Кеудесін тосқан жалынға, бабалар елдің жадында
Жыл сайын 9 мамыр күні таңертең жұрт «Жеңіс» саябағына қарай ағылады. Соғыс мезетіндегі жалынды әндер алыстан менмұндалап шақырып тұратындай. Паркке кіре берістен бастап майдан даласындағы шейіт кеткен батырлардың ерлігін, Отан үшін от кешкен жігерін айшықтайтын көріністер қойылады. Қаншама жазықсыз жанның қыршын өмірінің қарымтасы ретінде бақытты балалар мереке қызығына батып, шат-шадыман күйге бөленіп жүр. Ұлы Жеңістің 77 жылдығы биыл да ел үшін от кешкен қазақ батырларының рухына тағзым етуден басталды.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған бір топ ел ағалары, ардагерлер келіп қатысты. Соғыста ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерге арнап «Тағзым» алаңына гүл шоқтарын қойды. «Өлі разы болмай, тірі байымайды», – деген тәмсілді ескерген жұрт майдан даласында мертіккендерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан соң әруақтар рухына құран бағышталды.
Жиналған жұрттың назары өзіне ауғанда М.Әуесұлы қазалылықтарды Жеңіс мерекесімен құттықтап, тарихқа шегініс жасады.
– Жеңісті жақындатуға үлесін қосып, сол зұлмат күндерге жастық шағы қатар келген аға буынның барлығы ұлықтауға лайық. Ортақ Отанды қорғау үшін ауданнан 11 мыңға жуық азамат майданға аттанса, 6229 жауынгер ғана аман-есен елге оралған. Жыл өткен сайын олардың қатары сиреп келеді. Бүгінде арамызда жүрген Тілеуберген Тобабергенов пен Қабақ Смағұл сынды аталарымызға ұзақ ғұмыр тілейміз.
Біз Жеңіс сарбаздарын әлі де жауынгерлік сапта деп есептейміз. Өйткені ардагерлер өнегелі істерімен, ұлағатты ақыл-кеңестерімен ауданның өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді. Сондықтан қай кезде болсын Жеңіс жауынгерлерін ардақ тұтамыз, оларды қамқорлыққа алуды өзіміздің перзенттік парызымыз деп білеміз, – деді аудан басшысы.
Осыдан соң “Жеңіс” саябағында орнатылған сахна төрінде «Ерлік ешқашанда ұмытылмайды» атты театрландырылған қойылым қойылып, өнерпаздар соғыс жылдарындағы әндерді шырқады.
Осы күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтағы 7 соғыс ардагеріне барып, Президент атынан құттықтап, құрмет көрсетті. Алдымен Н.Машбекұлы Бекарыстан би ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұлдың шаңырағында болды.
Аймақ басшысымен бірге зиялы қауым өкілдері отты жылдары кеудесін оққа тосқан батыр майдангердің ерлігіне бас иіп, ілтипат білдірді. Сондай-ақ бұл құрмет бір күнмен шектеліп қалмайтынын, олардың ерлігі әрдайым дәріптелетінін жеткізді.
– Сіз Туланы азат етуге қатыстыңыз. Ауыр жарақат алғаныңызға қарамастан сұрапыл соғысқа қайта оралып, ерліктің үлгісін көрсеттіңіз. Елге Жеңіспен оралдыңыз. Қазақта “Біріккен жүз, бытыраңқы мыңды алады” деген аталы сөз бар. Сіз ұрпаққа “бірліктен асқан бақыт жоқ” екенін іспен дәлелдеп, Отанға адал қызмет етуді жарқын жолын көрсеттіңіз. Келер жылы ғасырлық тойыңызды тойлауға жазсын! Әрдайым аман болыңыз! Ұрпағыңызбен мың жасаңыз, – деді Н.Нәлібаев.
Аймақ басшысы қазалылық майдангер Тілеуберген Тобабергеновтің де отбасында болып, майданда көрсеткен ерлігінің өскелең ұрпаққа өнеге екенін тілге тиек етті. Батырдың неміс басқыншыларынан Белоруссия, Польша, Чехословакия, Калининград қалаларын азат етуге қатысып, Ұлы Жеңісті Берлинде қарсы алып, елге оралуы ерліктің биік үлгісі екенін айтты. Сөз соңында: «Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары адам төзгісіз қиыншылықтарды қайыспай көтеріп, елдің қорғаны болғандарыңыз үшін Сізге бас иеміз» – деді өңір басшысы.
Мерейлі күнде майдангерлердің иығына шапан жабылып, арнайы сыйлық табысталды. Ал соғыс ардагерлері ақ батасын арнап, елді бірлікке шақырды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ