Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ананың арашасы

Ананың арашасы

Қорасындағы жеті-сегіз қой-ешкісін қатарынан қалдырмай, өріске қосу Қалдан атаның күнделікті кезек күттірмейтін жұмысы. Таң азанмен көршісі әрі замандасы Өтеген ақсақалда алдына салған екі сиырын ақырын айдап, бұған ілеседі. Ұзын көше бойында бірнеше тұрғын тұрады. Дегенмен екеуінің әңгімесі жарасады. Қалғандары жастар болған соң болар, амандық-саулықтан әріге аса алмайды.
– Ау, Қалеке амансыңдар ма?
– Шүкір, Алла деп. Өздерің қалай жақсы отырсыңдар ма? Хадиша қалай, балалар сау ма? – деп Қалдан ақсақал көп болса өзінен бір-екі жас кішілігі бар Өтеген замандасының ұсынған қолын алды.
– Иә, аманбыз. Балалар енді тұрып жатыр. Бірі жұмыс, бір сабақ деп кетеді.
– Еее, дұрыс ғой. Әр нәрсе өз уақытында. Қазір заман бөлек. Оқысын, жұмыстарын істесін, – деген Қалдан ата кенет кілт бұрылып:
– Өтеген-ау, сенің оң қапталдағы көршің, Ақылбектің үйінде тыныштық па? Түнде тысқа екі-үш рет шыққанымда беймезгіл уақытта терезесінен барлық шамдарының жанып тұрғанын байқап едім, – деді.
– Кенжесі келін әкелген дей ме? Кеше Ақылбектің әйелі Хадишаға келіп: «Апа, көнбей жатыр. Ақ жаулығыңызды сыйлар, ақылыңызды айтарсыз» деп ағынан жарылған. Қоярда қоймай әкетіп еді. Кемпірім көп айналмастан қайтып келді. Ол шаруа болмаған-ау, – деді. Бұл әңгіме осымен аяқталды.
Қалдан ата үйіне кірер-кірместен: «Ақылбектің ұлы келін әкеліпті. Онысы көнбей, үйінің бәрін астаң-кестеңін шығарыпты. Ақыр соңы қыздың ата-анасы милиция әкеліп, 20-ға енді толған ұлды қолын кісендеп, жетектеп кетіпті. Қазіргі жастар сондай. Бірін-бірі түтіп жеуге бар. Біздің кезімізде үлкеннің сөзінен аттап шыға алмайтын едік. Бүгінгінің баласы кеудеңнен итеріп, аузыңды аштырмайды. Алып қашса, ұнатқаны да. О несі ей, әлдеқандай болып», – деп лепіре сөйлеген Мәлика әжейді Қалдан ата: «Тәйт әрі, біреудің баласының болашағында шатағың қанша?», – деп қатқыл үнмен тыйып тастады.
Әу баста Қалдан қария алып қашуға аса қырын қарамайтын. Қазақтың санасына сіңген салт-дәстүрінің бірі деп бағалайтында. Бірақ оның ойын осыдан он шақты жыл бұрынғы оқиға түбегейлі өзгертті.
Ол кезде зейнетке шыға қоймаған кезі. Мектепте шаруашылық мегерушісі болып жұмыс істейтін. Бір күні тазалықшы әйелдің бірі жылап келді. Ботадай боздап тұрған ана үкілеп отырған жалғыз қызымды танымайтын біреу алып қашты деп ағыл-тегіл.
– Бәлкім, танитын шығар. Қоя ғой шырағым. Балаңмен бетпе-бет сөйлестің бе? Өзі не дейді?, – деп сол сәтте не айтарын, қалай жұбатарын білмей Қалдан қатты сасқан еді.
– Жұмыстан сұранайын дегенмін аға. Барып қызыммен сөйлеспесем болмайды. Кеше сөйлескенімде қызым телефон тұтқасын: «Енді қалай қайтам мама, ұят ғой» деп тастай салды. Дауысы мұңлы еді, – деп күрсінді ана.
Қалдан аға Сәулештің сөзінен қызы жоғары оқу орнында екінші курс студенті екенін ұқты. Өзі қалаған мұғалімдік мамандықты меңгеріп жатқан көрінеді. Оқуының ақысы мен ішіп-жемін табамын деп ана байғұс қос жұмысты қатар істеп жүрген көрінеді. Күндіз мектептің еденін, кешкілік мейрамханларда ыдыс жуады. Қызым қатарынан қалмасын деп, қалтасындағы соңғы тиынын бір апта бұрын қызына салып жіберген Сәулеш туысы болып келетін, саудагер Нұрсұлудан қарыз алды. Пайызбен беретін ол бір айдан кейін мынанша теңге қылып қайтарасың деп нықтап айтты. Қайтсем, қызыма жетем деп тұрған Сәулеш қанша пайыз десе де көнгелі тұр еді. Қолына ақша тиісімен автобустың жүрер уақытын күтпеді. Жеңіл көлікті жалдап, көрші ауданның қиырындағы қызы барған ауылға тартып кетті.
Такси терезесінен сыртқа көз тастап, өткенге оралды. Өзі де алып қашудың құрбаны болды. Қаладағы училищеде мұғалім мамандығын меңгеріп жүрген. Қысқы демалысқа туған жерге келгенінде ауылдасы алып қашты. Өзінен бес-алты жасқа үлкендігі бар, қорасында біршама малы бар Байғанидың бұған көзі бұрыннан түскен екен. Бұның: «Жоқ мен қалмаймын. Оқуымды оқимын, мұғалім болғым келеді» деп шырылдаған даусын ешкім елемеді. Тіпті туған шешесі: «Байғани сені аш қалдырмас. Қорадағы малы ауылдағы он үйдің малынан көп. Келген екенсің, қайтуға жол жоқ» деп тастап кеткен еді. Өзіне жат ортада жеті жылы өтті. Оқу жайына қалды. Қорадағы мал басы артпақ түгіл, күн өткен сайын кеміді. Басынан бағы тайғаны батты ма Байғанида ащы суға әуес болып алды. Үйден береке, ерлі-зайыптылар арасынан сыйластық қашты. Ақыр соңы маскүнем Байғани атанып, абырой-беделден жұрдай болды. Жалғыз қызды жетектеп, Сәулеш бөлек кетті. Содан бері ауылына ат ізін салған емес. Осында тұрады. Қызын өзі қолы жетпеген жоғары оқу орнында оқыту басты мақсатының бірі. Міне ол арманының да аяқ асты болып кетпеуіне кім кепіл?
Қызына жанұшыра жетті. Қапсыра құшақтап, «Қызым, тұр кетейік. Сен әлі оқуың керек. Мен секілді болма. Екеуміздің де арманымыз сенің жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алған сәтіңді тамашалау еді ғой», – деген ана көз жасын тоқта алар емес.
– Біз, Ажарды оқытамыз. Жұмысына да қоямыз, – деп жан-жақтан қаумалағандардың қолын қағып жіберді. Осы күнге дейін қанша қиналсада дәл былай ашу кернемеген екен. Баласын қорғау үшін отқа да, суға да түсуге даяр ананың бойына тылсым күш енді. Өзіне қиыла қараған жанарларға алданбады.
– Ажар, алтыным орныңнан тұр кетеміз. Ұят ештеңесі жоқ. Болашағыңа өз қолыммен балта шаба алмаймын, – деді. Әлгінде қорғансыз балапандай бұрышта бүрісіп отырған Ажар анасының созған қолын қайтармады. Қолынан тура бала кездегідей қатты қысып ұстап алды.
Сәулеш қызын жетектеген күйі қаумалап тұрған қалың топты жарып шықты. Ананың көзіндегі ашу мен даусындағы өктемдіктен сескенді ме ешкім батып, «Қойыңыз, сөйлесейік» дей алмады. Екі жаққа жапырылған қоғадай жол ашып, үн-түнсіз қала береді.
Жұрт не десе, о десен. Сәулеш қызының болашағына сенеді. Бұны кінәлауға даяр тұрғандар сырттай: «Қызын қайтып әкелді» деп күбірлесті. Ақиқаты өзіне мәлім ана бұл қылығына қымсынған жоқ. Бір жыл өтер өтпес, бұл оқиғада ұмытылды. Ажар оқып бітіріп келіп, мектепте мұғалім болып орналасты. Анасынан қызының қолын сұраушылар қатары көп болды. Дегенмен мамандық таңдауда бағыт-бағдар бергенімен, анасы жар таңдауды қызының өзіне қалдырған.
Арада он жыл өтсе де баласы үшін жүрегі езіле жылаған Сәулеш ананың бейнесі Қалдан атаның көз алдынан кеткен емес. Сол оқиғадан бері алып қашу дегенді естісе, дегбірі қашып, осы оқиға ойына орала кетеді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
09 қыркүйек 2023 ж. 481 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 48

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 42

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 45

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930