Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңге тиыннан, тиын қиыннан...

Теңге тиыннан, тиын қиыннан...

Ащы да болса шындық, елімізде қаржылық сауаты бар жандар қатары сирек. Олай деуге негіз де бар. Бір ғана дәлел, елде 20-шы жылдан бастап қаржы пирамидалары дәуірі белең алғалы қаржылық сауатсыздықтан соның жетегінде, шырмауында талай жан кетті. Одан бөлек, теңгені тиыннан, тиынды қиыннан тауып, несиені ойсыз алып, енді «Несіне алдым» деген күй кешіп жүргендері тағы бар. Сондай қаржылық сауатсыздықтан туындаған олқылықтардың алдын алып, сауатымызды арттыратын уақыт әлде қашан келген секілді. Ендеше бүгін осы саланың қайнауында жүрген маман кеңестеріне жүгіне отырып, қаржылық сауаттылық дегеніміз не, сауатты болу үшін нені білу керек және табысты арттыру мен ақша жинау әдістері, қыр-сырын түсіндірмекпіз.

Қаржылық сауаттылық
Нарықтық қатынастар мал табуға, табысты болуға деген құлшынысты арттыра түсті. Бизнестің мүмкіндігі де бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Көңіліңіз қалағанның бәрі бар. Тек ақысын төлесеңіз болды. Бұл болмыс табыс табуға деген ынта-жігерді күшейтті. Оның ішінде тапқан табысты үнемдеу жолын іздеу де артты. Сонымен «табысты қалай арттыруға болады?» деген сауал күн тәртібінің басты мәселесіне айналды. Осы орайда, көмекке қаржылық сауаттылық келеді.
Қаржылық сауаттылық – сіз бен біз ойлап жүрген құр әшейін ақша жинау емес. Ол қаржыны тиімді басқаруға мүмкіндік беретін білім. Оның мақсаты жалпы қаржы саласына деген дүниетанымды кеңейту. Сол арқылы жаңа мүмкіндіктерді ашу және қаржылай зиян әрі шығын келтіретін жайттардан сақтандыру болып табылады.

Сандарды сөйлетсек...
Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың қаржылық сауаттылық деңгейі өткен жиырмасыншы жылдан бері 40%-ға жуықтаған. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы үш жыл көлемінде елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі 2,82%-ға артқанын айтады. Мәселен, 2018 жылы қаржылық сауат деңгейі 36,25% болған болса, 2020 жылы 39,07%-ды, ал 2021 жылы 4-тоқсанда жүрігізілген әлеуметтік зерттеуге сәйкес, 39,52%-ға жеткен. Агенттіктің болжамынша, 2024 жылы бұл көрсеткіш 41%-ға дейін көтерілмек.

Мектепте үйретпейтін ілім
Шыны керек, бүгінде әлеу-желіде «Ақшаны үнемдеуді үйрен!», «Сен ақшаға емес, ақша саған жұмыс жасасын» деген сынды түрлі жарнамалар жарып жүр. Бұны құп санаған жұрт түрлі фрилансер, экономисттердің көмегіне жүгініп жүргендер көп. Алайда қалтаңды қағып түсер айлакерлердің қаржылық сауаттылықта біліміңді толыстырғандары шамалы.
Экономист Айнұр Ақылжанның сөзінше, қаражатты саналы түрде жұмсай білу үшін ақшаға деген қарым-қатынасты сонау мектеп табалдырығынан бастау керек. Өйткені бала кезден бойға сіңіп қалған қасаң көзқарасты өзгертпейінше, ақшаға «қолдың кірі» ретінде қарау адамның қаржылық жағынан тәуелсіз болуына кері әсер етеді.
– Ақша – жалпыға бірдей құн рөлін атқаратын ерекше тауар. Оның ерекшелігі кез келген тауар құндылығын бойына сыйдыра алады. Ең алдымен, ақшаға деген дұрыс қарым-қатынасты түзуіміз қажет. Бізде ақшаға көзқарас дұрыс емес. Балаға тәрбие беру кезінде «ақша – қолдың кірі», «дүниеқоңыз болып кетіпті» дегендей сөздер көп айтылады. Осы тұста ақшамен қарым-қатынас құру кезінде балаларды алшақтатып алатын секілдіміз. Сондықтан бұл процес саналы түрде сапалы жүргізілуі керек. Тіпті білім ордаларында арнайы пән немесе қосымша сабақ ретінде берілуі тиіс. Адам өзінің пұлын орнымен, ақыл-парасатымен жұмсай алса, оның несі жаман?! Ата-ана, бауырларыңызға, достарыңызға көмектесе алсаңыз, бұл жақсы емес пе?! Сондықтан біздің азаматтарымыз бай, дәулетті болуға ұмтылуы керек., – деп атап өтті экономист.
Расымен халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды ерте жастан бастау керек-ақ. Себебі сауатты болу – жас талғамайтын, кезек күттірмейтін маңызды шаруа. Бұл – ұзақ мерзімді әрі тиімді тәсілдердің бірі. Қаражатты жұмсай білу, түбіртек талап ету секілді дүниелер бала кезден қалыптасу керек.
«Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген халқымыздың кереметтей тәмсілін осы орайда қолданудың сәті туған секілді. Себебі дәл бүгінгідей уақытта қаржы ілімін сәт-сағатында, жан-жақты толтырмасақ кейін кеш болып, «Есейгенде естірді, шығын қалта тестірдінің» кері болары сөзсіз.

Табысты қалай арттырамыз?
Мамандығына қарамастан, қаржылық сауат негіздерін түсіну, өз бюджетін жоспарлай алу материалдық игілікке ұмтылатын әрбір адам үшін маңызды.
Үкімет табысымды арттыруы керек деп отырмай, әр азамат өз табысын арттыруға жұмыс жасау қажет. Мамандардың пікірінше, бір жылда адамн жыл сайын табысын 20%-ке арттыруды мақсат етуі қажет. Онысы әдетке айналса, кейін сана автоматты түрде жан-жақтан мүмкіндіктерді қарастыра бастайды. Мәселен, «табысты арттыру үшін қандай қабілеттерді шыңдау керек?» деген секілді жолдарын іздей бастайды.
Табысты арттырудың алғашқа қадамы – шығын есептеу болып табылады. Себебі шығындарыңызды есептемесеңіз, табысыңыздың артқаннан да пайда болмай қалуы мүмкін. Табыс артады да, шығындарыңыз да ұлғая береді. Сондықтан да шығындарды реттей білу қаржылық сауаттылықтың негізі деп айтуға болады.
– Шығындарыңызды басқара алсаңыз, өзіңізді «Қаржылық жағынан сауаттымын» деп есептесеңіз болады. Шығындарды біраз категорияға бөлу керек. Мәселен, ең үлкен шығынды азық-түлік шығындары құрайды. Сол себепті азық-түлік шығындарын реттеу керек. Оны реттеу барысында бірқатар кеңесті ескерген дұрыс. Мысалы, дүкенге барған кезде аш бармаңыз, өйткені қарныңыз ашып тұрғанда сіз артық нәрселерді алып қоясыз. Сондай-ақ алдын ала арнайы тізім жасап, сол жерде көрсетілген заттарды ғана алу керек. Әйтпесе аралап жүріп, бәрі керек сияқты көрінеді де, көп дүниені сатып алып қоямыз. Бұл шығындарды көбейтеді. Бұдан бөлек, көп шығын қайда жұмсалатынын зерттеу керек. Транспорт, азық-түлік, тойға беретін, коммуналды қызметтер, балаларыңыздың курстары секілді шығындарды жүйелеп, бөлген дұрыс. Кейін оны міндетті түрде жазып отыру керек. Қаржының қайда кеткенін үнемі жазып отырсаңыз, бір-екі айда қайда жұмсалатыны белгілі болады, – деп түсіндірді белгілі экономист Мақсат Халық сарапшы.
Келесі қадам – жоспар құру. Қаржылық сауатты болғысы келген адам міндетті түрде кез келген істе жоспар құруы керек. Оның ішінде ақша жинауда. Бұл да табысты арттырудың және жинаудың маңызды бөлшегі.
– Мәселен, үй алатын болсаңыз, оған жинайтын қаржыны жоспарға қосу керек. Сондықтан алдымен басымдықтарды анықтап, өзіңізге не керегін білген жөн.
Табыстың 10%-ын жинаққа қосу. «Табысыңыздың 10%-ын жинақ ретінде бөліп отыруды әдетке айналдырған жөн. Яғни, депозит ашып, соған аударып отыру. Тек айлығыңыздың 10%-ын ғана емес, үйге келген барлық табыс көзінің 10%-ын аударып отыру керек. Ол мәселен, көрімдік, қосымша жұмыстың қаржысы немесе бонус болуы да мүмкін. Бұл отбасында қауіпсіздік қорының құрылуына септігін тигізеді. Аяқасты бір жағдай бола қалған кезде, осы қор сізге көмекке келеді. Депозитке тұрақты салып отырсаңыз, жыл соңында берілетін сіз салған соманың 10%-ы инфляциядан сізді қорғап қалады, – деп түсіндірді сарапшы.

«Тарта жесең, тай қалады»
Қазақстандықтардың 3/1 отбасылық кіріс пен шығысын мұқият есептеп, жүйелі жүргізбейді. Оңды-солды несие алып, қарызданып-қауғаланып төлеуге келгенде шақшадай басы шарадай болып жүргендер жетіп артылады. Елімізде тұтынушылық несие алу рекордтық көрсеткішке жеткен. Әрине оған қажетін алған халықты да жазғыра алмаймыз.
Дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, несиеге жұмсалатын қаражаттың көлемі, табысының 20% аспайды екен. «Қолда бар қаржыны қалай ұтымды жұмсауға болады?» деген сауалды экономист Айнұр Ерланқызы жолдаған едік, ол да көп кідірмей өз жауабын берді.
– Бізде азаматтар ақшасын үнемдемейді, қаржылық сауаттылығы төмен болған соң, үлкен үстемелерге қарамай, құдды бір тегін балық үлестіргендей несиеге бас ұрады. Ал, дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, несиеге жұмсалатын қаражаттың көлемі, табысының 20% аспайды екен. Сондықтан да бізде халықты осыған үйретуіміз керек. Біз несиені рәсімдеу үшін, табысымызға қарамай, өтірік табыс көрсетіп жатамыз. Сондықтан, осындай құндылықтарға мән беруіміз керек.
Қарызды алу бар, ертең қайтарымы тағы бар. Қазақта «Тарта жесең тай қалады» деген жақсы тәмсіл бар. Осыны ұстана отыра берекесіз шығыннан арылсаңыз үнемдей аласыз. Арнай қойын дәптер арнап, бір айда жұмсалған ақшаны тізіп отырыңыз. Ай соңында жазған кітапшаңызға назар салыңыз. Артық шығындарды көріп, ақша ұстаудағы өз кемшілікті байқауға болады. Дүкеннен қалған тиындарды кез-келген жерге қалдыра бермеңіз. Есіңізде болсын, тиыннан да ақша құралады. Ұсақ тиындарды жинауды әдетке айналдыру керек. Күндердің күнінде ақшаныздың қалай көбейгенін өзіңізде байқамай қаласыз, – дейді экономист Айнұр Ерланқызы.

Серік АҚМЫРЗА
09 қыркүйек 2023 ж. 371 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 48

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 43

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 45

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930