Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » VIP қазақтарға арналған VIP қажылық: Біздің қалталылар қажылыққа қалай барады және қанша ақы төлейді

VIP қазақтарға арналған VIP қажылық: Біздің қалталылар қажылыққа қалай барады және қанша ақы төлейді

2023 жылы Қазақстаннан қажылық парызын өтеуге 4 000 адам барады деп жоспарланған. Сауд Арабиясы Қазақстанға осынша квота бөлген болатын. Мұнда құлшылық қызметтің түрлері көп екені белгілі. Дегенмен қажылыққа аттанарда VIP қызметін пайдалануға болатынын бірі білсе, бірі білмес. Тіпті отандастарымыз арасында осынау қызмет түрін алатындар қарасы көп екен. Бұл туралы stan.kz қажылық сапарлармен айналысатын туристік агенттіктерге хабарласып білді әрі қарапайым қажылық пен VIP қажылықтың айырмашылығын сұрап көрді.
Қажылық – ислам дініндегі қасиетті бес парыздың бірі. Бір аптаға жуық мұсылмандар Мина жазығында бірнеше күн өткізеді. Арафат тауында мінәжат етіп, Мұздалифада түнеп, шайтанға тас ату рәсімімен аяқтайды. 20 күндік сапар кезінде қазақстандықтар Мәдина қаласында да бірнеше күн өткізіп, Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітіне барады. Сондай-ақ Мекке-Мәдина қалаларындағы қасиетті орындарға экскурсия ұйымдастырылады.
Мекке – барша мұсылмандар үшін қасиетті орын, оның киелі болғаны сонша, мұнда басқа дін өкілдерін кіргізбейді. Ислам дінін ұстанушылар Алланы мадақтап, парыздарын өтеу үшін Меккеге жиналады.
Қажылық – Алла алдында барлығының тең екендігін көрсететін рәсім. Дегенмен соңғы жылдары елімізде қажылықтың "VIP қажылық" түрі қолданысқа енді. VIP қажылықтың қарапайым қажылықтан айырмашылығы – уақытының қысқа болуында. Мәселен, қарапайым қажылық кезінде жол жүру уақыты 20 күн болса, VIP қажылықта жеті күнге ғана созылады.
VIP қажылыққа қандай қызмет түрлері кіреді?
Туристік агенттіктердің айтуынша, VIP қажылық бағасы 26 000 – 27 000 доллардан (шамамен 12 миллион теңге) басталады.
Агенттік өкілдерінің сөзінше, қарапайым қажылыққа баратындар біраз уақытын жағдайға, климатқа бейімделуге, сондай-ақ дін туралы білім алуға жұмсайды. Ал VIP қажылықпен баратындар – бұрын қажылық жасаған адамдар. Сондықтан оларға дайындықтан өтудің қажеті жоқ.
VIP қажылар үшін ең алдымен қызметтің сапасы мен ыңғайлылығы маңызды. Сол себепті оларға 10 орындықты ұшақ жалданатын көрінеді.
Сондай-ақ оларды әуежайдан арнайы көліктер алып кетеді. Сонымен қатар қарапайым бюджеттік қонақүйлер әл-Харам мешітінен үш шақырым қашықтықта орналасса, VIP қажылар тұратын қымбат қонақүйлер киелі орыннан 50 метрдей жерде ғана екен. Қажылық рәсімдерін орындайтын жерлерге қонақүй жақын болған сайын оның бағасы 20-30 есеге қымбат болады. Ал алыстаған сайын, бағасы да арзан.
VIP қажылар Қағба мен қалаға қарайтын 120 шаршы метрлік президенттік люкстерде тұрады. Мәселен, қажылық сапарға жөнелтетін қазақстандық турагенттіктермен бірлесіп жұмыс істейтін қонақүйлердің бірі – Dar Al Taqwa Hotel.
Бұл жерде бизнес люкстердің құны 167 мың теңгеден басталса, ал корольдік люкстердің бір түні 597 мың теңгеге дейін жетеді.
Тағы бір қонақүй – Makkah Clock Royal Tower, A Fairmont Hotel. Бұл жерде бір қонақүй номері 210 мыңнан басталса, Қағбаға көрініп тұратын корольдік люкстердің бір түні 1,3 миллион теңгеден асады. Одан бөлек, қонақүйлерде санаторийлер, қоғамдық моншалар мен спорт залдары бар.
VIP қажылыққа барушыларда ыңғайлы рейс пен жақсы қонаүйден басқа да көптеген мүмкіндік қарастырылған.
Мысалы, қажылық кезінде Меккенің маңындағы Мина алқабына барғанда қажылар шатырларда тұрады. Мәселен, бюджеттік шатырларда тұрушылардың дәретханасы көшеде орналасады, тамақ берілмейді. Ал VIP қажыларда керісінше жағдай жасалған. Шатырларда диван, дәретхана және үш уақыт тамақ, оның ішіне швед үстелі де кіреді.
Сонымен қатар Арафат тауына келуде де айырмашылықтар бар. Оған жеткенше қалталылар арнайы желдеткіш орнатылған тасығыштарда отырады. Тамақтану да қарастырылған. Бұдан өзге көптеген турагенттіктер VIP-қажыларға гидтің қызметін ұсынады.
Шариғатта VIP қажылыққа рұқсат етілген бе?
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлиевтің айтуынша, жыл басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған арнайы қажылық комиссиясы қажылықпен айналысатын туристік фирмалар арасында арнайы конкурс жариялаған.
“Сол конкурстың талаптарында бірнеше критерийлер бар. Ол талаптарды Сауд Арабиялық корольдігі ұсынады. Оның ішіндегі басты талап – қажыларға қолайлы жағдай жасау, қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы талаптарға сәйкес 18 турфирма комиссияның шешімімен қаржыларға қызмет көрсетуге лайықты деп табылды. Яғни оларға қажылықпен айналысуға рұқсат берілді. Енді біз қазір нарық заманында өмір сүріп отырмыз ғой. Діни басқарма қажылықтың бағасына араласпайды. Ол біздің құзіретіміздегі мәселе емес. Әр компания қызмет түрін өздері ұсынады. Мәселен, жоғары баға болса, қызметтің түрлері де соған сәйкес болады. Қонақүй, әуе тасымалы, тамақ мәселесі, осының бәрі қызмет түрлеріне кіреді”, – дейді Бауыржан Әбдуәлиев.
ҚМДБ өкілі қажылыққа баратындардың өздеріне ыңғайлы пакет таңдауға құқылы екенін айтады.
“Біреулерге эконом пакет ұнайды, олар өздерінің қаражатына сай таңдайды. Жағдайы бар кісілер одан да жоғары пакетті таңдайды. Сәйкесінше тамағы, қонақүйі, қызмет түрінің сапасы жоғары болады. Таңдау әркімнің өз еркінде, біз қажыларға мына пакетті таңда, болмаса бағасы жоғары пакетті таңда деп нұсқама бере алмаймыз. Әркім өз таңдауына байланысты қажылық түрін таңдайды. Бұл жердегі діни басқарманың негізгі мақсаты – қажылардың дұрыс құлшылық жасауына ықпал ету, шариғат талабына сай қажылықтың дұрыс орындалуын қадағалау”, – дейді ол.
Қажылықтың шарттары қандай?
Сонымен қатар Бауыржан Әбдуәлиев қажылық жасау парыз болуы үшін төмендегі шарттардың табылуы тиіс екенін айтты.
  • Ақыл-есі дұрыс болуы;
  • Балиғат жасына жеткен болу (қыз бала 9 жас, ер бала 12 жас)
  • Мұсылман болуы;
  • Бас бостандығы болуы;
  • Керекті қажеттіліктерінен басқа қажылыққа барып-келгенше өзінің қарамағындағы отбасы мүшелерінің күнкөрісіне жетерлік қаражатының болуы;
  • Қажылыққа жеткізетін өз жағдайына сай көлік және жол шығындарын өтейтіндей ақшасы болуы;
Аталған жоғарыдағы шарттардан басқа қажылық міндетін орындау үшін мына шарттардың да болуы керек. Бұлар қажылықты атқарудың шарттары деп аталады:
  • Тән жағынан сау болу: (зағип, әлсіз, қажылық сапарына төзе алмайтындай ауру немесе қарт болмау).
  • Қажылыққа баруына кедергі жоқтығы (мысалы, түрмеде болу сияқты).
  • Жол қауіпсіздігі.
  • Күйеуі өлген немесе ажырасып кеткен әйелдердің ғиддат күндері мерзімінің толуы ( Күйеуінен ажырасқан жас әйелдің ғиддасы – үш хайыз мерзімнің өтуі. Күйеуі қайтыс болған әйелдің ғиддат мерзімі төрт ай он күн)
Ислам дінінде қажылықты басқа адамның атынан өтеуге рұқсат етілген бе?
Бауыржан Әбдуәлиевтің айтуынша, жалпы шариғатымызда адам шамасы жетіп тұрса, қажылықты өзі өтеуі керек. Алайда қажылық өтеуге денсаулығы жарамаса, орнына бір адамды уәкіл етіп, қажылық құлшылығын жасатуға рұқсат.
“Жуһәйна тайпасынан бір әйел Пайғамбарымызға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келіп: "Менің анам қажылық жасауға нәзір еткен (уәде берген) еді. Бірақ қажылығын жасай алмай дүниеден өтті. Оның орнына қажылық жасайын ба?" деп сұрайды. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): "Иә, оның орнына қажылық жаса! Егер анаңның қарызы болса, өтер ме едің? (Қажылық та Алланың ақысы) оны өтеңдер. Алланың ақысын өтеу лайықтырақ" деді" (Мүслім)”, – дейді ол.
Біреудің атынан қажылық жасау дұрыс болу үшін мынадай шарттардың болуы тиіс:
  • Ол адам өлгенге дейін қажылықты өзі өтеуге шамасы келмеуі. Мысалы, көзі соқыр, сал ауруы сияқты аурулармен ауырса және қарт адам болса.
  • Қажылықты кімнің атынан жасап жатқан болса, сол кісінің бұйрығымен, рұқсатымен жасау керек. Ниет қылғанда да пәленшенің атынан, егер атын ұмытып қалған жағдайда бұйырушының атынан деп айтады. Егер оның рұқсатынсыз болса парыз қажылығының орнына жүрмейді.
  • Қажылық шығынының барлығын не көпшілігін қажылық атынан жасалатын адам беруі керек.
  • Қажылыққа парыз болған адамның тұрған жерінен сапарға шығуы керек.
  • Егер қажылықты өтеу бір адамға жүктелсе, ол оны екінші адамға тапсыруына болмайды.
  • Қажылықты басқа адамның атынан орындаушы тапсырушы адамның бұйрығына сай орындайды. Мысалы, қиран, ифрад, таматтуғ қажылығын, қайсысын бұйырса, соны орындауы керек.
  • Екі адамның атынан бірдей қажылықты орындай алмайды.
Айта кетсек, қажылардың алғашқы легі 15 маусымда қасиетті сапарға аттанады.
19 маусым 2023 ж. 124 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930