Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Салықтан құтылмайсыз. Таксистер салық төлеуге міндетті ме?

Салықтан құтылмайсыз. Таксистер салық төлеуге міндетті ме?

Қазақстанда 1 шілдеден бастап такси жүргізушілер мен курьерлер салық төлей бастайды. Айлығы шайлығына жетпей жүрген «тәуелсіз қызметкерге» салық төлеуге ешкім міндеттемейді, ол ерікті түрде жүргізіледі, деп хабарлайды baq.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп интернет-платформаны пайдалана отырып қызмет көрсететін тұлғаларды салықтық әкімшілендірудің өзгеше тәртібін қолдану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруға кірісіп кетті.
Yandex интернет-платформасында тіркелген такси жүргізушілері пилоттық жобаға ерікті түрде қатыса алады.
Ол үшін Азаматтарға «e-salyq Business» мобильдік қосымшасын пайдаланып, арнайы салық режимін қолдана отырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет.
Пилоттық жоба шеңберінде жеке табыс салығын, әлеуметтік аударымдарды, міндетті зейнетақы жарналарын және такси жүргізушілерінің табысынан медициналық сақтандыру жарналарын төлеу жөніндегі міндеттемелер интернет-платформа операторына («Яндекс.Такси») жүктеледі.
«Такси жүргізушілерін ешкім міндеттемейді»
Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева пилоттық жобаның мәнін түсіндіріп берді.
Қазір 2 пилоттық жоба дайындалған, олар:
1) платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жоба, ол қазірдің өзінде іске асырылып жатыр;
2) және электронды сауда бойынша жоба, 1 шілдеден бастап жоспарланып отыр.
Елімізде такси қызметін көрсету кезінде такси жүргізушісі міндетті түрде кәсіпкер болуы керек немесе такси паркі штатында жалдамалы қызметкер ретінде тіркеліп жұмыс істеуі қажет. Яғни бұл қазіргі уақыттың өзінде міндетті. Алайда көп азамат «осы пилоттық жоба аясында жаңадан салық түрін енгізіп, күштеп төлеткізіп жатыр» деген пікір қалыптасты. Шын мәнінде бұл – қате пікір. Себебі осыған дейін де, бүгін де такси жүргізушілері кәсіпкер ретінде тіркелуі немесе такси паркі штатында жұмыс істеуі керек болатын, - деп түсіндірді Сартаева.
МКК өкілі атап өткендей, платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жоба қазіргі уақыттың өзінде жүзеге асырылып жатыр. Салық органдарының, Еңбек және Цифрлық даму министрліктерінің ақпараттық жүйелерімен, Yandex интернет платформасымен интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олармен бүгінгі күні келісімге қол қойылды.
Әрине егер төлем сомаларын салықтырсақ, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу тиімдірек болады. Себебі жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда ол жеңілдетілген салық режимдерін таңдап, өте төмен пайыздық мөлшерлемемен салық төлей алады. Бүгінгі күні такси жүргізушісінің көпшілігі кәсіпкерлігін заңдастырмай, жұмыс істеп отырғанын көріп отырмыз. Осы қызмет түрі бойынша елімізде барлығы 16 811 жеке кәсіпкер тіркелген. Ал басқалар жеке кәсіпкерлігін де тіркемеген, тіпті такси паркінің штатында да жоқ. Тиісінше олар әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Бұл азаматтар кәсіпкерлікті тіркеп, салық есептеу және есептілікті тапсырудан қорқатын сияқты, - деді ол.
Айнұр Сартаеваның айтуына қарағанда, пилоттық жобаға қатысқан такси жүргізушілері жеке кәсіпкерлікті қарапайым және түсінікті интерфейсті тіркеп, интернет платормасымен тікелей серіктестікте болады. Бұл жағдайда кәсіпкер салық есептеу мен оны төлеуден, сондай-ақ есеп тапсырудан босатылады. Мұның бәрін ол үшін интернет платформа жасайды. Осылайша, артық әкімшілік кедергілерсіз азамат салық міндеттемелерін орындайды. Сөйтіп олар әлеуметтік кепілдіктер мен медициналық көмекке қол жеткізеді.
Жалпы бұл пилоттық жоба ерікті түрде жүзеге асырылады. Яғни азаматтарды ешкім мәжбүрлемейді, - деді МКК ресми өкілі.
Жаңа Салық Кодексі шеңберінде тек интернет платформаларда жұмыс істеген кезде жеке кәсіпкерлікті тіркеуді алып тастау мәселесі қаралады. Бұл жағдайда азамат жай ғана «тәуелсіз қызметкер» болады. Ол үшін барлық міндеттемені платформа орындайды деп жоспарланып отыр.
«Кез келген табыстан салық төленуі керек»
Таксистерге салық салу арқылы Қазақстанды «көлеңкелі» экономикадан құтқара аламыз ба? Немесе жағдайды одан сайын қиындатып жібермейміз бе? Қазір бәрі қымбат, азаматтар айлығын шайлығына әзер жеткізіп жүр, - деген сұраққа пікірін біліп көрдік.
Экономист Мақсат Халық такси жүргізушілерінің табысына ауыртпашылық салмау керек деп есептейді.
Кез келген табыстан салық төленуі керек. Бұл - өте маңызды дүние. Бірақ әрине әртүрлі жағдайларға байланысты салықтан босатуға болады. «Кімнің табысы 100 мың теңгеден кем болса, сол азаматтарға салық салмай-ақ қояйық» деген ұсынысымды айтып жүрмін. Я болмаса 1% көлемінде ғана салық салынсын. Мысалы, егер 10% емес, 1% салық салынса, ол азаматқа аса ауыртпашылық салмайды. Тура сол сияқты әр адамның тауып жатқан табысына қарай салықтың түрі қойылуы керек. Егер осы жүйені енгізетін болса, онда әділетті жүйе орнайды деп ойлаймын. Көп табыс табатындар, көп салық төлейді. Ал біз жалпыға бірдей 10%-ды қойып қойдық. Яғни табысы көп азаматтарға да, табысы аздарға да 10% салық салынады, - деп салық жүйесіне қатысты ойын айтты.
Экономистің ойынша, такси мен курьер де салық төлегені дұрыс.
Ал енді такси жүргізушілері де, курьерлер де салық төлеуі керек. Менің ойымша, әрине, олардың қолына алып отырған айлығынан салық төлету қиынға соғады. Өйткені психологиялық түрде қолыңызға түскен табыстан өзіңіз салық төлеп жүрсеңіз, тағы да бір қиындықтар болуы мүмкін. Сол себепті менің ойымша, такси операторы не болмаса курьер қызметін көрсететін компаниялар өздері табыс салығын төлеулері керек. Әрине, оның екінші салдары да бар. Олар салықты көбейткеннен кейін ол қызметтің түрін де қымбаттататыны сөзсіз. Курьер жалдап, такси қызметін пайдалансаңыз да, олардың қызметі артатын болады. Осы жағын да ескеруіміз керек. Себебі ол айналып келгенде, халықтың өзіне белгілі бір деңгейде ауыртпашылық, қиындық әкелуі мүмкін, - дейді Мақсат Халық.
Айтуынша, бірақ такси қызметкерлері онсыз да салық төлеп жүр. Бірақ сайып келгенде олар келісімшарт бойынша салық төлеп отырған жоқ, олар сол компанияға тапқан үлестерінен жарна беріп отыр. Мәселе осында. Сол себепті салықты, мысалы, такси жүргізушісі емес, компанияның өзі төлейтіндей болуы керек. Сонда азаматтардың табысына ауыртпашылық түспейді.
Пилоттық жобаға қатысатын таксистер мен курьерлер айлық табысының тек 1 пайызын салыққа төлейтінін еске сала кетейік. Ол ай сайын 200 мың, 300 мың не 500 мың теңге тапса да, оның тек 1 пайызын қазынаға құюға міндетті болады. Ол үшін осы қызмет түрін көрсететіндер жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі не болмаса осы қызметті көрсететіндердің штатында жұмыс істеуі қажет.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, қазір такси жүргізушілері мен жеткізушілерді ешкім салық төлеуге мәжбүрлемейді, бұл жұмыс ерікті түрде жүргізіледі. Себебі бұл бүгінгі күні пилоттық жоба ретінде іске қосылып отыр.
Такси жүргізушілері не дейді?
Такси жүргізушісі ретінде біршама уақыттан бері еңбек етіп, нәпақамды тауып келемін. Ерінбей, ерте тұрып, жұмысқа кіріссең, жақсы табыс табуға болады. Мысалы, бір күнде 20-30 мың теңгеге дейін. Бірақ табысты күреп тауып жатырмыз деп айта алмаймын. Себебі 1 жылда жүретін шақырымда такси жүргізушілері бір айда жүріп тастайды. Мұндай жағдайда көлікке де жағдай жасау керек. Қажетті майы, жөндеу жұмыстары, темір-терсектерін ауыстыру бар. Оның бәріне де қомақты ақша жұмсаймыз, - деді елордалық таксист Азамат.
Ол жүргізушілерге салынатын салық жүйесіне қарсы болып отырған жоқ.
Мен салық төлеуден қашпаймын. Бірақ оны қиындатпай, таксистерге емес, такси паркіне жүктесе дұрыс болар еді. Қазірдің өзінде мен 21 пайыз салық төлеп отырмын. Мысалы, Yandex-ке 17 пайыз, қазақстандық такси паркіне 4 пайыз, енді оған тағы салық төлеу қосылса, жағдай қиын болайын деп тұр, - дейді такси жүргізушісі.
Елордалық Азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелуді міндеттемеу керек деп санайды.
Айта кетсек, елімізде тек Яндекс таксидің өзінде 500 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Ал Glovo-да 200 мың адам.
Energyprom.kz-тің мәліметінше, Қазақстанда бір жылда такси қызметі 12%-ға қымбаттаған.
Мобильді аударымдар тексеріліп жатыр ма?
Осыған дейін елімізде мобильді аударымдар тексерілетінін хабарлаған болатынбыз. Қазіргі күні такси не курьер қызметін пайдаланғандар қызметтің ақысын мобильді аударым арқылы төлейді. Енді мобильді аударымдар бақылауға алынса, азаматтар ол үшін де есеп беретін болады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, азаматтардың мобильді аударымдары кезең-кезеңімен бақылауға алынады.
Қазір 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларына қатысты ақпарат екінші деңгейлі банктерден алынып жатыр.
2024 жылы биылдың қорытындысымен мұндай бақылау бюджеттік мекемелер мен ұлттық компаниялар қызметкерлеріне және олардың жұбайына қатысты жүргізіледі.
2025 жылы жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ олардың жұбайларына қатысты бақылау жүргізіледі. Бұл 2024 жылдың қорытындысымен жүргізіледі.
Еліміздің қалған азаматтарының мобильді аударымдары 2026 жылы бақыланады. Ол 2025 жылдың қорытындысымен жасалады.
Егер бір адамның шотына ай сайын 100-ден астам аударым жасалса және ол үш ай қатарынан қайталанса, онда ол азаматтан есеп сұралады.
Жеке тұлғалардың, мысалы, студентке ата-ананың көмегі, жақындарына қаржылық көмек, туған күн, бата түрінде жіберілген басқа да аударымдарға салық салынбайды.
15 маусым 2023 ж. 170 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930