Спорт шәкірттерді шыңдайды
Спорт мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты екені белгілі. Әсіресе, өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, бұқаралық спорттың ауқымын кеңейтуге мемлекет басшысы жете назар аударып отыр. Осы бағытта мерекелік күндері және жыл сайын дәстүрлі түрде спорттың бірнеше түрінен ұдайы сайыстар ұйымдастырылып келеді. Бірер күн бұрын Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің бастамасымен аудандық спартакиада басталды.
10-13 мамыр аралығында мектеп оқушыларының арасында өткен ХХІV аудандық спартакиада Қазалы ауданының 95 жылдығына арналды. Спартакиада бағдарламасына сәйкес спорттың 12 түрінен, яғни кіші футбол, волейбол, баскетбол, қол добы тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі, дойбы, қол күрес, президенттік көпсайыс, гір тасын көтеру мен арқан тартудан мықтылар анықталды.
– Жыл сайын аудандық білім бөлімі басшысының қолдауымен жүзеге асатын ауқымды сайыс биыл ауданымыздың 95 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінгі доданың мақсаты шәкірттерімізді теріс қылыққа бармауға, дені сау ұрпақ ретінде қалыптасутыруға үндеу екенін білесіздер. Бұған бірлесе дайындалған балалар бір-бірімен жақынырақ достасып, жұдырық болып жұмылуды үйренері бесенеден белгілі. Бұдан бөлек, кіл мықтылар арасынан үздік спортшылар анықталып, аудан абыройын байрақты бәсекелерде қорғайтын болады. Алуан түрлі жүйрік бар, әліне қарай шабады. Бүгінгі сайыс шын жүйрікті анықтап берді деп ойлаймын, – деді аудандық білім бөлімінің маманы Кенжетай Шамшадинов.
Бұдан кейін тартысқа толы сайыс қорытындыланды. Бабы мен бағы қатар шапқан Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей командасы 84 ұпай жинап, спартакиада жеңімпазы атанды. Б.К.Мергенбаев атындағы №226 гимназия командасы мен №266 мектеп-лицей құрамасы екінші орынды бөліске салса, үздік үштікті №276 мектеп пен Қ.Күлетов атындағы №92 мектеп ұжымы қорытындылады.
Сондай-ақ, жеңіске жеткен командалар мен үздік ойын көрсеткен оқушылар аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің арнайы кубоктары және мақтау қағаздарымен марапатталды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ