Нұрдәулет АСҚАРҰЛЫ: Құрбан айт – мейірім мерекесі
Ислам дінінде қастерлі екі мереке болса, соның бірегейі және ұлығы – Құрбан айт. Биыл үш күнге созылатын шарапаты мол мереке 28, 29 және 30-шы маусым күндеріне келіп тұр. Исі мұсылман қуана тойлайтын күнде Алла разылығы үшін құрбандықты кім және қалай шалуы керек? Осы және өзге де сауалдырдың егжей-тегжейін білмек мақсатта Қазалы аудандық орталық «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Нұрдәулет Нәбимен сұхбат құрған едік.
– Нұрдәулет Асқарұлы, барша мұсылманның басын бір арнаға тоғыстырар Құрбан айт мерекесі құтты болсын!
Алғашқы сұрағымызды айтулы мерекенің шығу тарихынан, түсініктемесінен бастасақ.
Алғашқы сұрағымызды айтулы мерекенің шығу тарихынан, түсініктемесінен бастасақ.
– Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!
Құрбан айт мерекесінің тарихы сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Алланың бұйыруы бойынша бірінші құрбандық Ибраһим пайғамбардың сүйікті баласы – Исмаил болуы керек болды. Алланың әміріне пайғамбар, не оның баласы қарсы тұрмады. Осылайша олардың өзіне берілгендігіне көз жеткізіп, жұмақтан аспан түстес көк қошқарды түсіріп, оларға мейірім түсірді. Содан бері дәстүр жалғасын табуда.
Жалпы құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге келеді.
Құлшылық жасаудың түп мәні – Жаратушының жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
– Бүгінде Раббысының разылығы үшін құрбан шалып, төрт түліктің бірін сатып алып, оны құрбандыққа шалуды ниеті қаласа да, қалтасы көтере бермейтіндер көп. Осы орайда бұл рақымшылық іс кімдерге уәжіп?
– Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болуы үшін бірқатар мұсылман шарттары бар. Әрине оның ең бастысы – мұсылман болу, онан соң Құрбан айт уақытында жолаушы болмау, негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу жатады.
Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, тұрмыстық жағдай нашар мұсылман ниеттеніп, құрбан шалуына еш тоқтам жоқ. Жалпы Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.
– Шарапаты мол мейрам қарсаңында мал сойып, қан шығарғысы келген жан нені білуі қажет?
– Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. Құрбандық шалғанда, ең алдымен, құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу керек.
Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызады. Сосын «Иә, Алла Тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп бата жасалады. Сосын «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылып тұрады.
Малды қинауға болмайды, сол үшін оны өткір пышақпен бауыздайды. Пышақты малдың көзінше қайрауға тыйым салынады. Құрбан шалып жатқан адам құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс. Сойылатын мал құрбандық ниетімен бауыздалуы керек.
Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Құрбан шалғаннан кейін малдың қан-жынын далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн. Бұл – құрбандық малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.
Құрбандық шалған отбасы еттің бір бөлігін өзіне қалдырып, екінші бөлігін ағайын-туыс, көршілерге, ал ұшінші бөлігін мұқтаж жандарға үлестіргені абзал.
Шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өз отбасына да қалдыра алады.
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектерін де, ұрғашыларын да шалуға болады. Қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет.
Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Түйе мен сиырды 7 адам бірлесіп немесе бір адам жеке шала алады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екіншісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал құрбан болып есептелмейді.
Құрбандыққа бір немесе екі көзі соқыр мал, құрбан шалу орнына өз бетінше жетуіне шамасы жетпейтін ақсақ мал жарамайды. Сонымен қатар тісінің көбі жоқ, мүйіздерінің бірі сынған мал құрбандыққа шалынбайды.
Тым әлсіз мал мен құйрығының жартысынан көбі жоқ және құлағы жоқ мал сойылмайды. Лас нәрсемен тамақтанып жүрген мал да құрбандыққа жарамсыз.
– Жалпы жұртшылық Құрбан айтты қан шығарумен ғана шектеп жатса, ал енді бірі рухани тәлім-тәрбиеден бөлек, жалпы берері мол мереке деп жатады. Осы қос тараптан туған ойды толықтырып өтсеңіз...
– Құрбан айт – қуанышқа толы мейрам. Әрине, бұл күннің бір бөлігі Алла разылығы үшін құрбан шалу. Дегенмен намазынан кейін барлық мұсылман ағайын-туыстарға, дос-жарандары мен көрші-қолаңға «Айт қабыл болсын!» айтып, айтшылайды. Үйлерге кіріп, құран оқып, тілек тілейді. Бір-біріне сыйлық беріп, мерекелік көңіл-күйде жүреді, айттық сұрайды.
Қазақ айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанның бетін ешқашан қайтармаған. Ренжісіп қалған адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, қайта табысады.
Әр шаңырақта қазан асылып, мол дастарқан жайылады. Сырқат кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға айттың қуанышын сездіру де өте сауапты іске жатады.
– Ұлық мереке қарсаңында барша Қазалы жұртына жүрекжарды тілегіңізді, ыстық ықыласыңызды білдірсеңіз...
– Құрметті Қазалы ауданының тұрғындары, мұсылман бауырлар!
Қазақтың бағына бұйырған дүбірлі діни мерекеміз қасиетті Құрбан айт мүбәрак болсын! Аса қамқор, асе мейірімді Алла разылығына жақындау ниетімен шалынған құрбандықтарыңыз қабыл болсын. Таң азаннан құлшылық етуден басталатын мерекеде өкпе-ренішті ұмытып, тату-тәтті ғұмыр кешейік. Құрбандығыңыз тек мал бауыздаумен ғана шектелмей, ішкі ниетіңіз, шын пейіліңіз, дінге бекемдігіңіз, тақуалығыңіз бен басқаларға қамқорлығыңыз арта түссін!
Аудандық, кенттік, қалалық және ауылдық мешіттерде 2023 жылдың 28-ші маусым күні таңертеңгі сағат 6:00-де айт намазы (құрбан айт намазы) оқылады. Яғни осы күнгі таңертеңгі сағат 6:30-да құрбандық малы шалынады.
– Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!
Сұхбаттасқан
Серік АҚМЫРЗА