Отбасындағы озбырлық: Қатыгез әке, көнбіс ана, бақытсыз бала
«Әйелін ұрып, өлтірді», «Күйеуінен қорлық көрген келіншек мүгедек болып қалды» деген сарындағы жағымсыз жаңалықтар әлеуметтік желіде желдей еседі. Тіпті күніне бір-екеуін көзіміз шалады. Ести-ести құлаққа да түрпі тимейтіндей қалге жеттік. Ең жаманы да сол. Тұрмыстық зорлық-зомбылық қалыпты жағдай секілді болып барады. Әйел затының арын таптау, қызғалдақтай қыздарды қорлау, соққыға жығу, сорақысы, ана өмірге аттандырып жіберіп жатқандардың қатыгездігі жаға ұстады. Бұның бәрі хайуанның емес, қыздарға қорған болады деп жүрген ер-азаматтардың тірлігі екендігі тіптен қынжылтады. Отбасындағы озбырлық себебі неде? Салдары қандай? Біздің қоғам «қолкөтергішге» қандай жаза қолданады? Тақырып аясындағы тағы басқа сұрақтардың жауабын іздеп, бүгінгі күннің өзекті мәселесін ой таразысына салған едік.
Заң бар, күші қандай?
1998 жылы 29 маусымда біздің ел Біріккен Ұлттар Ұйымының «Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы» Конвенциясына қосылды. 1999 жылы 22 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер және отбасы істері жөніндегі Ұлттық Комиссия құрылды. Осы ретте Президенттің тікелей нұсқауымен 1999 жылы 19 ақпанда Ішкі істер министрлігінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлім жұмысын бастады. Бұл бөлімнің басты қызметі – әйелдердің конституциялық құқықтарын, заңды мүдделерін құқыққа қайшы әрекеттерден қорғауды қамтамасыз ету, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты ескерту және жолдарын кесу.
Қазақстан Республикасының Конституциясында адамды және оның абыройын қорғау жайлы қағида бар. Соған орай 17-бапта: «Ешкім зорлықты, азапты, басқа да қатаң адамның абыройына кір келтіретін қарым-қатынасты немесе жазаны шекпеуі тиіс» деп жазылған. Ал 2009 жылы желтоқсанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу әдістерін әрі қарай жетілдіру мақсатында дайындалған «Тұрмыстағы зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңы күшіне енді. Заң бар, алайда оны белшесінен басып, бассыздыққа баратындар да жоқ емес. Көтерген тақырыбымыз турасында респбликалық сайттар мен басылымдар арқылы жалпы елдегі жағдайдан кім-кімде құлағдар. Оны қайталап айтып қайтеміз? Аудандағы ахуалды талқылап, жағдайды зерделеуді жөн көрдік.
Қазалы ауданы бойынша биыл ішінде отбасы тұрмыстық қатынастар аясында АПб-нің «102» арнасына 243 жанұя жанжалын шығарған оқиға тіркелген. 194 шақыртуға қатысты әкімшілік хаттама рәсімделген. 49 шақырту номенклатуралық іске жолданған, 1-еуі сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР Заңының 20 бабына сәйкес 169 азаматқа қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР Заңының 22 бабына сәйкес 16 адамның мінезіне ерекше талап орнатылған.
– ҚР ӘҚБтКнің 73-бабының 1 бөлігімен Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге 88 әкімшілік хаттама рәсімделген. Оның 43-і татуласуына байланысты тоқтатылды. 17 «ескерту» әкімшілік жазасы қолданылды. 5 «әкімшілік айыппұл» салынды. 23-іне қатысты «әкімшілік қамау» жазасы қолданылды.
ҚР ӘҚБтК-нің 73-1 бабымен Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірген 79 тұлғаға әкімшілік хаттама рәсімделген. Оның 42-сі татуласуына байланысты тоқтатылды. 13 «ескерту» әкімшілік жазасы қолданылып, 13 «әкімшілік айыппұл» салынды. 10-на қатысты «әкімшілік қамау» жазасы қолданылды. Аталған заңның 73-2 бабымен (Ұрып соғу) 86 тұлғаға әкімшілік хаттама рәсімделген. Оның 53-і татуласуына байланысты тоқтатылды. 33 «ескерту» әкімшілік жазасы қолданылған. 9 «әкімшілік айыппұл» салынған. 12-не қатысты «әкімшілік қамау» жазасы қолданылған, – деді аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Асылбай Ансатов.
Әйел әлсіз бе, еркек арсыз ба?
Отбасында тұрмыстық қатынастар аясында орын алған жанжал негізінде жәбірленушілерге уақытша баспана ұсыну үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанынан Қ.Сансызбаев №2 мекен-жайында орналасқан «Отбасын қолдау орталығы» КММ полиция бөлімімен бірлескен негізде жұмыс жасайды.
– Отбасындағы зорлық-зомбылық барлық әлеуметтік топтар мен ұлысқа, түрлі жас деңгейіне, қала мен ауылға бірдей дәрежеде қатысты. Тұрмыстық қарым-қатынас аясындағы қылмыстардың отбасындағы ұрыс-керіс, қызғаныштан туған жанжал мен бір-бірін түсінбеушілік, шиеленіскен қарым-қатынас, психикалық аурудың асқынуы, сонымен қатар, ішімдік пайдаланған жерде бой көтеретіні белгілі. Отбасы-тұрмыстық қатынас саласы бойынша келіп түскен өтініштердің 95 пайызында зардап шегуші – әйел адамдар. Әйелдерге қатысты зорлықтың шарттары мен себептерін ескере отырып, олардың алдын алу шаралары ұйымдастырылады. Мәселен, әкімшілік жауапкершілікке тарту, қорғаныс нұсқамасын қабылдау, алдын алу сұхбаттарын жүргізу, уақытша панаға орналастыру және құқықтық сұрақтар бойынша кеңес беру.
Жыл сайын көптеген әйел азаматшалар отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Олардың көбісі дер кезінде құқық қорғау органдарынан жәрдем алмайды. Сондықтан да статискалық есепке алынбайды, денсаулық сақтау мекемелеріне көрініп, тіркелмейді, – дейді Қазалы АПб-і Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Сәуле Бишекова.
Әйелдер неге әлсіздік танытады? Өзінің денсаулығы мен балаларының болашағынан «жауыз» жолдасының ар-намысын жоғары қояды? Әлде өзін қорғайтын заңның барына сенімсіздік танытады ма? Көкейде сауал көп. Бұл мәселеде: «Отбасында орын алатын кикілжіңдер балалар мен ересектердің денсаулығына айтарлықтай кері әсер етеді. Мектеп жасындағы балалардың сабақ үлгерімі төмендеп, қоғамдық белсенділігі азайып, психикалық жағдайы нашарлайды», – деп психологтар дабыл қағуда.
– Зорлық-зомбылық белгілері көрініс тапқан әрбір әрекетке тап болған адам, заң аясында қорғауда болады. Жәбірленушінің өтінішімен жәбір көрсетуші тұлғаға 30 тәулік мерзімге қорғау нұсқамасы қойылады. Азамат бір ай көлемінде құқық қорғау қызметкерлерінің бақылауында болады.
Ерлі-зайыптылар, туысқандар, бірге тұратын адамдар арасында нәзік жандарға зорлық көрсетудің ең негізгі себебі – маскүнемдік. Осындай жағдайларда жиі туындайтын бір мәселе бар. Ол – тұрмыста зорлық көрген әйелдер өзіне қол жұмсаған адаммен бір шаңырақтың астында тұрғылары келмейтіндігі. Заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, жеке тұлғаның тәртібі арнайы талаптарды қажет еткен жағдайда, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен, әкімшілік құқық бұзған адамға зардап шегуші және оның отбасы мүшелерін қорғау үшін соттың, тұрмыстық зорлық көрсеткен адамға жеке үйде, пәтерде және басқа да панада зардап шегушімен бірге тұруға 30 күнге дейін тыйым салу құқығы бар. Ал ақшасыз қаңғып қалғысы келмейтін әйелдердің дені қорқыныштан, болмаса, баспанасыз қалмауы үшін, түптеп келгенде, отбасы берекесін сақтап, балаларының болашағы үшін көбіне сол зорлыққа шыдауға бел байлайды, – дейді Сәуле Бишекова.
Зерттеулер жұбайларына материалды тәуелді болған нәзік жандар зорлық-зомбылыққа шыдайтындығын айқындайды. Зорлықтан зардап шегушілердің көбісі түрлі себептерге байланысты полицияға хабарласуға асықпайды. Бірі отбасы жағдайының төмендігін ойласа, енді бірі бұл қадамы онсыз да берекесі кеткен шаңырағын одан ары шайқалтып кетер деп қауіптенеді. Ал үшіншілері араздасудың ақыры ақшасыз қалдырар, далада қалармын деген күдікпен көмек сұрамайды екен.
Түсіндірудің кемісі жоқ, құлақ түрер жан болса
2023-2024 оқу жылында Қазалы ауданы бойынша өгей ана, өгей әкелермен тұратын балалардың дерек базасы анықталып, 182 бала тіркелген. Олардың ішінде, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін жасауға бейім отбасыларды анықтау жұмыстары жүргізіліп, қылмыс пен құқық бұзушылықтарға жол бермеу және алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралары мен тұрақты әңгімелесу жұмыстары тиісті бөлім тарапынан тұрақты жүргізіліп келеді.
ҚР ІІМ-нің 29.12.2015 жылғы №1097 бұйрығының талаптарын орындау мақсатында аудан көлемінде АПб-нің ӘЗЗҚ тобымен зорлық-зомбылық проблемалары жөніндегі ақпараттық-ағарту жұмыстары үнемі ұйымдастырылып жүргізілуде. Жыл басынан бері отбасы тұрмыстық саласындағы қылмыстардың алдын-алу мақсатында әлеуметтік желілерде 45 рет әр түрлі мақалалар жарияланып, ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізілуде.
Аудан орталығында жиналыс өткізіп, әйелдер және кәмелетке толмағандар арасында орын алып отырған өзін өзі өлтіру деректері бойынша, дәрістер оқылған. Әйелдер арасындағы зорлық-зомбылық іс-әрекеттерін болдырмау мақсатында «Зорлық зомбылыққа жол жоқ», «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсымыз», «Зорлықсыз әлемді қалай құтқаруға болады?» атты іс-шаралар ұйымдастырылады. Профилактикалық есепте тұрған тұлғалар учаскелік полиция инспекторларымен тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексерілуде. Бұның барлығы аудандық ішкі істер бөлімі бастығының берген мәліметінде көрсетілген.
Ағымдағы жылдың 25 қараша 10 желтоқсан аралығында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өткізілді. Іс-шара барысында Әйтеке би кенті және бірқатар елді-мекендерде зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау бағытында түсіндірме жұмыстары жасалып, жиналыстар өткізілді. Халық көп шоғырланған жерлерде ескертпе жадынамалар таратылды. Әлеуметтік желіде іс-шара туралы кеңінен жарияланып насихатталды.
Осы мақсатта ӘЗЗҚТ инспекторлары заңнама бойынша тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алуда мекеме және ұйымдармен кездесу жүргізеді. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алудағы тағы бір әдісі – тұрмысы төмен отбасылармен тұрмыстық-сауықтыру жұмыстарын атқару, отбасы институтын берік ұстау, отбасылық қатынас құндылықтарын, үздік салт- дәстүрлерін, тәрбие және жастардың отбасы құруын, отбасылық өмірге дайындық курстарын, отбасы психологиялық институттарын дамыту. Тұрмыстық зорлық мәселесі бұл қоғам мәселесі және барлық алдын алу субъектілерінің бірігіп жұмыс атқаруы арқасында ғана оң нәтиже көрсетеді.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық әр түрлі нысандарда көрініс табады, олар күш көрсету, психологиялық нәпсіқұмарлық және экономикалық. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы №214-IV Заңына сәйкес, құқық бұзушыға қатысты мынадай әсер ету шаралары қарастырылады Олар профилактикалық әңгіме, қорғау нұсқамасын шығару, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары, құқық бұзушының мінезіне ерекше талаптар белгілеу, соңғысы сот үкімі бойынша қолданылатын шаралар.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық көп жағдайда ашық айтыла бермейді. Бұған қалыптасқан менталитеттің де әсері зор. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетуші өз іс-әрекетінде жасырын қылмыстық іс-әрекет барын ойланбайды.
Отбасында үнемі қайталана беретін зорлық-зомбылық қылмысқа алып келеді. Ал қылмыс үшін заңда жауапкершілік көзделген. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу, болдырмау, әрбір адам үшін уақытында әрекет етуді, көмекке шақыруды керек етеді, зорлыққа тосқауыл бар, – дейді Қазалы АПб-і Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Сәуле Бишекова.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА