Доллар қымбаттап барады: Ұлттық банк интервенция жүргізуге кірісті
Доллар бағамы 550 теңгеге жеткен

Фото: freepik.com
Қазақстанның Ұлттық банкі доллардың күн санап қымбаттауына байланысты валюталық интервения жүргізу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық банктің ақпаратынша, бүгін, 30 шілдедегі сауда-саттық барысында теңге бағамы АҚШ доллары үшін 550 теңгеге дейін жетіп, ай басынан бері 5,8%-ға, ал жыл басынан бері 4,7%-ға әлсіреген.
«Валюта нарығындағы өтімділіктің өте төмен болуына және алыпсатарлық қысымның күшею белгілеріне байланысты Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізуге кірісті. Негізгі экономикалық жағдайлар қолайлы болып қалып отыр: мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшін 70 АҚШ долларынан асып тұр, доллардың жаһандық әлсіреу үрдісі сақталуда. Осыған байланысты теңгенің қазіргі әлсіреуі іргелі факторларды көрсетпейді және ұлттық валютаның жеткіліксіз бағаланғанын білдіреді», - делінген хабарламада.
Ұлттық банк биржалық және биржадан тыс валюта нарығындағы жағдайды мұқият қадағалап отырады және қажет болған жағдайда айырбастау бағамының ауытқуына жол бермеу, шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс теңгерімін қалпына келтіру, сондай-ақ валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауға дайын.