Өткен жылға өкпе жоқ...
Әне-міне дегенше қоян жылын еңсеріп, жаңа ұлу жылына аяқ басқалы жатырмыз. Өткенге көз жүгіртсек, биылғы жыл барша қазақстандықтар үшін қызығы мен шыжығы қатар жүрген уақыт болды. Жас мемлекетімізде көптеген өзгерістер орын алып, маңызды қадамдар жасалды. Соның ішінде Қазалы ауданында да ауқымды істер атқарылып, жеткен жетістіктер аз болмады.
Иә, расымен 2023 жыл аудан халқы үшін жемісті һәм жеңісті жыл болды. Олай дейтініміз, биыл тамыры терең, тарихы кенен Қазалының 95 жылдық мерейтойы аясында жыл бойы мерекелік шаралар өткізіліп, тұрғындар игілігіне көптеген ғимараттар берілді. Солардың бірі – Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің екі аралығынан орын алған 50 отбасына арналған су жаңа баспана. Тұрғындардың қуанышына ортақтасып, арнайы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев келіп, әрбір азаматқа жылы ұясының кілтін өз қолымен табыстады.
Жатын бөлмесі, ас үй, қонақ бөлме, тіпті жеке аула. Жергілікті жұрт қоныстанған су жаңа баспанада керектің бәрі бар. Осынау жылы ұяның біріне иелік еткен азаматтардың бірі – көптеген жылдан бері үй кезегінде бақытты сәтін күткен Гүлнұр Ақбергенова. Гүлнұрмен тілдескен едік, баспананың жай-күйімен таныстырды.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын үй кезегіне тіркеліп, осы бір сәтті ұзақ күттік. Кешегіде арманымызға қол жеткіздік. Керемет! Бәрі көңілден шықты. Мұнда барлық жағдай жасалған. Тіпті бүгінде аудан тұрғындары ең қымбат, бюджетті санайтын орыннан алып жатырмыз. Осынау игі істі қолға алып, әрбір қазақты баспанамен қамтамасыз етуді, байытуды мақсат еткен ел Президентіне, облыс және аудан әкімдеріне шын жүректен алғысымды айтамын, – деді ол.
Айта кетейік, бұл – ауданда беріліп жатқан алғашқы баспана емес. Бұған дейін де мемлекетіміздің тұрғындар әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жобалар аясында бірнеше баспана берілген болатын. Келер жылда аталмыш бағдарлама жалғасын табады деп сенеміз.
Бүгінгі таңда аймақ басшысының қолдауымен отбасылық құндылықтарды дәріптеп, салт-дәстүрімізді жастар арасында насихаттайтын рухани орталықтар көптеп ашылуда. Осы ретте мерейтой аясында салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілген тағы бір нысан – Әйтеке би кентіндегі «Отбасын қолдау орталығы» ғимараты.
Ауданда мереке тағылымы көпке дейін ел есінде қалуы үшін игілікті істер жасауға баса мән берілген. Жаңа нысанның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет пен ҚР Құрметті құрылысшысы, қаржы және кеден саласының полковнигі, жерлесіміз Алмас Тілеубаев болды.
«Отбасын қолдау орталығында» кәсіппен айналысамын деген тұрғындарға арнайы курстар оқытылып, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының қолдауымен гранттар бөлінеді. Сонымен қатар жас жеткіншектер үшін ойын бөлмелері ашылып, онда дефектолог, психолог, социолог мамандар жұмыс жасайды.
Ал ардагерлер үшін арнайы бөлме ашылып, онда газет-журналдар, жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары, кітаптар жинағы қойылып, тоғызқұмалақ, шахматтан үйірмелер де ашылған.
Ауданда инфрақұрылымдық даму қарқынды жүргізілуде. Жыл сайын жаңа ғимараттар, кәсіпкерлік нысандар ашылуда. Бұдан бөлек, салалық даму жайына келер болсақ, онда да жетістік айтарлықтай көп. Оған бір ғана спорт саласын мысал етіп, ауыз толтырып айтуға болады. Биыл былғары қолғап шеберлерінің Азия чемпионатында алтынды иеленген Гүлсая Ержан, жуырда ҚР чемпионатында алтын алған Ерхан Оңталапов сынды басқа да спорт түрлерінен қазалылық спортшылар айқын басымдылық көрсетуде. Сонымен қатар ауылшаруашылық саласы, білім салаларында да қарқын жоғары. Жалпы алғанда, Қазалы ауданының биылғы жетістігі мол.
«Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» дей отыра, жаңа 2024 жылы әлі де көптеген әлеуметтік жобалар іске асырылатынына кәміл сенімдіміз. Мемлекеттік бағдарламалар өз жалғасын тауып, ауданымыздың әлеуметтік-мәдени дамуына үлкен мән беріледі.
Жаңа жыл барлық аудан халқы үшін табысы тасыған, берері мол берекелі де мерекелі жыл болсын!
Серік АҚМЫРЗА