Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарттар үйі қарашаңырақ па?

Қарттар үйі қарашаңырақ па?

«Ауылыңда қарт болса, жазылып қойған хатпен тең» деген қазақ жасы үлкенге құрмет көрсетіп, алдынан кесе өтпеген. Тіпті, бүтін бір жұрттың басшылары ел басына қиын-қыстау шақ туғанда, мәселенің шешімін қариялардың даналығына жүгіну арқылы тапқан. Дегенмен жыл өткен сайын құндылықтардың ауысуы жылдам жүруде. Бұрын кинодан ғана көретін жасы жеткен қарияның тастанды баладай қарттар үйін қарашаңырақ етіп, арнайы орталықтарды паналауы бүгінгі күні қазақстандықтар үшін де таңсық жайт емес. «Өзім көрмегенді балам көрсін» деп қанаттыға қақтырмай өсірген ұл-қызы курортқа емес, қарттар үйіне жол сілтегендердің жағдайы қалай?

Статистика сөйлесін
Қазақ тарихында болмаған жантүршігерлік жайға бой үйреніп барады. Өкінішке орай, осыған дейін мемлекет бойынша қарттарға арналған жүз шақты мекеме тіркелген. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Қазақстанда қарттар үйінде 12 754 зейнеткер тұрады. Оның ішінде бір де бір бала-шағасы, туысы жоқ қариялар саны − 5 965 адам. Ал белгілі тұрғылықты жері жоқ 2 186 қария қарттар үйінен орын алса, ақылы негізде тұратындар 638 адамды құрайды.
Мұнда мекендегендердің барлығы мүлде жалғызбасты жандар емес. Тіпті, кейбірінің аталған орынға көшірілуіне отбасындағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың нашарлығы да себеп емес екен. Яғни ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста жиі кездесетін, маңызды себеп екенін ескеру керек. Қызметкерлердің айтуынша, қарттар үйіне елге танымал тұлғалар мен бизнесмендердің де ата-аналары қоныс тепкен. Орналастыруға әкелген балалары әдетте: «Ол бізге көнбегендіктен, амалсыз әкелдік. Жиі келіп, жағдайын біліп тұрамыз» деген уәж айтып, ақталады. Бірақ көпке топырақ шашуға болмайды.
− Қазақ жақын туысы болмаса да, қарияларды жалғыз қалдырмаған. Тастанды баладай бастарту бір отбасыға емес, бүкіл руға сын болған. Қарт адам ағайынның ортасында өмір сүрген. Өйткені кәрілікті жалғыз қарсы алу – үлкен қасірет. Үйіндегі үлкеннің күтімін жасап, ризашылығын алған келінге ауыл адамдары құрметпен қараған. Қазақта “атаңа не істесең, алдыңа сол келеді” деген сөз бар.
Алайда қазір олардың арасында келіннің теперішіне шыдай алмай, қызының үйінен пана тапқандар баршылық. Күйеу баланың үйіне барып, бір-екі күн қонып қайтуға арланған қазақ едік. Енді қазір жайлы қоныс санап, күйеумен бірге тұратындар қатары көбейді. Келінмен сыйыспай, өз үйінде өгей атанып жүргендер де бар, − дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақ.
Жер бетіне келген пенденің бәрі отбасы мен дүниеге келіп, кері қайтар күнін таңдай алмайды. Ата-ана да баласын таңдамайды. Адамның қарттар үйіне қайырылуының себебі сан түрлі болғанымен, «ақ сүтін беріп емізген, жарық дүниеге себепкер болып келгізген» ата-ананың қадірі пайғамбарлықпен тең емес пе еді?!

Қариялар – қазына
Кемеңгер халқымызда қарттыққа қатысты аңыздар көп. Соның біріне тоқталып кетейік. Бір күні елді басқарып отырған хан күтіп-бағуға кететін қаржыны үнемдеу мақсатымен жасы 60-тан асқан қарияларды өлтіруге жарлық шығарады. Сонда өзін ажалға қимаған баласын көрген бір ақсақал: «Дәл жиырма жыл бұрын тап осы жерде мен де әкемді өлтіріп едім. Басыма келді», – деп күледі. Мұны естіген жігіт әкесін сандыққа салып, бәрінен жасырып бағады.
Бір күні елде соғыс өрті тұтанады. Жорыққа аттанар кезде сандықтағы әкесін бірге алып жүруіне тура келеді. Жолда шаршаған жауынгерлер бір дарияның жағасына келіп тоқтайды. Сонда мөлдір су астында жатқан гаухар тасқа ханның көзі түседі. Оны алып шығу үшін терең дарияның түбіне сүңгіген сарбаздардың бірде бірі кері қайтпайды. Шулаған жұртқа назары ауған сандықтағы әкесі ұлынан сыртта не болып жатқанын сұрайды. Баласы болған жайды баяндап, өзінің кезегі жақындағанын айтады.
– Дарияның жағасында ағаш бар ма, – дейді әкесі.
– Ия, бар.
Сонда шал баласына: “Гауһар тасты дарияның түбінен емес, ағаштың басындағы құстың ұясынан табасың”, – дейді. Баласы дәл солай жасап, асыл ­тасты ханға әкеп береді. Хан жігіттен тастың орнын қайдан білгенін, неге ерте айтпағанын сұрайды. Жігіт амалсыздан сандыққа тығып бағып жүрген, жасы алпыстан асқан әкесінің кеңесімен тапқанын айтады. Хан оның әкесіне риза болып, сол сәттен бастап қарияларды өлтіру туралы жарлықтың күші жойылғанын жариялайды. Міне, содан бері халық арасында “алпысқа келгеннен ақыл сұра” деген нақыл сөз қалған.

Шешім керек
Адам өмірін болжау мүмкін емес. Қазақтың «Жастығымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» тілегі осыдан туындаса керек. 2017 жылы тыл ардагері Тамара Подскребаева:
– «Сенен әбден мезі болдым», – деп қызым менен сырт айналды. Бойымда қуат бар жастық шағымызда соғысты өткердік, қазір ештеңеге шамам келмейді. Қызым жұмысқа кетеді, мен жалғыз үйде қаламын. Ас-суымды қамдайтын да ешкім жоқ. Сол себепті қарттар үйіне орналасқым келеді, – деген арызбен Қызылорда қаласындағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығын паналап келген. Мұндай жағдайлар жүректі ауыртқанымен, айналамызда көптеп орын алып жатыр. Ұрпақтың безбүйректігіне ата-ананың шектен тыс еркелетуі немесе барын баласына беруі себеп болып жатқан жоқ па деген ой туындайды. «Ешкімнің қолына қаратпа» деп күбірлеген кейуананың үні келеді құлаққа.
Әлемге танымал Bloomberg агенттігі зейнет жасында, қартайғанда өмір сүруге қолайлы елдердің тізімін жариялаған. Онда Исландия, Швейцария және Норвегия көш бастап тұр. Жер бетінде Гонконгтың тұрғындары ең ұзақ өмір сүреді екен. Айта кетейік, Қазақстан бұл тізімде 110-орында.
Бір-ақ рет берілетін өмірде маңдай-тақтаға жазылар ардақты ата-ананың жанынан табылмай, арнаулы орындарға апарып тастайтындарды ақтай алмаспыз. Бірақ мәселенің шешімі қандай болмақ? Қарттар үйін жауып тастағанмен, «тастандылар» азая ма? Ең қорқыныштысы да осы.

Дина БӨКЕБАЙ

07 тамыз 2021 ж. 1 580 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031