Жаңа жылдық сауда: Жеңілдік – жеңілдік пе?
Бала күнімізде жыл бойы осы мерекені асыға күтетінбіз. Ай санап, күн санап, терезеден қар жауғанын бақылап жүретінбіз. Жақындады. Бала жүрек дүрсілін баяулатпайды. Анамыздың әкелген шыршасын безендіріп, безек қағамыз. Мектептегі мерекеге әдемі көйлек киіп, сыйлық алып ертегідей күй кешеміз. Бірақ қайдан, қалай келіп жатқанын саралап көрмедік...
Жаңа жыл – талайдың асыға күтетін мерекесі. Алайда бұл мейрам қызығымен қатар үлкен шығынын да алып келеді. Жаңа жылда не нәрсеге шығындаламыз? Алдымен мереке қарсаңындағы бір үйден бір балаға кететін шығынды саралап көрелік. Балабақша, мектептегі концерттік бағдарламаға кем дегенде бір көйлек керек. Ол үндінің не испанның, балапанның не қазақы киім. Жалға алу үшін кемі – 2000 теңгеден жоғалды. Баланың өзі киетін мерекелік көйлегі не костюмі – 5000 мыңнан жоғары. Шарада берілетін аяз атаның сыйлығына – 1500 теңге. Ондағы өнер көрсететін аниматорлар бір кейіпкерге – 5000 теңге алады. Бұл – ең төменгі баға. Одан көтерілмесе, азайып жатқан жоқ. Қош. Егер 5 аниматор жалдасаңыз – 25 000 шығынға батасыз. Оны топтағы 25 балаға бөліңіз. Сонда әр балаға 1000 теңгеден келеді. Нәтижесінде 10 мың теңгеге жуық қаражат жұмсалады. Бұл тек бір балаға. Ал үйінде екі немесе одан да көп баласы бар жанның шығынын бағамдай беріңіз. Жаңа жылдық басты шығындардың бірі – кешкі ас мәзірі. Әр отбасы мерекелік кешкі ас үшін шамамен 15-20 мың теңге жұмсайды. Бұдан өзгесін де тізіп көрдік. Мерекелік басқосу – 10-15 мың, мерекелік кешкі ас – 10-20 мың, ойын-сауық бұйымдары – 2-5 мың, жақындарға сыйлық – 10-15 мың. Оған жоғарыдағы балалардың жаңа жылдық мерекесіндегі шығынын қосыңыз. Есептеу бойынша, жаңа жыл мерекесінде әрбір отбасы орта есеппен 40-65 мың теңге шамасында шығын шығарады. Алайда бұл көрсеткіш отбасы мүшелерінің санына, мектепке баратын балалардың шығынына да тәуелді екенін айта кеткен жөн болар. Қымбат тартудан қаймықса да, несие төлеуден тартынса да процентсіз тауарға қызықпайтындар жоқ емес. Жылына бір келетін жаңа жылда ондай мүмкіндіктен құр қалмайын дейді көпшілік. Мерекеде амалсыздан несие алатындар да аз емес. Мамандардың сөзінше, пайызсыз несиеге заттарды беруден алдына жан салмайтын екінші деңгейлі банктер екен. Мәселен, биыл елдегі бір банктің өзінің жеңілдігі бар тауар картасын қолданушылардың саны миллионға жуық. Ал 80 миллион сатылым бір банктің қосымшасы арқылы жүзеге асады.
Биылғы жылдың соңғы күндері жаңа жылдық қарбалас шарықтау шегінде. Баршамыз жақындарымызға сыйлық дайындап, сыйлықтарымызды бөліп төлеуге рәсімдейміз. Бөліп төлеу тауар немесе көрсетілетін қызметті бірден алып, ақысын кейінірек төлеуімен ыңғайлы. Дәл осы бөліп төлеуді көп адам пайдаланады. Неге? Қазір біреуге-біреу қарыз беретін заман емес. Қосымша ыңғайлы болған соң кез келген жерде қиналмай несие алып, ай сайын бөліп төлейді. Одан бөлек, жаңа жыл отшашусыз өтпейді. Қазірдің өзінде әрбір жерде атылған отшашудың, бомбаның дауысы құлақты жарып тұр. Ал өз кезегінде ТЖМ жаңа жылдық іс-шараларды ұйымдастырушылар мен азаматтарды жаңа жылдық іс-шараларды өткізу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтауға шақырады.
Көбі айтып жатыр ғой. «Жаңа жыл бұрынғыдай сезілмейді» деп. «Өйстіп-өйстіп жаңа жылдық мерекені тойлаудан қаламыз» дейді кейбірі. Шыны керек, күннің аяқ асты жылып, жаңа жылдық орталықты сәндеуге әкелген түрлі мұз бейнелері еріп, 53 миллион көкке ұшқан аймақтар да бар. Түрлі жарық шамдар, биік-биік шыршалардың барлығы да шығын. Шашылып шеру құрғанша, қазақилығымыздың иісі аңқитын, көптің қалтасына қонымды тойлауды қолға алғанымыз, өзгеріс әкелгеніміз жөн сияқты.
PS: Жаңа жыл – әлемдегі қуанышқа толы ғажайып мерекенің бірі. Жаңа жыл – жаңару, даму, ілгерілеу. Жаңа жыл – өткенге салауат айтып, болашақтан үлкен үміт күту. Ал қызығымен қатар шығынын әкелетін бұл мерекеде – үнемдеу басты талап. «Өгізді өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» қағиданы берік ұстасаңыз, жыл соңын табысты аяқтарыңыз сөзсіз.
Айнұр ӘЛИ