Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Байғыз «жылаған» түн

Байғыз «жылаған» түн

Қараңғы жақтан әлдененің даусы саңқ ете қалды. Айнала тым-тырыс. Тек әлгі саңқыл құлақ етімізді «жеп» барады. Әңгімені баяулата айтқан әжеміз қолындағы таяғын алып, әлгі жаққа лақтырып жіберді. «Құрғыр, кет» деп ашуға енді. Ал ол кетер емес. Бізді үйге жіберіп ұн алдыртты. Оны шашып, бірдеңелерді айтып күбірлеп жүр. «Байғыздың қонғаны жақсылық емес. Осылай жаманшылықтың бетін қайтару керек» деген әжем орындыққа демін басып отыра кетті...
Ол кезде баламыз ғой, қызықтап жүре беріппіз. Ненің не екенін білмей, үлкендердің ырымына сеніп өстік. Әлгі құс бағанаға қонса у-шу болып тас лақтырамыз. Әйтеуір қууға асықпыз. Бірақ оның қасиетін саралап көрмеппіз. Байғыздан жұрт неге қорқады? Оның саңқылының жамандық әкелетіні рас па?
Қазақ байғыздың шақыруын жаман ырымға балап, ажалдың хабаршысы дейді. Даусы ащы, жағымсыз. Көктем-жазда түн жамылып, ағашқа, бағанаға қонақтайды. Түнімен сұңқылдап, төңіректің тынышын бұзады. Бұл жайында көнеден келе жатқан аңыз көп. Бұрын бір елде дәулетті өмір сүрген отбасы болыпты. Жалғыз қызы өзімшіл, арам ниетті, жақсылық істеп көрмеген, дүниеқұмар болған деседі. Оның мұндай озбырлығына төзбеген халық шөл далаға сүйреп апарып жалғыз қалдырған. Ал қыз болса су іздеуге ерініп, құмның үстінде қорқынышты бейнедегі құсқа айналған. Бұл құс байғыз аталып, саңқыл дауысын қыздың жылаған зарына теңеген. «Бай қыз», «байқұс» дегеннен «байғыз» деп айтылып кетсе керек. Ендігі бір аңызда Сүлеймен пайғамбардың әйелі құс сүйегінен сарай салып бер деген тілегіне байланысты жер бетіндегі құс біткенді ордасына жинайды. Сүйгенінің көңілін қимаған патша олардың аяғына тұсау салып, тұмсығын тесіп, сымға тізген соң:
– Түс көрдім. Түсімде ғажап сарай көрдім. Досым Жебірейіл:
– «Құс сүйек» деген сарай осы. Кілең құс сүйегінен салынған» деді. Сол сарайға аңсарым әбден ауды. Сендердің сүйектеріңнен сондай сарай тұрғызсам деген арманым бар, – дейді.
Құс біткен басын иіп:
– Патша ием, сіздің қажетіңізге жараса жанымызды алыңыз, сарайыңызды салыңыз. Біздің сүйек сіздің жолға садақа, – дейді.
Сол кезде Бөдене бытпылдап:
– Арамызда байғыз жоқ, – дейді. Қараса байғыз келмепті.
Сүлеймен қаһарланып:
– Қаршыға, байғызды дереу дәргейіме жеткіз, – деп бұйырды.
Қаршыға байғызды алып келді. Патша оған:
– Шақырғанда неге келмейсің? – деп ақырды.
Байғыз басын шайқап:
– Тақсыр, ой үстінде әміріңізді естімей қалдым, – деп жауап берді.
– Патшаның әмірінен күшті қандай ой?
– Дүниеде жазық көп пе, төбе көп пе, соны санап, ойланып отырғанмын? – дейді байғыз. Сүлеймен:
– Әрине, жазық көп. Сол да сұрақ болып па?
– Жоқ, патшам, мен санасам дүниеде төбе көп екен.
– Қалайша төбе көп?
– Тақсыр, мен өлген адамның моласын қосып санадым. Әрбір адам өлген соң бір төбеге айналады екен, – дейді құс.
Сүлеймен сөзден тосылып қалып:
– Тағы не санадың?
– Дүниеде тірі көп пе, өлі көп пе? Соны да санадым, тақсыр! – деді байғыз.
Сүлеймен:
– Әрине, тірі көп.
– Жоқ, тақсыр. Қанша санасам да өліден тірінің саны аспады.
– Қалайша?
– Мен күн шыққанша ұйықтайтын адамдарды да өліге қостым, – дейді. Сүлеймен бұл жолы да сөзден тосылды:
– Тағы нең бар санаған?
– Дүниеде еркек көп пе, әйел көп пе, соны да санадым, – дейді байғыз. Сүлеймен жалт қарап:
– Иә, кімдер көп екен?
– Әйел көп.
– Қалайша?
– Әйелінің тілін алатын еркекті де мен әйел санатына қостым, – дейді құс.
Сөз төркінін түсінген Сүлеймен патша қателігін түсініп, құстарды босатады. Құстардың аяғындағы тұсауын шешіп жатқанда тірі қалғанына қуанған торғай мен ұзақ тағатсызданып ұшып кетеді. Аяғына байланған тұсауы толық шешілмеген соң олар әлі күнге дейін секеңдеп жүреді деген аңыз тараған. Құстарды сымға тізгендіктен олардың тұмсығында тесік қалыпты. Тек байғыздың тұмсығы ғана бітеу қалпында кетіпті.
Орнитологтардың зерттеуінше, байғыз жапалақ тәрізділер тобына жатады. Арқа беті қоңыр теңбілді, бауыры ақшыл тарғыл, тұмсығы сүйір, имекті. Ол жартас үңгіріне ұя жасап, 4-6 жұмыртқа салады. Мекиені жұмыртқаны бір айға жуық басады, балапанын 35-40 күнде ұядан ұшырады. Тек байғыздың қанша жыл өмір сүретіні ашық айтылмайды. Нұртуған Кенжеғұлұлының мынадай өлеңінде:
– Жалғанды қаламан жалғыз байғыз,
Он екі ай кетеді ұшып толғанына.
Ойласақ адамзаттың бірде-бірі
Дүниеде жетпей кеткен арманына, – дегеніне қарағанда байғыз небәрі бір жыл өмір сүреді. Бірақ осы уақыт аралығында бұл құс артына ұрпақ қалдырып үлгереді.
Қазақ ертеден ырымшыл халық. Тек соны дұрысынан пайдалана білсе дейміз. Байғыз жайындағы аңыздың барлығында оның ақылды құс екені жазылады. Демек байғыз жаман хабар әкелді деп емес, жаманшылықтың алдын алуды ескертті деп қабылдау керек секілді.

Айнұр ӘЛИ
06 қаңтар 2024 ж. 248 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930