Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көп күттірген қуаныш

Көп күттірген қуаныш

Фото: amur.kz, Юрий Орлов
Әкемнің ағасы ауылда тұрады. Әке-шешеден 3 бауырымен ерте қалды. Өзінен кейінгілерге қарайласып, соларды жеткіземін деп жүргенде өз замандастарынан кеш отау құрды. 40-қа таяғанда жары Марал екеуі ұл сүйді. Енді соның қызығын көрсем деп армандайды.
Алдамжар ағаның қатарластарының алды бірнеше немере сүйіп үлгерген. Ал оның ұлы Саят жасы 30-ға таяса да үйленуге әлі асығар емес. Осыны ойлап Алдамжар аға жиі күрсінетін болып алды. Ұлына "ау, келін әкеліп, шешеңнің қолын ұзартсаңшы" деп күніне бірнеше рет айтатын шығар. Бұған Саят еш қымсынбайды, себебі бұл оның күнде еститін үйреншікті сөзі. Әйтсе де, ол бұл сөздің жүгін түсінеді. Кейде ол әкесіне: "Қатын әкелу, базардан жай зат сатып алу емес қой" деп айтады. Мұнысын шешесі де қостап: Баланың қалауындағы адамы болмаса, қайтеді енді. Бұйырғаны болар, – дейді. Баламды асықтырмайын деп ойлаған Алдамжар аға "Бағың болса, көрерсің" деп көндігіп жүрген-ді. Бірақ өткен аптада арғы ауылда тұратын сыныптасының ұлының тойынан қайтқалы бері көңілсіз кейіпте жүр. Өйткені тойда болғандардың бәрі "Ау, балаңды үйлендірмейсің бе" дей берді. Шаншудай қадалған сөз оған онсызда маза бермей жүрген еді. Бұл жолы жалғыз ұлының үйленбей жүргендігі оның жанын одан сайын жабырқатып жіберді. Үйге келе салысымен, әйеліне: Балаңа қашанғы болысасың? Екі қолын алдына сыйғыза алмай жүрген сиқы мынау? Ендігі бала емес қой. Ау, менің замандастарымның немерелері үйленгелі жатыр. Сенің балаң қашан үйленер екен деп күтіп жүргенімізде, қатынсыз қалмаса жарар еді, – деді Алдамжар аға ашуға мініп.
– Ой, асығып не етесің, 30-ға таяп үйленсе де кеш қалмас, – деп едің, бірақ... Әй, саған айтты не, айтпады не? Мен бір еріккеннен айтады ғой деймісің?
– Қожайын, сонша аптығып не болды саған? Бұйырмыс болса, ертеңді күтпей, бүгін-ақ әкелер. Асықтыра бермеші баланы, – деді Марал жеңге.
– Әй, бәйбіше, сен түсінуден қалыпсың. Мен асықсам, баламның ертерек үй-жай болғанын көргім келеді. Немере сүйсем деймін. Балам бақытынан кеш қалмаса екен деп тілеймін. Бәрінен бұрын қолдың кірі бар кезде аяқтандырып алайық деймін де. Бір жағына қисайып қалмай тұрғанда ертерек қам қылсақ деген ниет қой менікі, – деді Алдамжар аға. Әйтпесе, асықтырып не жын көрінді дейсің маған? Үнемі ұлдың сөзін сөйлейсің. Анау мен айтқан ауылдың қызына атастырайық дегенде де балаңа болысып, ат-тоныңды ала қаштың. Көз көрген ағайынмен құдандалы болсақ деп, арғы көшедегі Мақсаттың кенже қызын айтқанымда да тулап қоя бердің. Ол ұлыма жар болып жарытпас деп жаныңа да жуытпадың. Онымен бақытты болмас дедің ғой тағы. Оның бақытты, бақытсыз болмасын сен қайдан білетін едің? Сөзі жарасса болды емес пе? Қайдағы жоқ танымайтын біреуді келін еткеннен, білетін ортадан алғанымыз дұрыс емес пе? Айтшы маған, осы екеуміз үйленерде бақытымыз көзге көрініп тұрған ба еді? Сен де неше түрліні айтып бөсетін болыпсың, тегі... Біле білсең, баланың бағын байлап отырған сен соның сөзін сөйлеп. Балаңа дұрыс жөн сілтей білгеніңде, ендігі келін жұмсап, қолыңды жылы суға малып отырар ретің еді. Қарашы енді өзіңе, жүргенің мынау бар бейнетке қалып, – деп күйінген Алдамжар аға сыртқы есікті тарс жауып, үйден шығып кетті.
Кеш батып, үйге келген Алдамжар аға есіктен кіре бере ас үй жақтан біреулердің күліп жатқанын естіді. Ұлы мен әйелі екен күліп жатқан. Күндізгі болған әңгімеден соң, бұл дауысқа таңданса да, бәрін ішіне жиып, езу тартып ас бөлмесіне енді.
– Иә, дауыстарың жарқын-жарқын шығады ғой, – деді Алдамжар аға жалма-жан.
"Қожайын-ау, саған жақсы жаңалығымыз бар. Бағана балаңа ренжіп кетіп едің. Текке ренжіпсің. Тойдың қамына дайындала бер" дегені сол екен Алдамжар аға табалдырықтан ары аса алмай, тұрған жерінде тосылып қалды. Тілін жұтып қойғандай.
– Ау, қожайын, бірдеңе десеңші. Бүгін осы шала бүлініп, бізді болдырмай жатыр едің. Енді неғып үнсіз қалдың. Жә, кел, жайғас дастарқанға, – деді Марал жеңге күлім қағып. "Мынау бір, мынау бір жақсы" деп қайталай берді Алдамжар аға. "Иә, айтпа, жақсы жаңалық. Балаң жарады, қожайын. Енді, жайлап тойдың қамына кірісу керек" – деді Марал жеңге жолдасына қарап.
– Дааа, дайындық деймісің? Сол да сөз болып па? Бәріне өзім жүгіремін. Ешқайсың араласпаңдар, – деді ол қуанғаннан.
– Ау, қожайын, өзің қыз қай жақтан деп те сұрамадың ғой. Әншейінде қыздың тегі маңызды, оны өзім таңдап беремін деуші едің.
– Баламның таңдауы, менің таңдауым ғой бәйбіше, – деп жауап қатқан Алдамжар ағаның бұл сөзіне Саят "Не дейді-ей? Менің таңдауым деді ме?" деп мырс етті. Ұлына "қойсаңшы" деп айтпақ болған Марал жеңгемнің өзі бұл сөзге күліп жіберді. Оған Алдамжар аға да қосыла кетті. Үшеуінің күлкісі тіпті көршілерге естілді. Емен-жарқын күліскен бұл үшеудің күлкісі көптен күткен қуаныштыкі еді.
Арайлым ЖҮСІПОВА
16 қаңтар 2024 ж. 395 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930