Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Білімнің жаққан шырағын – мектебің мәңгі жыр-әнің

Білімнің жаққан шырағын – мектебің мәңгі жыр-әнің

«Мектеп – кеме, білім – теңіз» дегендей, білім айдынына Қазалы қаласындағы №16 мектеп тым ертерек зәкірін тастаған. Сондықтан тарихы тым тереңде. Яғни, 1860 жылы іргетасы қаланған. Алғашқыда небары 2 сыныптық орыс мектебін патшалық Ресейдің офицері А.Алексеев және діндар Н.Евграфов ашыпты.
Ал, 1872 жылы бұл мектеп қалалық училищеге, 1878 жылы 2 кластық ремесло училищесіне айналған.
Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы №16 орта мектеп ғимараты 1912 жылы салынған.
Білім шаңырағы жұмыс істегелі бері көптеген мұғалімдер мен мектеп басшылары қызмет атқарған.
Бір жарым ғасырлық тарихы бар білім шаңырағын 2013 жылдан бастап тәжірибелі ұстаз Ерлан Өтепбергенов басқарып келеді.
– «Шәрітсіз ұстаз тұл» деген тәмсіл бар. Кез келген алтын ұяның мақтанышы одан қанат қаққан қарлығаштары екендігі дау­сыз. Мектеп қабырғасынан түлеген алғашқы шәкірттердің бірі – Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев деуге болады. Мұнымен қоса, Кеңес Одағының батыры, батальон командирі майор Геннадий Фадеевич Шляпин, “Қазалының Алтынсарині” атанған Ленин орденінің иегері Бердікен Мергенбаев, Қазақ ССР ғылым Академиясының ғалымы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Мұхамеджан Ерлепесов сынды есімі елге танымал тұлғалар шыққан.
Мектептің 1972 жылғы түлегі, Ауған соғысының ардагері генерал-майор Әлімжан Ерниязов, Лондон олимпиадасының шаршы алаңында атой салған батыр қызымыз, байрақты бәсекенің қола жүлдегері Марина Вольнова да осы мектептің мақтан тұтар түлегі, – дейді білім ордасының директоры Ерлан Өтепбергенов.
2012 жылы желтоқсан айында білім ордаларының қасиетті қарашаңырағы типтік жобада 300 орындық болып салынғанынан қалың жұртшылық хабардар. Жаңа мектептің оқу блоктарында заманауи физика, робототехника, химия, технология кабинеттері, асхана, спорт зал, кітапхана, акт залы, дәрігер бөлмесі мен тіс кабинеті бар.
Тағы бір қуанарлығы Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы №16 мектеп 2016 жылдан бастап мектеп-лицей статусын алды.
Мектеп басшысының сөзінше, заман ағымына сай 2019 жылдан бастап тек қана жоғары 10-11 сыныптарда жаратылыстану, математикалық бағыттағы физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту енгізіледі екен. Соған сәйкес «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға байланысты арнайы курстардан пән мұғалімдері кезең-кезеңімен өтуде. Бүгінгі таңға білім беру ұйымынан 5 химия, биология, физика және информатика пәні мұғалімдері алғашқы курстан өтіпті. Осылайша, білім ордасында заман көшіне сай ағылшын тілін оқыту мықтап қолға алынған.
Осы орайда Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігінің «Оқыту шеберлігін дамыту» бағдарламасы аясында мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәні мұғалімі Асель Таласбаева тест тапсырып, Америкалық университеттің бірінде бір ай бойы тәжірибеден өту үшін жолдама алған.
– Мектепте Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін аудандағы жалпы орта білім беру ұйымдарының оқу үрдісіне енгізуге байланысты тиісті жұмыстар атқарылуда. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру арқылы оқушылардың білім сапасының оң нәтижеге жетуіне ықпал ету мақсатында семинарлар, практикалық конференция, онлайн сабақтар, дөңгелек үстелдер мен шеберлік сыныптар топтамасы өткізілуде.
Бүгінгі күнде Назарбаев зияткерлік мектебі жанындағы Кембридж университетінің бағдарламасы бойынша мектеп-лицейдің 25 мұғалімі және мектеп басшысы мен де біліктілік арттыру курсынан өттік. №16 мектеп-лицейде НЗМ ДББҰ іс – тәжірибесінен алынған «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы жұмыс жасайды. Бүгінде оқушылармен бірігіп, бірлестіктер құрып, тиісті шараларды ұйымдастырудамыз.
Ағылшын тілін меңгеруге байланысты мектепте «Драма», «Студия» үйірмесі, зияткерлік ойындар, шығармалар байқауы, сыныптан тыс іс-шаралар үш тілде жүргізілуде. Мектепте «Жайдарман» клубы жұмыс істейді. Бір қуанарлығы қазақтың данышпан ақыны Абай Құнанбаевтың қара сөздерін оқушыларға үш тілде меңгерту жоспарланып отыр екен. Сонымен бірге «100 кітап», «Досыңа кітап сыйла» атты акциялар тұрақты түрде өткізілуде.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдардарламасы аясында білім беру ұйымында «Отаным – тағдырым», «100 жаңа есім», «Мектепке тағзым» жобаларын іске асыру жоспарланып отыр.
Жақында аталған бағдарлама аясында туған жерге тағзым ету мақсатында М.Горький атындағы №16 мектеп- лицейінде 50 жыл бұрын оқу бітірген түлектер бас қосты. Кездесуде ойлы әңгімелер, жүрекжарды тілектер айтылып, сағынышты толқыныс үстінде балалық, жастық дәурендерін еске алысты. Сонымен қатар, өздері білім алып, түлеп ұшқан білім ордасына 2 дана жаңа компьютерді сыйға тартты, – дейді Е.Өтепбергенов.
Соңғы үш жыл ішінде білім ұясының 7 оқушысы облыстық пәндік олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанса, 3 оқушы республикалық пәндік олимпиадаға қатысқан. Сонымен қатар 42 оқушы халықаралық, 64 оқушы республикалық, 89 оқушы облыстық түрлі сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болған. 2015-2016 оқу жылы Мәрия Ізім және 2016-2017 оқу жылында Үміт Молдахмет «Алтын белгі» иегері атаныпты. Үш жыл ішінде Ресей Федерациясының Мәскеу, Санк-Петербург және Новотроицк қалаларындағы жоғары оқу орындарында 8 түлек болса, қалған түлектер Қазақстан Республикасындағы жоғары және арнау­лы оқу орнындарында білім алуда екен.
Сан мыңдаған шәкірттің жүрегіндегі тәтті естелік болып, болашағына жарқын жол ашқан білім ордасының алар асуы алда екені сөзсіз. Алып емендей тамырын тереңге тартқан білім ордасына біз де сәт сапар тілейміз.

Есет ТАБЫНБАЕВ.
20 желтоқсан 2017 ж. 3 662 0

Ебін тапқан, екі асайды

27 шілде 2024 ж. 27

Ажарлы мекен Аранды

27 шілде 2024 ж. 28

Анаға тағзым

27 шілде 2024 ж. 29

Меже мен мүмкіндік

27 шілде 2024 ж. 30

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031