Қоян жылы құтты болды
Фото
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында сапалы білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы екенін, сол себепті білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру уақыт күттірмейтін мәселе екенін атап өткен еді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында сапалы білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы екенін, сол себепті білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру уақыт күттірмейтін мәселе екенін атап өткен еді.
Бұдан кейін Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігі дамудың даңғыл жолына түскен білім саласының материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайтуға күш салып келеді. Балалар игілігіне жаңа ғимараттар соғылып, апатты, үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесін шешу бойынша бірқатар жобалар қолға алынды.
Қазалы ауданында биыл Қ.Күлетов атындағы №92 мектепке «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Еңселі білім ордасының шәкірттері жаңа оқу жылын ажары артқан нысанда бастады. Ауданда оқушы орны тапшылығы жоқ деуге толық негіз бар. Дегенмен мәселе орын алмас үшін және тұрғылықты жерден алыс орналасқан мектептерге баратын балалардың қауіпсіздігі үшін аудан орталығында 250 орындық білім ордасы бой көтерді. Нысан жақын арада пайдалануға беріледі.
Сонымен бірге, биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 оқушыға арналған 1 мектептің құрылысы басталды. Келер жылы қала мен кент арасынан 600 орындық тағы бір мектептің құрылысы басталатынын қуана хабарлаймыз.
Білім беруді модификациялау мақсатында мектептерде жабдықталған пән кабинеттерін арттыру жалғасуда. Қазіргі таңда олардың 94,7%-ы жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталған.
2023 жылы аудан мектептеріндегі 7 кабинетті жабдықтау жоспарланған. Бүгінгі күні 4 мектеп заман үлгісіне сай 3 химия, 3 физика және 1 биология кабинетімен жасақталды.
Аудан бойынша 30 мектеп турникетпен, 26 мектеп дабыл түймесімен қамтылған. 24 білім ордасындағы бейнебақылау камералары жедел басқару орталығына қосылған. Жыл басында барлық мектептерді 20 Мб/с жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосу және мектеп контингенті 400-ден асқан жағдайда 20 балаға 1 Мб/с арттыру тапсырылды. Аудан бойынша мектептердің 90 процентке жуығы ұсынымға сәйкестендірілсе, қалған 6 мектеп жылдамдығын арттыруға байланысты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, 2023-2024 оқу жылына барлық білім беру ұйымы білім беру ресурстарымен жұмыс жасауға лицензия алды.
Жаңа оқу жылында «Мектепке жол» акциясы аясында - 1095 оқушыға материалдық және қаржылай көмек көрсетіледі. Жалпыға міндетті оқу қоры есебінен әлеуметтік осал топтағы 3504 оқушыға 40,5 мың теңгеден берілді. 8527 оқушы ыстық тамақпен қамтылып келеді.
Аудандағы 2537 педагогтің барлығы білім мазмұнын жаңарту аясында біліктілікті арттыру курсынан өтті. Біліктілік арттыру курстары міндетті нысаналы индикатордың бірі болғандықтан бұл үрдіс биыл да жалғасын тапты. Жалпы алғанда 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында барлығы 807 педагог біліктілікті арттыру курстарынан тәмамдады.
Психологиялық-педагогикалық медициналық консультация мекемесінің қорытындысына сәйкес, 0-18 жас аралығында ерекше білімге қажеттілігі бар 845 бала болса, мектеп жасындағы 356 бала инклюзивті біліммен, үйден оқитын 87 бала, 6 жасқа дейінгі 171 бала мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленуде.
Өткен жылы облыстық бюджет есебінен мектепке дейінгі 12 ұйым логопед мамандармен қамтылды. Қазіргі таңда барлығы 13 балабақша инклюзивті біліммен қамтамасыз етіліп, логопункт кабинеті құрал-жабдықтармен толық қамтылды.
Республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңіне 24 оқушы қатысып, 17-сі жеңімпаздар қатарынан көрінді. Республикалық кезеңге 1 оқушымыз жолдама алды.
Ал 8-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңіне 34 оқушы қатысып, ғылыми ізденіспен айналысып жүрген 14 қазалылық шәкірт жүлдеге ие болды. Тағы 4 оқушы доданың республикалық кезеңіне жолдама алды.
Ерекше айта кету керек, биыл ҰБТ тапсырған 749 оқушының 645 –і мемлекеттік грант конкурсына қатысып, нәтижесінде 517 оқушы (80,5%) мемлекеттік грант иегері атанды.
34 мектептен 57 түлек «Алтын белгі», 76 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Аудан бойынша ең жоғары көрсеткіш 133 ұпайды құрады.
Қазалы ауданының ұстаздары мен шәкірттерінің білімге құштарлығын, ізденімпаздығын есепке алсақ, келер жылы да толағай табысқа қол жеткізуге сенім басым. Елдің келешегі саналатын ұрпақты тәрбиелеу ісінде қазалылық педагогтар аянып қалмасы анық.
Әділхан ЖӨЛЕКЕШОВ,
аудандық білім бөлімінің басшысы