Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Келін күң емес

Келін күң емес

Халқымызда «Жақсы келін – келін, жаман келін – келсап» деген тәмсіл бар. Бірақ сол келінді келсап қылатын кім? Осыны ойландық па? Шаңырақтың берекесін келтіретін ене мен келін арасындағы қарым-қатынас қағидасына кедергі не? Қоғамда мұндай келеңсіз көріністер неге жиілеп кетті?
Расымен бүгінде «Келін – келген адам» деген сыңаржақ пікірді жиі естіп жүрміз. Бірақ оған күн бермей, күңше қарау біздің қоғамға жат болса керек-ті. Неге десеңіз, қазақ танымындағы келінге деген көзқарас бүгінгімен салыстырғанда әлдеқайда басқаша болды. Жаңа түскен келінге келген адам деп қарамай, оның жаңа ортаға сіңісіп, келіп түскен шаңырақтың түтінінің түзу шығуына, сол отбасының құндылықтарын санаға сіңіруіне мейлінше жағдай жасаған. Сондай-ақ, келіндік міндетін мүлтіксіз атқаруына ақжаулықты аналар мен есті енелер өзінің білген-түйгенін үйретіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтатын болған. Ал қазір ше? Бүгін тәрбиеге негізделген осы бір ғажап дүниеден алыстап бара жатқандаймыз. Жадымызда жатталып қалған ене мен келіннің кешегі келбеті жоғалып, бүгінгілер білгенінен жаңылып жатыр. Тіпті бұл қазір жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Расымен қазір ене мен келін қарым-қатынасы көпшілік қауымның түрлі пікірін тудыруда. Осы орайда Тiktok әлеуметтік желісі арқылы кеңінен танымал Нұрлан имам желіден келіп түскен бір оқырманның «Келінді қайта тәрбиелеуге бола ма? деген сауалына былай жауап берген еді.
– Келін тәрбиеленбейді. Оны тек үйретуге болады. Адам өз отбасында тәрбиеленеді. Бойжеткен соң үйренеді, тәжірибе жинақтайды, соны әдетіне айналдырады. Келіндеріне көңілі толмайтын енелер кезінде өздерінің келін болғанын ұмытып кетіп жатыр. Мұндай мәселеде біржақты пікірді ұстану әсте оңай емес, десе де ене мен келін арасындағы кикілжіңнің тууы және оған тек келін ғана кінәлі болу керек деген шарт жоқ, қателік қос тараптан болуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге байыппен қарау керек. Көбіне енелер келіндеріне «мендей бол» деп талап қойып, қателік жіберіп жатыр. Әркімнің өз орны бар екендігін ұмытпағанымыз абзал. Келін енедей болмайды. Сондықтан өзге үйде тәрбиеленген адамға өзіне таңсық дүниені қабылдап жатпай, ананы-мынаны жаса деп міндеттеу дұрыс емес, – дейді Нұрлан имам.
Жалпы келінді күң ету дұрыс емес десек те, бұл қазір қалыпты өмір жағдайына айналып отыр. Тіпті көпшілігі бұл бізге дейін де болған дегенді желеу етіп, сол өмір салтынан алыстағысы келмейтіндігін ашық көрсетіп келеді. Шындығында дәстүрлі қазақ қоғамында келінге деген көзқарас басқаша қалыптасқан. Бұл турасында қазақстандық тарихшы Салтанат Асанова өзінің зерттеулерінде келінге жұмыс күші ретінде қарау XX ғасырда басталғандығын айтады.
– Келінге тегін жұмыс күші ретінде қарау бар жөн-жоралғысымен құда түсіп алған қыздарға қатысты қолданылмаған. Менің әжем мен үлкен кісілер тұңғыштарын бақпағанын, оны абысыны өсіргенін айтады. Яғни, олар босанғаннан кейін жұмысқа жегілмей керісінше бөлек отауда кесте тігіп, қонаққа барып уақыт өткізген. Әрине бала көбейген сайын үй жұмысы да арта түскен. Ғалымдар әйелге деген қатынастың өзгеруін кейінгі жаугершілік заманмен, қазақ-жоңғар соғысымен байланыстырады. Сол заманда қолға түскен қалмақ әйелдеріне күң ретінде қараған. Оларға қатысты аяусыз арзан жұмыс күші ретіндегі көзқарастың қалдықтары кейіннен кеңес дәуірінде де сақталып қалды, – дейді ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері. Демек келінге күң сияқты қарау сол замандағы кейбір жағдайлардың әсерінен туындады деуге саяды. Осыдан кейін қазіргі уақыттағы сақталған салт-дәстүрлердің кейбірі қателік екендігіне тағы көз жетіп отыр.
Салт-дәстүрлерімізді кеңінен дәріптеп жүрген Зейнеп Ахметова келін мен ене арасындағы қарым-қатынаста көбіне енелердің өздері қателік жіберіп жатқандығын алға тартты.
– Келін – жат жұртқа келген кешегі қыз бала. Кешегі бұла өскен қыз баланың бір күнде келін атанып, жат жұртқа үйренісіп, бейімделіп кетуі өте қиын. Міне, осы кезде жас келінге қадалатын көз де көп, айтылатын сын сөз де көп. Түк көрмегендей, жас келіннің киген киімі мен жүрген жүрісін сөз қылып, ұнамды қылығы болса, сүліктей қадалатын көзімізді сүземіз. Біздің ең үлкен қателігіміз – осы. Келіннің жолын ауырлататын – өзіміз. Келінге ененің қолдауы қажет. Жолдасы жұмыстан шаршап келіп, жарына көңіл аудара қоймауы мүмкін. Осындай сәтте, ене келінге қолдаушы болуы шарт. Ене болу кез келген әйелдің қолынан келеді. Ақырып- бақырғанның бәрі – ене. Ал келінге Ана бола білу керек. Көп енелер қалай істейді? Олар келін келді, болды деген пиғылда. Екі қолын қусырып, ана шаруаның барлығын келін істеу керек дейді де, бір-ақ күнде патшайымға айналады. Ол дұрыс емес. Бөтен үйдің шаруасын жаңа түскен келін қалай меңгеріп кетеді? Жас келін үшін бұл үйдің салты да, дәстүрі де жат. Сен әуелі үйрет, жаңа ортаға бейімде, жаңа жұрт, жаңа дәстүрді түсіндір. Өзгенің баласын өз балаң етіп ал әуелі. Содан кейін ғана келіннің қызығынан дәмету керек,– дейді ол.
Бұл мақаламен енелерді ғана кінәлаудан аулақпыз. Дегенмен келіннің қандай болмағы енеге тікелей байланысты деуге болады. Парасат пайымымен, тектілігімен жат жұртқа келген келінге қолдау көрсетіп, көңіліне қаяу түсірмей тәрбиелеуге тырысса, келін келсап болмасы анық. Ене мен келін қарым-қатынасы күйреп, ертең өз қызыңыз күң болмасын десеңіз, әркім өз орнын біліп, ене келінге үлгі болғаны абзал.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
11 ақпан 2023 ж. 891 0

Ұйымшыл ұжымның ұтары көп

14 желтоқсан 2024 ж. 46

Кент көркін келтіргендер

14 желтоқсан 2024 ж. 41

Бар жақсылық – балаға

14 желтоқсан 2024 ж. 42

Шәкірттер шамшырағын жаққан

14 желтоқсан 2024 ж. 41

Сұранысқа ие орталық

14 желтоқсан 2024 ж. 37

Жасындай жарқыраған Гүлсая

14 желтоқсан 2024 ж. 38

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031