Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәлем салу салты ғой бұрынғының

Сәлем салу салты ғой бұрынғының

Бүгінде көптің аузында салт-дәстүріміз жаңаша сипат алып, бұрынғы қалпынан алыстап бара жатыр деген пікірлер жиі айтылып жүр. Бұған өзімізде жиі куә болып жүрміз. Десек те күні бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ұлттық дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз да жоқ емес. Кейбірі замана ағымына сай өзгеріске ұшыраса да, түпкі идеясын түбегейлі жоғалтты деп айтуға негіз жоқ. Сондай салт-дәстүрлеріміздің бірі саналатын сәлем салу дәстүрі бүгінде өз мәнін жоғалтпай, пайым-түсінігімізбен астасып, жалғасын тауып келе жатыр.
Халқымыз қашан да сыйластықты бірінші орынға қойған. Ал сәлем салу соның нақ дәлелі. Қазақылықтың қаймағы саналатын Қызылорда өңірінде бұл дәстүр әлі де жақсы сақталған. Көп ішінде мұны ескіліктің сарқыншағы деп жатады, бірақ бұл үрдіс Сыр бойын мекен еткен халық үшін үлкенді құрметтеудің әдебі саналады.
Еліміздің өзге өңірлерінде сәлем салу дәстүрінің екі түрі қалыптасқан. Біріншісі – келіннің қайынжұртына, яғни күйеуінің туысқандарына, ал екіншісі – қазақ үшін басты тағам саналатын астың табағына сәлем салуы. Келіндер дастарқан басында отырған үлкендерден табақты алып, иіліп сәлем салу арқылы тек үлкенге емес, дастарқанға да құрмет көрсетеді. Тиісінше соған сай үлкендердің «Бақытты бол, айналайын!», «Абыройлы бол!», «Көп жаса!» деген сынды батасын алады. Сәлем салу арқылы келіндер кеміп қалмайды, керісінше сыйластық ортаны қалыптастырады. Белгілі этнограф Досымбек Қатран да осы пікірді алға тартады.
– Келіннің сәлем салуы – сыйластық ортаны қалыптастыратын, өзгелердің субординация сияқты дүниелерді қатаң сақтауына, өзін дұрыс ұстауына жетелейтін керемет бір этикалық мәні бар ереже, тәртіп ретінде орныққан дүние,– дейді ол. Этнографтың көзімен қарайтын болсақ, сәлем салу тек иілу емес, астарында терең тәрбие жатыр. Бұл отбасындағы сыйластыққа жол ашып, оның одан әрі нығаюын арттыра түсетін үрдіс деуге болады.
Қазақ танымында келіннің сәлем салмауға рұқсат етілген жағдаяттар да орын алған. Күйеуі қайтыс болған жесір әйел жолдасының жылын бергенше, жыл бойы сәлем салмайды. Себебі, ол бір жыл бойы аза тұтатын болған. Ал жүкті әйелдерге аяғы ауырлығына қарамастан сәлем салу міндеттелген. Бұл келіннің ширақ қозғалып, жеңіл босануына септігін тигізеді деп пайымдаған.
– Бүгінде сәлем салу салты еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінде қазақы қалпын жоғалтпай жақсы сақталған десек те, тек сол өңірлер ғана ұстанады деп шорт кесіп айтуға болмас. Себебі «Салтым – санам, дәстүрім – дәулетім» дейтін әрбір отбасының ошақ басында бұл үрдістің күнделікті орындалып жатуы ғажап емес. Тіпті бұл еліміздің шет не орыстанған аймақтарында көрініс тауып жатқан болуы әбден мүмкін. Себебі қазіргідей көзі ашық қоғамда өмір сүріп жатқан адамдар ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымыздың тамыр жайып, жаңғыруына өз үлесін қосуда. Оған әлеуметтік желілерде таралып жатқан вирусты бейнежазбалар себеп. Көпшілігі қазақы трендтерді қайталау арқылы сәлем салу сынды және өзге де салттарымызды бір-біріне үлгі етуде.
Десек те келіннің иіліп сәлем салуы қашанда көптің талқысындағы тақырып екендігін айта кеткен де жөн болар. Бірі дұрыс десе, ал енді бірі бұрыс деп жатады. Тіпті діни тұрғыда да пікір білдіріп, мұны Аллаға серік қосу дейтіндер де бар. Қанша адам болса, сонша пікір болуы заңдылық. Бірақ келіннің сәлем салуы шариғатқа қайшы деген орынсыз, – дейді дін өкілдері.
Олардың айтуынша, сәлем салу ширк болып саналмайды. Иіліп сәлем беру тұрғысында дініміздегі хадистерде адамның құрмет ниетімен иіле сәлем беруі Аллаға серік қосу немесе харамға жатпайды делінеді. Сондай-ақ үлкенге құрмет көрсетіп сәлем беруді табыну деп түсіну қателік екендігін айтады. Сондықтан сонау уақыттан бері жарасым тауып, жалғасып келе жатқан салтты шариғатқа қайшы деп жалған ұрандату жөнсіз.
Кент тұрғыны Қымбат Нағашыбайқызы қазақы дәстүрімізді қатаң ұстанбаса да, сәлем салуды міндеті санайтынын айтады.
– Мен келін боп түскелі 11 жыл болды. Сол сәттен бастап әлі күнге дейін ата-енеме, жалпы қайын-жұртқа сәлем саламын. Бастапқы да қайын сіңілдерім мен інілеріме де иіліп сәлем салатынмын. Басында қызық көрінді ме, әйтеуір «Бақытты бол, дегеніңе жет» дейтін. Кейін ыңғайсызданатындарын айтып, сәлем салмауымды өтінді. Ал үлкендерден сәлемімді жазған емеспін. Келіндік өмірге бой үйретіп, біршама уақыт өткен соң, енем күнде сәлем салу қажет емес деді. Бірақ енем солай айтса да, әлі күнге дейін қалыптасқан әдетімнен жаңылған емеспін. Мен үшін ол ауыр дүние де емес. Есесіне әр сәлем салған сайын олардың ақ батасын алып, ыстық ықыласына бөленіп жатырмын. Абысындарым да сәлем салмасаң болады ғой деп жатады. Бірақ мен оларға үлкендердің батасынан неліктен құр қалуым керек деп жауап беремін. Солардың аппақ тілегімен өсіп-өніп жатыр емеспіз бе?! – дейді ол.
Сәлем салу салты ғой бұрынғының деп жатады. Десек те бұрынғының парқын білген адам ғана бүгінгінің нарқын білетінін де қаперге алған жөн. Өйткені сан ғасырдан бері жасасып келе жатқан салтымыздың жасамыс күйге еніп, жаңғыруына тікелей біз жауаптымыз.
Дайындаған
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
28 наурыз 2023 ж. 826 0

Байқауда бағы жанғандар

11 желтоқсан 2024 ж. 269

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 157

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031