Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алапат алаумен арпалыс

Алапат алаумен арпалыс

Қазақ тілсіз жауға балаған өрт адамзат пен табиғатқа келтірер зиянын көріп отырмыз. Абай облысындағы кіші «тозақтың» салдарынан бүгінгі күнге дейін 14 адам опат болып, 60 мың гектар қалың қарағай күлге айналды. Ал әлем бойынша жылына 340 миллион гектар аумақ қызыл алауға айналады екен. Тілсіз жау, әсіресе, Австралия мен Африка елдерінде жиі бас көтеретіні анықталған. Қазақстанда жыл сайын 600-1000 орман өртену жағдайы тіркеледі. «Семей орманында» тұтанған алау ірі табиғи апаттар қатарына кіргізілді. Бұған дейін қандай алып орман өрті болғаны жөнінде ізденіп көрелік.

Әлемдегі әйгілі апаттар
ХХІ ғасырда орын алған алапат өрттің көшін Ресей бастайды. Бұл 2010 жылдың аномалды ыстық жазы Ресейдің еуропалық бөлігі тұрғындарының есінде ұзақ уақыт сақталары анық. Тамызға қарай бұл аймақта құрғақ ыстық ауа-райы орнап, орман мен шымтезек өртене бастады. Мұндай ауа-райы аталған аумақта соңғы рет 130 жыл бұрын тіркелсе керек. Бір аптаның ішінде 800 өрт ошағы тіркеліп, 1 миллиард гектардан астам аумақтың күлін көкке ұшырды. Өрттен шыққан қара будақ тіпті Солтүстік Американың төбесін түнертті. 60 адам өліп, 2500 үй алау ішінде қалды.
2017 жылы Португалияда тұтанған алауды сөндіру үшін біздікіндей емес, 5 мың өрт сөндіруші жұмылдырылды. Бірақ бәле бір айналдырса, шыр айналдырадының көкесі сонда болды. Осы маңнан өтіп бара жатқан «Офелия» дауылы енді ғана ауыздықтала бастаған тілсіз жауға жан бітірді. Салдарынан 66 адам қаза тауып, орман арасынан өтетін тас жол үстінде 50 адам көлігімен қоса жанып кетті.
Ал дәл қазіргі сәтте Семей орманымен қатар Канадада алапат өрт өшпей жатыр. 9 маусымдағы мәлімет бойынша, 4,3 миллион гектарға жуық аумақты от шарпып өткен. Қазіргі уақытта мамандар адам қолынан келер шара жоғын айтып отыр. Себебі 7 күннің ішінде табиғи апат одан әрі өршіп, түтіні АҚШ-тың Нью-Иорк, Вашингтон қалаларына дейін жеткен. Бұған көмек көрсету үшін Австралия, Португалия, Испания, Оңтүстік Африка және Жаңа Зеландия құтқарушыларын жіберіп жатыр.
Күніне оннан аса өрт шығады
Қазақстан орман көлемі аз ел ретінде белгілі. Орман қорының ауданы бүкіл аумақтың тек 10 процентір құрайды. Мамандардың пікірінше, табиғи өрт өзінің сипаттамалары бойынша қалалық өрттен қауіпті, өйткені оны бақылау мүмкін емес. Сонымен қатар, өртенген орманды қалпына келтіруге 100 жыл айналысында уақыт керек.
Өрт сөндіруде табиғи факторлар ерекше кедергі жасайды. Мәселен ауа температурасы оттың етек жаюына септессе, желдің кенеттен басқа бағытта ауысуы оның көлемін ұлғайтады.
– Менің тәжірибемде бір сағат ішінде жел алты рет бағытын өзгертті. Ол отты әртүрлі бағытта бұрып, өрт сөндірушілерді әуреге салады. Өрт кезінде жел секундына 25 метр жылдамдықпен соққандағы жағдай тіптен қорқынышты көрінеді, – дейді «Қазавиалесохрана» МКҚК директорының орынбасары Амангелді Аманов.
Қазақстан ормандарындағы өрт көптеген массивтердің таулы аймақтарда орналасуымен қиын. Оған жақындау мүмкін емес. Өйткені жалынның қызуы темір ерітіп жіберердей болады.
Бұдан бөлек, статистиктер Қазақстанда күніне 12 өрт сөндірілетінін айтады.
Қай өңірлер қауіпті?
Көбінесе орман өрттері далада басталады, содан кейін жел орманға апарады. Өрттердің шығу себептері әртүрлі. Қазақстан Республикасы Ботаника және фитоинтродукция институтының деректері бойынша, жалынның көпшілігі табиғи себептерден болады: оның 75 проценті найзағайдың ағаш бұтақтарына соғуынан тұтанады. Адамның кінәсінен орман және дала өрттері 5 процент жағдайда орын алады. Қалған 20 проценті белгісіз күйінде қалып отыр.
Қазақстан Республикасы Орман шаруашылығы комитетінің мәліметі бойынша, еліміздің бес облысында ірі орман өрттері орын алған. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан облысы (4346 га), оның ішінде Семей орманы қорығы (3785 га). Сондай-ақ, Түркістанда 4681, Павлодар облысында 2000, Батыс Қазақстанда 1316, Алматы облысында 7836 гектар аумақты өрт шалған.
Ормандардың басым бөлігі немесе 70%-ы Шығыс және Солтүстік Қазақстанда орналасқан, сондықтан өрт осы жерлерде жиі болады. Негізінен екі мемлекеттік орман қорығында: Шығыс Қазақстан облысындағы «Семей орманы» және Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» алапат өртке бейім келеді.
Өрт ауаны улайды
Өрт кезінде атмосфераға қауіпті ластаушы заттары бар түтіннің көп мөлшері бөлінеді. Әсіресе, көміртегі диоксиді, көміртегі тотығы, азот оксиді ауаны қатты ластайды. Орманда жанған әрбір тонна материал атмосфераға 16 кг-ға дейін түтін бөлшектерін шығарады. Салдарынан жергілікті тұрғындар зиянды заттардан зардап шегеді.
– Өрттен шыққан түтін адамдардың өліміне әкелуі мүмкін. Бұл әсіресе жаңа туған нәрестелер үшін қауіпті. Түтіннің әсерінен оларда туа біткен жүрек ақаулары мен респираторлық аурулардың жиілігі артады, – деп түсіндірді Ботаника және фитоинтродукция институтының геоботаника зертханасының аға ғылыми қызметкері Александр Кердяшкин.
Ағаштардың толығымен жанып кетпегені келешекке деген қорқынышты үдетеді. Мұндай орман жаңа алау ошағы үшін жақсы шикізат болып табылады. Ормандарды қалпына келтіру 10 жылдан 100 жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл оны қорғаушы күшке, ағаш пен орман түріне, экологияға және климатқа байланысты. Қылқан жапырақты ормандардың қалпына келуі ең ұзақ уақытты талап етеді.
Қазір Қазақстанда табиғи өрттер маусымы көбейді, оны мамандар климаттың өзгеруі мен жаһандық жылынумен байланыстырады. Жаһандық жылынуға байланысты Қазақстанда өрт қаупі 40 жыл ішінде бір айға артты. Бұрын бұл 5-6 айды құрайтын.
Семей орманын кім өртеді?
Әрбір он өрттің тоғызы адам әрекетінен. Біздің жағдайымыздағы жалғыз табиғи себеп – найзағай. Ал қалған тоғыздың бесеуі абайсыздықтан шыққан өрт, үшеуі өрт қою, тағы біреуі электр жабдықтарының немесе теміржолдағы ақаулардан туындайды. Ал Семейдегі өртке не себеп?
Абай облысының әкімдігі желідегі видеоға түсініктеме берді, оның авторы өрттің көзі найзағайдан емес, мақсатты түрде өртеуден болуы мүмкін деп болжайды.
Анықталғандай, қазір құзырлы органдар бұл мәселе бойынша жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр. Тергеу ықтимал өрт қоюшыны анықтауға және жаппай өрттің басты себебі өртеу болғанын анықтауға бағытталған.
Айта кету керек, өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін президент Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді қызметінен босатып, Абай ауданының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне жаңа басшы болып Сырым Шәріпханов келді.
12 маусым Қазақстан бойынша Аза тұту күні болып жарияланды. Соңғы деректерге сүйенсек, өрттің қашан ауыздықталатынына байланысты болжам да жоқ.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ


13 маусым 2023 ж. 149 0

Кітап – Ұлттық қазына

18 сәуір 2025 ж. 94

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930