Ел қорғайтын азаматтар осалдық танытпау керек
Құрметті жерлестерім, Қазалы ауданының тұрғындары. Бірінші кезекте Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қабақ Смағұл мен Тілеуберген Тобабергенұлын, соғыс ардагерлерінің жұбайлары мен отбасын, қиын-қыстау, қилы заманның куәгерлері мен Кеңес және Қазақстан армиясында қызмет еткен жандардарды мерекемен құттықтаймын.
Биыл егемен еліміздің армиясына 31, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдық мерейтойы. Лайым аспанымыз ашық болып, халқымыздың абыройы артсын. Ел болып жаңа Қазақстанға басқан қадамымыз құтты болғай.
Бүгінде соғыс ардагерлерінің қатары сиреп, тіпті кейбір аудандарда бірі де қалмады. Біздің батыр бабаларымыз қан майданда қару асынып, елді-жерді азат ету жолында аянбады. Келешек ұрпағым көрінгеннің қолына қарап қалмасын деп қасық қаны қалғанша оқ пен оттың арасында арпалысты. Біз осындай ержүрек, Отансүйгіш азаматтардың ұрпағы бола тұра майдаланып бара жатқандаймыз. Бұл мені қынжылтады.
Мен Кеңес әскерінде 19, Қазақстан әскерінде 21 жыл қызмет еттім. 40 жылдан астам уақыт әскери саланың ыстығына күйіп, суығына төзген жанмын. Бүгінде зейнеткермін. Менің қарамағымда Қазалы ауданының, жалпы Қызылорда облысының жігіттері еңбек етті.
Қазіргі таңда жастар әскерге баруды парыз санамайды. Олардың ата-аналары жалған анықтамамен әскерден алып қалып жатады. Оған себеп ретінде әскерде жүріп ажал құшқандарды алға тартады. Алайда, сол әскерге баратындар да, бір-біріне әлімжеттік көрсететіндер де қара көз қазақ балалары. Барлық кінәні Қарулы күштерге итере салмай, әрбір ата-ана отбасында бала тәрбиесіне мән беру керек. Біреуге қиянат қылмауды, тәртіпке бас июді, адам баласын сыйлап, құрметтей білуді бала кезден санасына сіңіру керек. Біздің бар байлығымыз – ұлан байтақ жеріміз. Жер халықтікі. Оны қорғайтын ер азаматтар осылай осалдық танытса, ертеңгі күніміз қалай болмақ?
Ұлы Отан соғыс жылдарында шешелеріміз жарларын қанша жыл бойы жанын шүберекке түйіп күтіп отырды. Көбісі келмей қалды. Мыңдаған адам елге оралмады. Біздің әкеміз үш ағайынды жігіт соғысқа қатар аттанған. Әбжан атамыз соғыста хабар-ошарсыз кеткен. Сапар мен Қанағат аман-есен елге оралды. Қара қағаз келіп, қайғы жамылған қазақ отбасы қаншама? Одан беріде Ауған соғысына баласын аттандырып, жолын тосып, тілеуін тілеген аналарымыз аз емес.
Бүгінде жан-жағымыз жанжал болғанымен, шүкір еліміз тыныш, аспанымыз ашық. Осындай заманда әскерге бармаған адамдарға не айтамыз? Жерлестерім, бұл жақсылыққа апартын жол емес. Еліне қорғаушы бола алмаған халық жерінен, өзге де ұлтқа тән құндылықтарынан айырылады. Жасөспірімдер әскерден ат-тондарыңды ала қашқанды қойыңдар.
Қазір интернет деген дүние жастарымыздың санасын улап болды. Одан жақсылықтан көрі, жамандықты тез үйреніп жатырмыз. Ананың сүті, ата-ананың тәрбиесі, мектептің бағыт-бағдары бәрі-бәрі бір арнаға тоғысып, Отансүйгіш ұрпақ тәрбиеде ортақ іске күш салу керек деген ойдамын. Мен сіздерге сенемін, жастар!
Әлімжан ЕРНИЯЗОВ,
Генерал-майор, Кеңес одағының, ҚР Жоғары Қарулы Күштерінің,
Ауған соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз»,
«Мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі орден иегері, Қазалы ауданының құрметті азаматы