іздеп көрсек.
Есім қойғанда ескеру керек
Жалпы қазақ танымында балаға ат қою тарихымызда бар салт пен дәстүрді, әдет пен ғұрыпты, ырым мен тыйымды, сондай-ақ жөн-жоралғыларды түгел қамтитын дәстүр саналады. Ал жаңа туған нәрестеге кез келген адам ат қоймаған. Халқымыз бұған да аса мән берген. Ат қойғызатын адамға да таңдау түскен. Ата-ана ел ішінде беделді, көпті көрген көнекөз қарияға не болмаса елге елеулі жанға баласына есім беруге қолқа салған. Тіпті болмаса өз жұрты, нағашы жұрты, сондай-ақ қайын жұртының арасында сондай жандар болса, солардың ішінен таңдауы түскен адамға ұсыныс білдірген.
Қазақ балаға есім таңдап қоюда мынадай талап-тілектерді қатаң ескерген. Әуелі балаға қойылған есім естір құлаққа жағымды болғаны шарт. Бұл бір жағы өзгелер мазақ етпес үшін де маңызды. Өйткені баланың есімі оның өміріне ықпал етуі мүмкін. Сөз құдіретін оның қуатын түсінген қазақ халқы сөздің төркінін астарлы ойын сергектікпен ұғынғанын ескерсек, оның сиқыры барын да ұмытпаған. Сондықтан дұрыс ат қою қай заманда да маңызын жоғалтпады. Ал келесі бір ескерер жайт балаға қойылған есім туыстар ішінде қайталанбауы тиіс. Тағы бір маңызға ие болған дүние балаға берілер ат мағынасыз болмау керек. Өйткені балаға қойылған есім бір емес, екі дүниеге де уәкілдік етеді деп топшыланады. Сондықтан кез келген сөзбен мағынасыз есім қоюға тыйым салынған. Таңдалған ат белгілі бір мәнге, талғамға ие болғаны жөн. Одан кейінгі жасалар үрдіс бұл азан шақырып ат қою. Ат қояр адам баланың оң құлағына үш рет азан шақырып, сенің атың, ... деп айтады. Одан соң сол құлағына үш рет тәкбір айтып, сенің есімің .... деп есімді бекту керек. Сонда оң құлақтан айтқан сөз, сол құлақтан ағып кетпейтін болады деп сенген.
«Есім тұлғаның қалыптасуына әсер ететін бірден-бір феномен. Балаға жақсы ат қою – оның тағдырына тікелей әсер етеді», – дейді филология ғылымдарының кандидаты, белгілі Абайтанушы Омар Жәлел.
– Кезінде медицина дамымаған уақытта балалар шешек, оба ауруларынан ауырып қайтқанда жаман есімді көз тимесін деген ниетпен қоюға мәжбүр болды. Бірақ қазір заман өзгерді ондай есімдерді қоюдың қажеттілігі шамалы. Балаға есім беруде халықтың белгілі бір тұлғаға деген махаббаты көрінеді. Сол махаббаты есім арқылы баланың тәрбиесіне трансформацияланады. Адамның есімі секілді кез-келген Құдай жаратқан құбылыстың аты бар. Ағылшындар айтады: «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» деп, сол сияқты баланың тағдыры өз есімімен тығыз байланысты. Егер балаға мағынасы жақсы есім берілсе, болашақ өмірі де жарқын болатынына сенім мол. Қазақта «Атыңа заты сай екен» деген сөз бар. Яғни балаға жақсы ат қойсаңыз ол есімнің өзінің мәні тағдырына жарығын түсіріп тұрады.
Әр елдің салты басқа
Әлемде түрлі қызық бар. Есім таңдаудағы ерекшеліктер өзге халықтарда да көптеп кездеседі екен. Мысалға айтар болсақ, бұрындары Африкада жаңа туған сәбиге өмірден өткен жақынының есімі берілетін болған. Балаға бұлай ат қоюды көп жағдайда баланың ата-анасы емес, бақсы, балгерлер шешкен. Ал мына бір қызықты қараңыз. Австралияда мынадай дәстүр бар. Баланың есімі оның түшкіргеніне қарай қойылады-мыс. Білуімізше, бұл үрдіс былайша көрініс тапқан. Әкесі баласының бойынан көргісі келетін қасиеттерді әндетіп атайды. Қайсы атауға келгенде бала түшкірсе сол есімге тоқталады. Кейде баланың түшкіруін күндеп, апталап күтетін кездер болған.
Сізге бірнеше есім таңдауға болады десе, сенер ме едіңіз? Таңданатын дүние, иә?! Ал Испания халқы үшін бұл таңсық дүние емес. Өйткені бұл елде әрбір бай адамның алты есім алуға құқығы бар. Қызығы сол, кейбіреулері он екі есімге дейін ие. Ал лауазымды адамдардың ат таңдауына тіпті шектеу жоқ. Олар үшін әрбір есім олардың көктегі жебеушісі. Олар соған сенеді. Егер есім қаншалықты көп болса, оның қорғаушылары да көп деген түсінік те қалыптасқан. Бірақ бұл атаулар үшін олар шіркеуге ақы төлеуге міндеттелген. Ал мұндай ғұрыпқа жағдайы келмейтін қарапайым жандар бір не екі есіммен шектелетін көрінеді.
Жалпы біз білетін көптеген мәдениетте адамның бірнеше аты бар. Олардың бірі балаға нәресте шағында, екіншісі – жасөспірім шағында, ал үшіншісі – ересек кездерінің басталуымен қойылады. Мысалы, Аспан асты елінде баланың бірінші есімі балалық шағындағы еркелетіп айтатын аты. Одан кейінгісі – кәмелет жасындағысы. Ал азаматтық шаққа аяқ басқанда балаға әкесінің тегі беріледі. Әуелгіде мұндай есімдер тек ер адамдардың есімінен кейін қолданылған.
Ал әдепті қатаң сақтайтын шығыс ұлты деп танылған көрей елінде бүл түсінік басқашалау. Оларда ат таңдау кезінде нәрестенің туған уақыты мен оның тегі маңызды рөл атқарады. Арнайы маман иероглифтер арқылы бес элементтің үйлесімділігі мен тепе-теңдігін сақтай отырып есім таңдайтын көрінеді. Олардың пайымынша бұл – болашақта сәттілік әкеледі. Осы қағида негізінде таңдалған ат адамды бақытты етеді деп болжаған. Айта кететін жайт, мұндай үрдіс ақысыз жасалмайды. Балаға бұлай есім таңдау кемінде 200 мың вон, долларға шаққанда 170 долларды құрайды. Айтпақшы, ата-ана ат қоюшымен өздері хабарласпайды. Ол жақындары немесе достары арқылы келуі тиіс.
Ал көршілес орыс халқында бәрі басқаша. Олар көбіне балаларының атын туыстарының не әулиелерінің құрметіне атайды. Ал бүгінде олар еуропалық сәнге айналған есімдерді таңдап алғанды жөн көреді. Осылайша, мұрагерлеріне әдемі есім таңдап қояды.
Есім арқылы тағдыр арқалау
Жоғарыда кейбір елдерде балаға қайтыс болған жақынының есімі беріледі дедік. Мұндай дүниелер біздің өмірімізде де жиі кездесіп жатады. Мысалы мына бір оқиға соның нақ дәлелі. Әбжан есімді алыс ағайынымыз бар еді. Соның тұңғышы қыз болатын. Бойжеткен шағында өмірден өтті. Әлгі ағайыным қызын қатты жақсы көрді. Одан кейін көзге көрінген қаралары болса да, ол үшін қайтыс болған қызының орны бөлек болды. Ұлдары жанында жүргенімен тағы бір қызым болса деп армандайтын. Бірақ әйелінің құрсағына қыз бітпеді. Сөйтіп жылдар сырғып өтіп жатты. Қызды аңсап жүргенде тұңғышынан кейінгі ұлы шаңырақ көтеріп, өмірге сәби келді. Әулетте ағамның өмірден озған қызынан кейін қыз болмаған.
Ағамның көңіліне жасырған жарасы жазылып, көптен күткен қуанышы еселене түсті. Ағам қызының көрмеген қызығын немересі көрсін деген ниетпен қайтыс болған тұңғышының есімін немересіне беремін деп шешті. Көпшілік бұған басында наразы болды. Бірақ ағам бет қақтырмады. Сөйтіп немересін «Нарқыз» деп атады. Бірақ ағамның қуанышы бұл жолы да алысқа бармады. Көптің күткені болғандай. Өйткені немересі ауыр дертке душар болып, өмірмен небары жеті жасында қош айтысты. Көпшілік бұл оқиғаның осылай жалғасуын күтпесе де, іштей күмәнданған еді. Сол кездегі жұрттың жанайқайын бекер еместігін кейін ұғындық. Бірақ тым кеш еді. Есім арқылы тағдыр арқалау деген осы екен...
Медицина мамандарының айтуынша, адамға ат қоюда өте абай болу керек. Сөздеріне сенсек, балаға бақилық болған жақынының есімін қоюға болмайды. Өйткені есім арқылы сәбидің бейсанасына сол адамның өмірін сүреді деген ақпарат барады. Яғни қайтыс болған адамның өмірін жалғастыратын болады. Мұндай оқиғалар олардың тәжірибесінде көптеп кездесетін көрінеді. Сондықтан олар мұндайға салғырт қарамауды қатаң ескертеді. Тіпті мына бір қағидаға сүйенген артық етпейді дейді олар.
Бала өмірге келгеннен есім беруге асықпаған жөн. Тым құрығанда 7 күн күту керек. Тек 7 күн өткен соң ғана кқойған дұрыс. Ал егер мүмкіндік болса, 40 күнге дейін күткен абзалырақ, – дейді мамандар.
Әріптердің де өз әдебі бар
Сенесіз бе, адамға есім қойғанда адам атындағы әріптердің орналасуының да өз әдебі бар көрінеді. Мамандардың айтуынша, қызға есім қойғанда, есімінің соңғы әріпі дауысты дыбыспен аяқталған жөн. Ал егер ұлға қойғанда дауыссыз дыбыспен аяқталғаны дұрыс. Мамандардың бұлай айтуының мәнісі мынада. Ер баланың есіміндегі соңғы әріп дауыссыз дыбыспен аяқталуы – еркектің сөзі мен ісі сәйкес болсын деген оймен байланысты дегенге саяды.
Осы тақырыпта ізденіс барысында мынаны байқадым. Қыздардың есімінде «а» әрпі жиі кездеседі екен. Тіпті «а» әрпінен бастау алатындары көп екен. Сарапшы мамандар ата-аналардың қыздарына «а» әрпінен басталатын есімді беруі олардың қоғамда алда болуын қалайтындықтарынан деп түсіндіреді. Олардың айтуынша, мұндай қыздар тұрмыс құрғанда күйеуіне қарағанда беделі басымырақ болады. Логикаға салсақ, әліппеде бірінші әріп «а» әрпі екені білеміз. Демек, мұндай адамдардың отбасында, қоғамда «альфа» болуы заңдылық. Мұны көп жылдық тәжірибесі бар дәрігер Мәди Алдарбергенов те мақұлдайды.
– Танысу сайттарына кірсек, ол жақта 10 есімнің ішінен 7-8 қыздың есімі «а» әріпінен басталады. Ішкі жандүниесінде беделді болуға деген талпыныс байқалып тұрады. Әйелдегі мұндай қасиет еркектерге онша ұнамайды. Жанұяда бірінші бала, алғашқы немере қыз болса, қызға «а» әріпінен есім бермеуге кеңес беремін. Ол қыз жан жағынан алып қарағанда беделді болып келеді. Ол спортта немесе білімде, жұмысында бірінші болуға тырысады. Негізі «а» әріпінен келетін есімдерді ұлдарға берген дұрыс. Себебі жалпы тарихты алып қарасақ Жаратушы ең бірінші «Адамды» жаратқан, ең алғашқы патриарх – Авраам, үш жүздің басын қосқан жалғыз ханның Абылайдың да есімі «а» әріпінен басталады, – дейді ол.
Сандар қалай сөйлейді?
Ел арасында ел естімеген есімдерді естігенде таңданып қалатынымыз бар. Таңданған былай тұрсын, таңдай қағып, тамсанатынымыз жасырын емес. Тіпті кейбіреуіне күліп те жатамыз. Сондай есімдердің қатары әлі де толығып жатқанынан хабардарсыз ба? Ұлттық статистика бюросы осындай ерекше есімдер туралы жариялаған мәліметке зер салсаңыз, сіз бен біз естімеген есімдерге қанығарыңыз анық.
Мысалы елімізде Қазақстан, Теңге, Астана, Елбасы, Тәуелсіздік, Атазаң, Ару-Астана, сондай-ақ Саммит, Экспо сынды есімдерді арқалаған адамдар бар. Бұл есімдерге қарап, белгілі бір оқиғаларға негізделіп қойылғанын болжау қиын емес. Халқымыздың осыдан-ақ қандай да бір жақсы оқиғаны ырымға балайтындығын бағамдай беріңіз.
Тіпті есімі елең еткізетін есімдердің қатарында аты аңызға айналған тұлғалардың атымен ұқсас келетіндері бар. Мысалы, өткен жылдары Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров сынды алаш зиялыларынығ есімімен аталған жандардың саны көпті елең еткізді.
Ұлттық статистика бюросы жариялаған дерек бойынша, 2023 жылғы маусымда ұл балаларға Әлихан, ал қыздарға Медина есімі көп таңдалған. Әлихан, Алдияр, Әмір есімі жиі қойылған. Омар, Алан есімдері де қалыс қалмай, үздік бестіктің қатарын толықтырған.
Сандық мәліметке сүйенсек, Алихан – 298, Алдияр – 262, Әмір – 240, Омар – 233, Алан – 227 адамға қойылыпты. Ал қыздарға көп қойылғандардың ішінде Медина, Айлин, Айша есімдері танымал. Медина – 551, Айлин – 482, Айша – 452 рет қойылған екен.
Арабқа айналып кетпейміз бе?
Қазақ Алла Тағаланың 99 көркем есімін де балаларына жиі қойған. Мұсылманшылықты ұстанған ел болған соң, бұл таңданатындай жай емес. Десе де Алланың көркем есімін сол күйінде емес алдына көбінде Әбді деген сөзді қосып қоятын болған. Әбді сөзін араб тілінен тәржімалағанда Алланың құлы деген мағынаны білдіреді. Мысалға келтірер болсақ, Әбдірахман, Әбдімәлік, Әбдіжаппар, Әбдікәрім сынды есімдерді күнделікті өмірімізде жиі естіп жүрміз. Ал кешегі Кеңес Одағының заманында сол кезеңдегі идеологияға сай Сьез, Совет, Артьелбай секілді және тағы басқа да есімдер көптеп кездесті. Бертін келе заманына қарай түрлі есімдер қойылып келеді. Кейін тәуелсіздігімізді алып, еліміздің рухани өмірі мен діни көзқарастары толығып, ал енді бір жағынан әралуан бағыттар бойынша дамыған тұста қазақ қоғамы өз қағынан жеріген құландай ұлттық құндылықтарымызды шетке ысырып бастады. Сәйкесінше арабтың салтын, санасын өз бойларына сіңіруде. Тіпті бұл үрдіс есім беру салтында кең көрініс тауып жатыр. Жұртшылық балаларына жаппай арабша есімді қоюды сәнге айналдырды. Жалпы, қандай ат қойса да өзі біледі, бірақ әр ұлт өзінің тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғүрпын сақтаумен ғана ұлт болып қалады. Арабқұлға айналғымыз келмесе, қазақша ат қоюға арланбағанымыз абзал. Десек те, бұл тақырыпта тараптардың пікірі алуан түрлі. Бірі қолдаса, ал енді біреулері қолдамайды.
– Өз басым мұсылманша, яғни арабша есімдер қоюға қарсы емеспін. Керісінше, мұндай есімдер құлаққа жағымды естіледі. Көбі араб тілінде болған соң, салмағы ауыр дегенді желеу етеді. Ол адамның қабылдауына байланысты деп ойлаймын. Қазір онсызда жеңіл, мағынасыз аттар көбейіп кетті. Соның орнын мағыналы әрі мәнді есімдермен ауыстырса айып емес. Өзім екі ұлдың әкесімін. Тұңғышымды Омар, кенжемді Рахым деп атадық. «Омар» араб тілінен аударғанда өміршең дегенді білдірсе, «Рахым» мейірімді дегенді білдіреді, – дейді кент тұрғыны Айарыс Қаныбеков.
Ал Жібек, Қорлан есімді екі сұлу қыздың анасы Әдемі Жастілек керісінше қазақы болмыстан ажырамауымыз керек дегенді айтады.
– Меніңше, өзіміздің салтымыз бен санамызға сай есімді таңдағанымыз абзал. Бала сол арқылы өзінің туған жерінің тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын санасына сіңіріп өседі. Сол арқылы бітім-болмысы қалыптасады. Мен осы қағиданы қатаң ұстанамын. Әзірге Алла берген екі қызым бар. Үшіншісіне жүктімін. Отағасымен қазірдн есімін ойластырып жүрміз. Әрине, тек қазақша есім болады. Тұңғышымды Жібек деп ата-әжесі атады. Ал екіншісінің есімін қою өзіме бұйырды. Қорлан деп атадым. Оның өзіндік кішігірім тарихы бар. 2011 жылы «Жау жүрек мың бала» фильмі жарыққа шыққан еді. Киноны көріп қатты әсерлендім. Содан соң, ойымды жолдасыма айттым. Үлкендер де қарсылық білдірмеді. Фильмдегі батыр қыздың өмірі баянсыз, әрине. Әйтсе де қызыма оның батырлығын берсе деп армандаймын, – дейді ол.
Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді
Халқымыз қашаннан тұрмысын түрлі дәстүрлермен қатар ырым-тыйым, соныдай ақ наным-сенімдермен байланыстырып келеді. Тіпті бұл балаға ат қоб кезінде көрініс тапқан. Мысалы, отбасында қыз дүниеге келсе, Ұлболсын, Ұлмекен деген сынды есімдерді қойған. Әріптесім Ұлболсыннан өз есімінің тарихын сұрағанымда былай деп жауап берді.
– Менің есімімнің бұлай қойылу себебін кез келген адам сұрамастан-ақ ұғары анық. Мен үйдің кенжесімін. Өзімнен үлкен екі әпкем бар. Үйде үшінші қыз болған соң, ата-анам менен кейін ұл болсын деген ниетпен маған осы есімді беруді жөн көрген, – дейді әріптесім.
Қазақ танымында осылай ырыммен қойылған есімдер баршылық. Бала тұрақтамаған үйде керісінше, Тұрсынбек, тұрғанбай, Тоқтасын деген сынды есімдер қойылса, ал балаға көптің назары түсіп, көзі тимесін деген ниетпен Итемген, Көтібар деп атаған. Балаға айдар тағып, бұлай ат қою қазақтың ырымынан туған дүние десек те, кейде ырымның қырын кететінін де ойлау керек. Өйткені бүгінгі қоғамда мұндай ырымдарға адамдардың көзқарасы басқаша. Себебі қазіргі түсінікпен өмір сүретін жандар балаға жоғарыдағыдай ырымдап ат қою баланың тағдырына, қала берді психологиясына әсер етеді дегенді айтады.
– Мен 5 қыздан кейін өмірге келген ұлмын. Әкем өзінің ұрпағын жалғастырар ұлдың өмірге келуін қатты күткен. Бірақ солай екен деп ешқандай ырымға сүйенбепті. Егер олай етсем, олардың болашағымен санаспаған боламын депті. Олар өседі, бойжетеді. Өз есімдерінің қойылу себебін білгенде өздерінің жоспарлы түрде өмірге келмегендігін түсінеді. Ал бұл болмысы нәзік қыздардың көңіліне қаяу салмай қоймайды. Әкем осыны ұғынғандықтан ырымға сүйеніп ат қоюды мақұл көрмепті, – дейді Жалғас есімді қазалылық жігіт.
Жағымсыз есім жайында
Қазақ қашанда баласына жағымсыз есім қоюды жат санаған. Тіпті ол адамның өміріне кесірлік тигізеді деп ойлаған. Бұл турасында түрлі мысалдар аңыздарда да айтылады. Соның біреуінде былай делінеді.
Ертеде Жапалақ деген сөзге жүйрік кісі Торайғыр деген шешеннің даңқын естіп, онымен сөз таластырмаққа еліне келеді. Жапалақтың атын бұрыннан білетін Торайғыр амандық-саулықтан соң қонағын бірден сүріндірмек болып: «Уа, сіздің атыңыз Жапалақ па?» – деп сұрайды. Жапалақ: «Иә, солай», – деп жауап береді. Сонда Торайғыр: «Олай болса, мына көлді бір айналып келші», – дейді. Жапалақ көлді атымен бір айналып келеді. Сосын Торайғырға: «Уа, сіздің атыңыз Торайғыр ма еді?» – дейді. Торайғыр: «Иә, солай», – деп жауап береді. Сонда Жапалақ шешен: «Олай болса, биыл біздің үйде бір байтал қысыр қалып тұр еді», – дейді. Сонда қарсыласының бұл қолқасына жауап қата алмай, сөзден тосылған Торайғыр шешен жеңілгенін мойындаған екен дейді.
Міне, осындай мысалдар халық арасында түрлі жағымсыз аттардың болғандығынан хабардар етеді. Мұндай есімдер туралы халқымыздың салт-дәстүрін зерттеген зерттеушілердің жазбаларында жиі кездеседі.
Түйін: «Адамға дүниеге келгенде берілетін есім оған өмір жолында бағыт сілтейтін жарық жұлдыз іспетті: өмір бойы жанында болатын алғашқы және қасиетті белгілердің бірі» – дейді Бауыржан Момышұлы атамыз. Расымен-ақ, балаға берілер дұрыс есім оның болмысын айшықтап, тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Ендеше, баламыздың тағдырына таңба болатын емес, өмірін көрікті ететін көркем есім қоюға ұмтылғанымыз ләзім.
Арайлым ЖҮСІПОВА