Өткелекті өмір жолы өрімделген

Жуырда аталған мерейтой аясында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,белгілі қаламгер Сахи Қапардың Алматы қаласындағы «Люксмедиа»баспасынан «Тамыры терең бәйтерек» атты кітабы жарық көрді. Жерлесіміз Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың алғы сөзімен ашылатын туындыдағы «Тамыры терең бәйтерек»тақырыбындағы деректі повесте қазыналы қарияның өткелекті өмір жолы жан-жақты баяндалған. Қалың елге қынадай қырғын әкелген ашаршылық,асыра сілтеушілік пен қуғын-сүргін оқиғалары,тыныш заман орнағандағы оралымды істің жанға жайлы көріністері мазмұнды да мағыналы жеткізіледі. Көкөрім жасында Қабақтың атасы Жетестің халық жауы ретінде атылғанын, әкесі Смағұлдың майдан даласында шейіт болып, белгісіз солдаттар қатарында хабарсыз кетіп,тәуелсіздіктің арқасында мүрдесінің табылуын оқығанда жұрт басына төнген зілбатпан тауқыметті айқын сезінгендей боласыз.
Сондай-ақ кітаптың «Ізгі ниет,ақ тілек», «Ата–кеме,ана–дария» тарауында бүгінгі ізбасар іні-қарындастарының, сонымен бірге ұл-қыздарының жылы лебіздері жарияланған. «Жыр жазамын жүрегімнен» бөлімінде жергілікті ақындардың майдангер туралы өлеңдері басылған. Назар аудара қарағанымызда жинақта алтынның сынығы,көненің көзі,тарихтың шежіресіне айналған жайсаң жанның адамдық болмысы мен қариялық келбеті тартымды айшықталғанын байқадық.Оның қайсарлығы мен атажұртқа деген сүйіспеншілігі оқырман қауымның жігерін жанып, жақсы әсерге бөлері сөзсіз.
Еңбек және соғыс ардагерінің сом тұлғасын шұрайлы тілмен өрімдеген кітап авторы, әріптесіміз Сахи Бахиұлына мықты денсаулық,шығармашылық көл-көсір табыс тілейміз. Қаламыңыз ұшталып, жазарыңыз көп болсын дейміз.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат