Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұлағат
Халқымызда «Ердің ерлігі – еліне мұра, ұрпаққа ұлағат» деген даналық бар. Сұрапыл соғыста ел мен жер үшін қан төккен ұлт батырларының ерлігін өскелең ұрпақтың жадында жаңғыртып, олардың әрбір ісін ұмытпай, ұлықтау маңызды. Десе де сол қан майданда қайталанбас ерен ерлік көрсеткен ерлердің ісі еленбей қалып, есімі ұмыт қалған азаматтар да жоқ емес. Солардың қатарында Ұлы Отан соғысында 4 жыл бойы тілерсектен қан кешіп, ел ертеңі үшін күрескен қазалылық Айжігіт Қожағұлов та бар. Осы мақалада батырдың ерлік жолын келер ұрпаққа өнеге етпекпіз.
Айжігіт атамыз 1906 жылы Қазалы ауданынада дүниеге есігін ашады. Отбасында төрт баланың тұңғышы болған. Әкесі Қожағұл, анасы Қырымпоз. Ол соғысқа шақырылғанға дейін ауылдық советте қызмет еткен. 35 жасында Андреевка ауылында (қазіргі Бозкөл) балаларға арналған мектеп салып, өгіз арбасымен балаларды тасыған. 1941 жылы Қазалы аудандық әскери комиссариаты арқылы қызметке алынған. Ол 627 артиллериялық полктің 130-шы атқыштар дивизия сапында Воронеж қаласын азат етуге қатысқан. Қанды қырғынның ортасында жүріп, штабпен байланысты үзбеуге атсалысып, өз қызметін жақсы атқара білген. Осындай ерлігінің арқасында байланысты үзуге тырысқан неміс басқынышысың көзін жойғаны үшін 1943 жылы 11 ақпанда «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 1945 жылы елге оралған соң, басынан алған ауыр жарақаттың салдарынан көз жұмады.
Жүректі жауынгер жайындағы аталған деректерді батырдың немересі Мейрамкүл Айжігітова бізге өзі баяндап берген еді. Мұнысы атасының ерлігін кейінгі ұрпақ біліп жүрсе деген ниеттен туындап отыр. Мейрамкүл Закарияқызы атасы туралы осындай құнды мағлұматтарға біршама іздене жүріп қол жеткізгендігін айтады.
– Өзім атамның көзін көрмедім. Бірақ әжемнің айтуымен ол туралы біраз нәрсеге қанықпын. Атамның ұрыс даласында жан беріп, жан алысқан жауынгер болғандығын әжемнің аузынан жиі еститінмін. Мұнымен мақтанатынмын. Бұл әлі де солай. Десе де іште бір қынжылыс барын жасыра алмаймын. Себебі атамның есімі елеусіз. Бұлай деуіме ол туралы архивтерде бірде-бір деректің кездеспегендігі, «Жеңіс» паркіндегі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің есімі жазылған мемориалдық тақтаның тізімінде де оның аты-жөні көрсетілмегендігі себеп. Мұнысы әрине көңілге кірбің ұялатады. Дегенмен батыр ерлігі ұмыт болмауына өзіміз ұмтылсақ, есімі ел жадында жатталарына сенемін, – дейді Айжігіт атаның немересі бізбен әңгімесінде.
Әжесінің айтуымен атасы туралы естеліктерді бөліскен Мейрамкүл Закарияқызы ата бейнесі көз алдында батыр кейпінде екендігін айтудан жалықпады. Онысына біз де сырттай сүйсіндік. Тіпті атасы туралы білетін тың деректерді ерекше толқыныспен баяндады.
– Атам әжем Шыраймен шаңырақ көтеріп, екі ұл, бір қыз өмірге әкелді. Қарасай жастай өмірден өтіп, Кітабия мен Закарияны тәрбиелеп, жетілдірген. Атам өте балажан кісі болған. Әжем: «Атаң Кітабия мен Закарияны көзімнің ағы мен қарасы деп жиі айтатын. Ол өмірден кеткенде екеуі қос қанатыма айналды. Өзім тылда еңбек еттім. Балық зауытында қызмет етіп, жылым салатынбыз. Соғыс уақытында жауынгерлерге азық-түлік, киім-кешек жөнелтететінбіз», – деп өткен күннің естеліктерін айтып жиі күрсінетін. Осы еңбегі еленіп «Тылдағы еңбегі үшін» медалімен наградталған. Әжемнің әрбір айтқан әңгімесі күні бүгінге дейін әлі санада сайрап тұр. Әсіресе атам туралы айтқан мына бір әңгімесі жүрегіме өте жылы тиетін. Айжігіт атам өте ақжарқын, сауықшыл, қалжыңға жақын болған көрінеді. Көпшілік отырыстарды да ерекше жақсы көрген. Жұртшылық көп жиналған жиын-тойларда «Шыраймен күресетін қайсың бар?» деп әжемді күрестіріп қоятын болған. Ол туралы осындай жарқын естеліктерді естігенде ерекше әсерге бөленетінмін, – дейді батырдың немересі.
Мынадай әңгімеден соң, қатал тағдыр сілкілеп, сұрапыл соғыста да мың сыналған сарбаздың азаматтық бейнесі қайран қалдырмай қоймайды. Ал ерлігі өз алдына бөлек әңгіме. Бастысы батырдың қайсарлығын ел жадында жаңғыртып, тарихын түгендеп, кейінгі толқынға аманат етуге жұмыла алсақ, ер өлсе де, оның аты мәңгі өлмесі анық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ